26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Құдайдың қолы бар дейтіндерге

Ақида
Жарнама

Құран Кәрімде «йәд» (қол) деген сөз 103 рет қайталанған. Оның 15 шақтысы Алла Тағалаға қолданылған. Оның кейбірі жекеше, кейбірі (йәдән) екілік, ал енді кейбірі (әйди) көпше түрде келген.

Матуриди мектебінің ақида ғалымы имам Хасан ибн Əбу Бəкір əл-Мəқдиси əл-Ханафи (837 х.) аят-хадисте келген «йəд» сөзін ағза-мүшені білдіретін тура мағынада түсінуге болмайтыны жəне араб тілінен өзге тілге аударуға рұқсат жоқ екендігін ескертеді. Себебі «йəд» сөзі араб тілінен басқа тілдерде тек қана ағза-мүшені меңзейтін «қол» мағынасын білдіретіндігін баяндайды. Ал, араб тілінде «йəд» сөзі бірнеше мағынаға ие. Бұл сипат -  Алланың басқа сипаттары секілді еш ұқсасы мен кейіпі жоқ əзəли (əуелден) сипаттар қатарында. «Йəд» сипатына иман келтіріп, Алла мұрат еткен мағынада деп білеміз. (Кітап: Ғоятул мəром фи шархи бəхрил кəлəм 380 бет. Мəтуриди мектебінің мұрасы).

Алла Тағала:

إِنَّ الَّذِينَ يُبَايِعُونَكَ إِنَّمَا يُبَايِعُونَ اللَّهَ يَدُ اللَّهِ فَوْقَ أَيْدِيهِمْ ۚ فَمَن نَّكَثَ فَإِنَّمَا يَنكُثُ عَلَىٰ نَفْسِهِ ۖ وَمَنْ أَوْفَىٰ بِمَا عَاهَدَ عَلَيْهُ اللَّهَ فَسَيُؤْتِيهِ أَجْرًا عَظِيمًا

«(Ей  Мұхаммед! (с.ғ.с.) Негізінде саған серт бергендер, шын  мәнінде Аллаға серт береді. Алланың қолы олардың қолдарының үстінде. Сонда кім (сертті) бүзса, өз зиянына бұзады. Ал, кім Аллаға береген сертін орындаса, Ол оған ұлы сый береді», - деді[1].

Имам ибн Жарир ат-Табари былай түсіндіреді: «Алланың қолы олардың қолдарының үстінде» деген сөзінде екі түрлі тәуил бар;

Біріншісі: Серт беру кезінде Алланың қолы олардың қолдарының үстінде деуі – олардың  Пайғамбарға серт беру арқылы шын мәнінде Аллаға серт беріп жатқандықтары;

Екіншісі: Алланың Елшісіне (с.ғ.с.)  көмек көрсетуде Алланың күші олардың күштерінің үстінде. Себебі, олар Алланың Елшісіне (с.ғ.с.) жауға қарсы бірге күрес жүргізуге серт берген еді» [2].

Алла Тағала мына бір аятта:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا لَا تُقَدِّمُوا بَيْنَ يَدَيِ اللَّهِ وَرَسُولِهِ ۖ وَاتَّقُوا اللَّهَ ۚ إِنَّ اللَّهَ سَمِيعٌ عَلِيمٌ

«Әй мүміндер! Алладан әрі елшісінен ілгері кетпеңдер. Және Алладан қорқыңдар. Шүбәсіз Алла аса естуші, толық білуші», - деді[3].

Имам ат-Табари Муғауия, Әли, ибн Аббастың (р.а.) осы аятқа қатысты: «Құран мен сүннетке қайшы келетін сөзді айтпа!», - деп түсіндіргендерін және ибн Аббастың: «Әңгімелерімен сөзін бөлуден тыйылды» дегенін жеткізді[4]. Сондай-ақ, тәпсір кітабында Имам ат-Табари Хасанның осы аятқа байланысты: «Бір қауым Пайғамбар (с.ғ.с.) айт намазын оқымастан бұрын құрбандықтарын шалып қояды. Сосын Пайғамбар (с.ғ.с.) оларға құрбандықтарын қайтадан шалуды әмір етті», - дегенін келтірді.

Демек, Сахабалар мен тәпсірші ғалымдар аяттағы «бәйнә йәди Аллаһи уа расулиһи» аятын сөзбе-сөз мағынасында «Алланың және Оның Елшісінің  (с.ғ.с.) қолының арасында» деп түсінген жоқ. Аяттағы «иәди Аллаһи» сөзін ауыспалы, астарлы мағынады тәуил жасады.

Алла Тағала төмендегі аятында:

وَقَالَتِ الْيَهُودُ يَدُ اللَّهِ مَغْلُولَةٌ ۚ غُلَّتْ أَيْدِيهِمْ وَلُعِنُوا بِمَا قَالُوا ۘ بَلْ يَدَاهُ مَبْسُوطَتَانِ يُنفِقُ كَيْفَ يَشَاءُ

«Яһудилер: “Алланың қолы байланған (сараң)” деді. Бұл сөздері себепті олардың қолдары байланып, лағынеттелді. Керісінше, Алланың екі қолы да ашық (жомарт), қалағанынша (ризығын) береді», - деді[5].

Имам ат-Табари былай дейді: «Алла Тағала Исраил ұрпақтарынан яһудилердің: «Алланың қолы байланған» дегендері яғни «Алланың жақсылығы берілмей, оларға кеңшілік жасауда шектелуде». Бұл, Алла Тағаланың басқа аятта Пайғамбарына (с.ғ.с.) әдеп турасында айтқан:

وَلَا تَجْعَلْ يَدَكَ مَغْلُولَةً إِلَىٰ عُنُقِكَ وَلَا تَبْسُطْهَا كُلَّ الْبَسْطِ

«Қолыңды мойныңа бұғаулап алма (тым сараң болма). Әрі мүлдем ашып та тастама (ысырап жасап шашылма)»[6], - деген аяты сияқты. Алла Тағала қолды осылай сипаттаған, мағынасы – Оның кеңдігі мен жомарттығы. Себебі, адамдардың бір нәрсе беріп жомарттық танытуды көбіне қолдарымен жасайды. Сондықтан, қолды адамдар бірін-бірі жомарттықпен немесе сараңдықпен сипаттағанда қолданатын.

Алла Тағала да олармен өздерінің арасында түсінісіп, сөйлесетін, әңгімелерінде қолданатын тілдерімен «Яхудилер: “Алланың қолы байланған (сараң)” деді» деген сөздерін айтты. Олардың мұндағы айтқандары: «Алла бізге сараңдық танытып жатыр, жақсылығын аяуда. Жомарттық көрсетуге қауқарсыз, жақсылық жасауға дәрменсіз болып, қолы байланғандай бізге кеңдік көрсетпей жатыр», - дегенді білдіреді. Алла Тағала дұшпандарының бұл айтқандарынан  пәк. Алла Тағала олардың бұл сөздерінің жалған екенін әшкерелеп, оларға ашулы екенін хабарлап: «Олардың (өздерінің) қолдары байланды», - деді[7].

Ибн Кәсирдің де тәпсірінде «Алланың екі қолы да ашық (жомарт), қалағанынша (ризығын) береді», - деп жауап беруі ауыспалы мағынады Оның жомарттығы мен кеңшілігі сипатталып жатқанын баян етті.

Алла Тағала келесі бір аятта:

وَالسَّمَاءَ بَنَيْنَاهَا بِأَيْدٍ وَإِنَّا لَمُوسِعُونَ

«Біз аспанды қолмен жасадық әрі Біз кеңейтушіміз», - деді[8].

Имам ат-Табари бұл аятқа қатысты: «Алла Тағала: «аспанда шатыр іспеттес қылып күшімізбенен тұрғыздық», - деп жатыр деп Ибн Аббас, Мужаһид, Қатада, Мансур, ибн Зәйд және Суфияннан жеткен алты риуаятын келтірді. Олардың барлығында «күшімізбенен» деп айтылған[9].

Имам Байхақидың айтады: «Алла Тағала: «Аспанды қолмен жасадық»,-деді, яғни «күшіменен» дегені. Ибн Аббастың (р.а.) «қолдарыменен» дегенді «күшпенен» деп тәпсірлегені риуаят етілді. «Аспанды қолмен жасадық» аятына қатысты Мужаһид те «күшпенен» деп ашықтаған» [10].

Сол сияқты сахих хадисте келген тікелей мағынасы ағзаны білдіретін «асабиғъ» (саусақтар) сөзі турасында имам Муслим риуаят еткен хадисте:

إِنَّ قُلُوبَ بَنِي آدَمَ كُلَّهَا بَيْنَ إِصْبَعَيْنِ مِنْ أَصَابِعِ الرَّحْمَنِ، كَقَلْبٍ وَاحِدٍ، يُصَرِّفُهُ حَيْثُ يَشَاءُ

«Әлбетте, адам баласы жүректерінің күллісі бір жүректей Рахманның саусақтарының екі саусағының арасында тұр. Ол оны қалауына қарай басқарып бағыттайды», - делінген.

Имам ән-Науауй (р.а.) аталған хадисті түсіндіріп былай дейді:

«Бұл хадис сипат хадистердің қатарында. Аталған хадиске қатысты екі ұстаным бар:

Біріншісі: «Тәуил жасаудан және мағына беруден бас тартып, оның хақ екендігіне иман келтіру. Және оның сыртқы мағынасы мұрат етілмейді. Алла Тағала айтқандай:

لَيْسَ كَمِثْلِهِ شَيْءٌ

«Оған ұқсайтын ештеңе жоқ» [11].

Екіншісі: Аллаға жарасатын лайықты астарлы мағынаны анықтап тәуил жасау. Мысалы: «Пәленше менің уысымда, түгенше алақанымда» десе, бұл оның тура мағынада алақанында екендігін білдірмейді, бәлкім «менің күшімнің астында» (менің билігімнің астында) дегені. Немесе «пәленше менің саусағымда қалағанымша оны басқарамын» десе «ол менің басқаруымда өз қалауымша оны билеп-төстеймін» дегенді ұқтырады» [12].

Нұрлан Рамазанов

«Нұр Астана» мешітінің Бас имамы


[1] «Фатх» сүресі, 10-аят.

[2] Ат-Табари тәпсірі,  26/76.

[3] «Хужурат» сүресі, 1-аят.

[4] Ат-Табари тәпсірі, 26/116.

[5] «Маида» сүресі, 64-аят.

[6]« Әл-Исра» сүресі, 29-аят.

[7] Ат-Табари тәпсірі  6/299.

[8] «Зарият» сүресі, 47-аят.

[9] Ат-Табари тәпсірі, 7/27.

[10] «Әл-әсмә уас-сифат», 253.

[11] «Шура» сүресі, 11-аят.

[12] «Әл-Инсоф фимә усира хаулаһу әл-хиләф», 320.

Бөлісу: