25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

«Тәкфір» және «бидғат» ұғымдарының шынайы мәні

«Тәкфір» және «бидғат» ұғымдарының шынайы мәні

Ақида
Жарнама

«Тәкфір» және «бидғат» ұғымдарының шынайы мәні. Тәкфіршілік – діни экстремизмнің қауіпті түрі.

Араб тілінде «тәкфір» сөзі «біреуді дінсіздікпен, дінінен шығумен айыптау» мағынасындағы «кәфара» етістігінен шыққан. «Тәкфір» идеясы барлық діни-экстремистік және террористік ұйымдар мен ағымдардың идеологиялық негіздерінде кездеседі. Оның ықпалына түскен адам айналасындағы мұсылмандарды, тіпті туған-туыстары мен бауырларын дәйексіз түрде «дінсіз», «діннен шыққан» деп айыптауға бейім болады.

Тәкфіршілік көзқарасты ұстанғандар діни негізде отбасынан, қоғамынан, әрмен қарай мемлекетінен оқшаулана түсіп, зайырлылық және басқа конфессияларға қатысты барлық нышандарға төзімсіздік танытып, көбіне радикалды, экстремистік ағымдардың қатарына қосылады.

Исламдағы қағидаттарды бұрмалап, діндарларды күпірлікпен айыптау тәжірибесін алғашқы рет халифа Әли ибн Әбу Талибке қарсы көтерілісті ұйымдастырған харижилер қолданған. Харижилер (араб тілінен аударғанда – «бөлініп шығушылар», «тастап кетушілер») мұсылмандардан бөлініп шыққан ислам тарихындағы тұңғыш діни- саяси топ болып табылады. Мұсылмандар арасында бүліктердің таралу кезеңінде 657 жылы орын алған Сыффин соғысының нәтижесінде пайда болған. Ол уақытта халиф Али ибн Абу Талиб пен Муавия ибн Абу Суфьян (661 ж. Омеядтар әулетінің негізін салушы) арасында бітім жасалған соң, 12 мың жауынгер халифтың әскерінен бөлініп шығып, мемлекет басшысына қарсы көтеріліске шықты. Сонымен бірге харижилер алғашқы болып ислам тарихында саяси негізде қастандықпен кісі өлтіру жүзеге асырды.

Мұхаммед пайғамбар заманында болмаған, дінге және күнделікті өмірде болып жатқан дүниелерге кірген жаңалықтарға дінде «бидғат» атауы қолданылады. Бидғатқа шариғат ғұламалары тарапынан әр түрлі түсіндірме берген.

Ғалымдардың басым көпшілігі бидғатты «бидғат хасана», «бидғат саййа» яғни, жақсы және жаман бидғат деп екіге бөліп қарастырады. Шариғатқа қайшы емес әрі мұсылмандарға пайдасы бар, сауапқа жетелейтін барлық істер кейіннен қосылса да жақсы бидғатқа жатады.

Қазіргі таңда қоғамымызда пайда болған фундаменталистік ағымдар «бидғат» түсінігін біржақты қолданып, мұсылмандар арасында іріткі салуда. Харижиліктің үкім шығару әдісімен сәләфилер жақсы бидғаттарды мойындаған мұсылмандарды күпірлікпен айыптауда. Фиқһ, яғни ислам құқығы ілімінде қолданылып жүрген «истихсан», «истислах», «мәсалихи мурсәлә» деген сияқты қисынды дәлелдер ұсынған ханафи, мәлики, шәфий мазхабтарына «бидғатшылар» деген айдар тағуда.
Сәләф кезеңі ғалымдарының басым бөлігі болса: «Бидғаттардың жақсысы болмайды, олардың барлығы адасушылық» деген сөздерінің дәлелі ретінде Жабир бин Абдилла риуаят еткен хадисті келтіреді. Онда Мұхаммед пайғамбар: «Әлбетте, сөздердің ең жақсысы – Алланың кітабы (Құран), һидаяттың ең жақсысы Мұхаммедтің һидаяты. Істердің жаманы дінге енгізілген (жаман) жаңалықтар (жаман бидғаттар), ал енді бидғаттардың көпшілігі адасушылық» деген. Сәләф кезеңіндегі ғалымдар бұл хадистегі «күллу» деген сөзді «барлық» деген мағынада түсініп: «бидғаттардың барлығы – адасушылық» деп үкім шығарған. Ал негізінде бұл сөзден «барлық», «көпшілік», «әрбір» деген де мағыналар шығады. Алайда қазіргі таңда өзін сәләфилерміз деп атап жүргендер бидғатты жақсы және жаман деп бөлуге қарсы. Бидғатты біржақты түсінеді.

«Тәкфіршілік» – бұл мұсылмандардың бір бөлігінің екінші бөлігін ислам дінін бұзушы деп кінәлауға негізделген радикалды- фундаменталистік идеология.
«Тәкфір» – бұл фундаменталистік көзқарастарды жақтамайтын, теократиялық мемлекет құру идеясын қолдамайтын, ислам канондарымен қатар өз халқының әдеті мен салт-дәстүрлерін де қадірлеп, сақтайтын, күнделікті тіршілігінде зайырлы заңдарды құрметтеп, басшылыққа алатын мұсылмандарды дінге сенбейтіндер (кәпірлер) деп айыптау.

«Тәкфіршілік» идеясын ұстанушылар қатарында қоғамда қалыптасқан қағидаттарға қарсы радикалды және қылмыстық ниеттегілерден басқа, өзгелерді «діннен безгендер» және «дінсіздер» деп жөнсіз айыптаудың жауапкершілігін сезінбейтін, адасқан мұсылмандардың да болуы мүмкін.

«Тәкфірді» жақтаушылардың мақсаты қоғамдағы мұсылмандарды жікке бөліп, бірін екіншілеріне қарсы қоя отырып, сенушілер арасында бүлік тудыру болып табылады. «Тәкфір» идеясын тарату қоғамдық сананы бұрмалау, діндарларға ислам заңдарын теріс түсіндіру және оларға психологиялық ықпал ету арқылы іске асырылуда.

«Тәкфіршілер» нысанасы – дәстүрге берік, өмірлік көзқарасы қалыптасқан, қоғамда орныққан мұсылмандар. «Тәкфіршіліктің» талқандағыш күші алдымен ислам дінін ұстанатындарға және исламның тікелей өзіне бағытталған. Өз парыздарына сай мемлекетті қорғап, қолдап отырған биліктің, құқық қорғау органдарының, қарулы күштер құрылымдарының өкілдеріне «тәкфір» жариялау ислам рухымен және қағидаларымен үндеспейді.

«Тәкфіршілікті» жақтаушылар ғасырлар бойы қалыптасқан исламдағы құқықтық мектептерге бой ұсыну мәселесіне, нақтырақ айтқанда имам Әбу Ханифа мазхабына сынмен қарайды, имамдардың рухани беделін үзілді-кесілді мойындамайды.

«Тәкфіршілік» экстремизм мен радикализм формаларының ешбір түрін қабылдамайтын, керісінше, шынайы өмірді парасатты да байсалды түрде қабылдауға үйрететін, жақындарына сүйіспеншілікпен және құрметпен қарауға, отансүйгіштік сезімді жетілдіруге және заңды сыйлауға бағытталған дәстүрлі исламдық қағидаттарға түбірімен қайшы келеді.

Тәкфіршілік – ол діни арман-тілектерді алдау және психологиялық манипуляциялау; ол жастарды рухани қорлау және оларды мәңгүрт ету; ол өз діні мен халқына сатқындық жасау.

Мұндай жаңсақтық өз кезегінде «мазхабсыздар» атанып жүрген тәкфіршілердің исламдағы дәстүрлі төрт мазхабтың мәнін бұрмалауына соқтырады. Мәселен, олар «біз тек Құран мен сүннетті басшылыққа аламыз, ал Құран мен пайғамбар сүннетінде мазхабтар туралы ештеңе айтылмағандықтан, ондай түсінікке орын жоқ» деген идеяны алға тартады. Қазақстандағы тәкфіршілердің Әбу Ханифа мазхабына және оны ұстанушыларға не үшін сынай қарайтыны осыдан түсінікті болады. Тәкфіршілер осы себептен жергілікті мешіт имамдарын мойындамайды.

Қазақстан мұсылмандары ұстаным тұрғысынан сунниттік бағыттағы имам Матуриди ас-Самарқанди ашып түсіндіріп берген Әбу Ханифа ақидасын ұстанады. Алайда «мазхабсыздар» имам Әбу Мансур Матуридиді «кәпір» деп, ал оның ізбасарларын «адасқандар» деп санайды. Осының барлығы тәкфіршілік идеясының зайырлы мемлекеттің тұрақтылығы мен мұсылман үмбетінің ішкі бірлігіне нұқсан келтіретін аса қатерлі дін атын жамылған экстремистік ағым екенін айғақтайды.

материал «Имамға көмекші» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: