24
Сейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Пайғамбарымыздың ﷺ қара танымауының астарында нендей хикмет жатыр?

Пайғамбарымыздың ﷺ қара танымауының астарында нендей хикмет жатыр?

Сұрақ-Жауап

Құрметті оқырман,

Алда келе жатқан Мәуліт мерекесінің құрметіне орай Алла Елшісі (ﷺ) жайлы білімімізді жаңартайық әрі толықтыра түсейік деген ниетпен «Сұрақ-Жауап» айдарында «Пайғамбарымыз ﷺ жайлы 111 сұрақ» кітабынан үзінділер жариялап отыруды ұйғардық.

Алла қайырлы ілімімізді арттырсын!

Пайғамбарымыз ﷺ уахи келмей тұрып қырық жылын меккеліктермен бірге өткізді. Жақындары оның жастайынан бері тыныс-тіршілігін бес саусақтай білетін. Тіпті Пайғамбарымыз өзге елдерге жасаған сапарларына да жалғыз шықпайтын. Егер жалғыз шыққан болса, дереу ол біреуден сабақ алды, білім үйренді, сосын пайғамбар болды деп жала жабулары кәдік еді. Онсыз да қызғаныштың қырқасынан аса алмайтын кейбіреулер Пайғамбарымыздың қара танымайтынын біле тұра, қасақана оқу-жазуға жүйрік деп көрсетуге тырысты.

Қырсықтық пен іштарлыққа басқан, соқыр сенімнің серкелері «Мұхаммед уахиды өз ойынан шығарып жүр», - деп Аллаға иман етуді ар санайтындары да кездесті. Бөтеннің қаңсығын таңсық көретін енді бірі «Мұхаммед Таурат пен Інжілдің сөзін арабшалап айтып жүр» деп қаралайтын, сондықтан бұл сылтауларын іске асырмау үшін, барлық нәрсені алдын-ала білуші Алла Тағала пайғамбарлық үшін оқу-жазу білмейтін Мұхаммедті ﷺ таңдады. Құран Кәрімде бұл мәселе: «Сен Құраннан бүрын ешқандай кітап та оқымаған едің, жазу да жазбағансың. Олай болмағанда адасып жүргендер күмәнданар еді»[1] деп баяндайды.

Пайғамбарымыз ﷺ үмми (қара танымаған) еді. Алла Тағала хикметпен оқу-жазуды білмейтін пайғамбар жіберді.

Расулулланың ﷺ өмір сүрген заманы мен ортасында медресе де, кітап та болмаған. Бұл діннің көне мәдениетке негізделіп қүрылуы мүмкін бе? Әрине, жоқ. Онсыз да Меккеде қара танитындардың саны саусақпен санарлық қана еді. Ал егер Пайғамбарымыз ﷺ ұстаз алдын көрсе, мұндай мағлұмат бізге міндетті түрде жетер еді.

Сахабалардың Алла Елшісіне ﷺ деген махаббатының көрінісін пайғамбарлар тарихы жайындағы кітаптардан кездестіреміз. Кішігірім естеліктердің өзі үлкен мұқияттылықтың нәтижесінде арада қаншама ғасырлар өтсе де, үрпақтан ұрпаққа жетіп отырған. Ал егер Расулулланың ﷺ өз қолымен жазған кез келген хаты болғанда, оның бізге жетпей қалуы мүмкін емес еді. Оның жалғыз ұстазы Алла Тағала екені аян.

Пайғамбарымыз ﷺ Алланың хикметімен үмми болды. Құранды Жәбірейіл періштеден ауызша қабылдап, сахабаларға да ауызша жеткізіп отырды. Маңыздысы, Құран аяттарының жатталып, көкірекке салынып, санамызға сіңуінде болмақ.

Сағд ибн Химардың жеткізген бір риуаятында Алла Тағала Пайғамбарымызға ﷺ: «Шындығында, мен сені сынаймын, (басқаларды да) сенімен сынаққа саламын. Саған сондай кітап түсіремін, оны су да шайып кете алмайды (жүректе жаттаулы сақталады). Сен оны ұйқылы күйде де, ояу күйде де оқисың», — деген, тағы бір хадисте: «Егер Құран бір теріде жазулы болғанда, оны от өртей алмайды, өйткені ол көкіректе жаттаулы түрде сақталған. Тілге жеңіл, жүрекке төреші. Үні мен мағынасы мұғжиза», - делінген, сондықтан болса керек Исламға дейінгі үмбеттер, мұсылмандарды сипаттағанда: «Олардың кітаптары көкіректерінде», деп жаттанды, ми мен санаға сіңген, жүректен орын алған Құранның ақиретке дейін сақталатындығын айтқан[2].

Үйрену әлдебір нәрсені білуге деген мұқтаждықтан тумақ. Алла Тагаладан тікелей уахи келгендіктен, Расулулла ﷺ ілімді бөтен кісіден үйренуге мұқтаж болмады. Әйтпесе, оның қара танымауын ілімге мән бермеуінен деу ағаттық. Алғашқы аят «Оқы!» - деп басталып, Құранның бірнеше жерінде кітапқа, ондағы жазылғандарға ант етіліп «Білімділер мен білімсіздер тең бе?» - деген салыстырулар түсірілді. Ары-беріден соң, Пайғамбарымыз ﷺ Бәдір соғысында қолға түскен тұтқындардың сауаттыларын өздерінің сахабаларына сабақ үйреттіріп, ақысына бостандық бергізді. «Білім алу мұсылман әйел мен мұсылман ерге міндет», деп сахабаларды білімге қызықтырды. Терең үңілсек, Пайғамбарымыздың ﷺ оқу-жазу білмеуі оның пайғамбарлық ерекшелігі.

Пайғамбарымыз ﷺ Алланың хикметімен үмми болды. Өзге философия немесе мәдениеттен әсерленбеген, ойы саф еді. Құран таза кеңілге уахи етілді. Расулулланың «Біз үмми үмбетпіз» деген сөзін де осы жағынан қарастыру керек. Бұл хадис-шәріп сауатсыздықты насихаттаудан аулақ, керісінше, адасқан пәлсапамен санамызды уламауға бұйырады. Сахабаларға да сол кездегі Рим мен Парсы мәдениетінің ықпалы тимеген. Кұранды түсіну үшін өзге еңбектердің көмегіне жүгінуге мұқтаж емес еді. Тарих беттерін парақтасақ, Исламның жік-жікке бөлініп, адасқан ағымдардың шығуы Исламға жат мәдениет пен философияның араласуынан туындады.

 Ummet.kz


 

[1] «Анкабут», 48.

[2] Ибн Касир, «Анкабут» сүресі, 48-аяттың тәпсірі.

Бөлісу: