24
Сейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Ислам дінінде музыка тыңдау харам ба?

Ислам дінінде музыка тыңдау харам ба?

Пәтуа

Әннің де естісі бар, есері бар,

Тыңдаушының құлағын кесері бар. (Абай)

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) ән, музыкаға рұқсат ететін де, тыйым салатын да көптеген хадистері бар. Музыкаға байланысты дәлелдердің әр түрлі болуына байланысты ғұламалардың кейбіреуі жалпы музыканы харам десе, енді біреулері адамға пайдалысы адал, ал зияндысы харам деп пәтуа берген (әл-Имамул-әкбар Махмуд Шәлтут, Әл-Фәтаауа. 355-бет. Дәруш-шуруқ, Египет. 2004 ж.).

Жалпылай барлық музыканы харам дейтіндердің дәлелдері:

1. «Адамдардың арасында ешбір (дәлелге сүйеніп,) білімге жүгінбестен елді Алланың жолынан адастыру үшін бос сөздерді сатып алатын (немесе ақиқатпен айырбастайтын) әрі Хақ жолын келекеге айналдыратын адамдар бар. Оларға Алланың қорлайтын азабы болады» (Лұқман сүресі, 6-аят.)

Бұл аяттағы қазақша «бос сөз» деп аударылып отырған «ләһуал-хадис» сөзі көңіл көтеру үшін ойын-сауық мақсатында айтылатын әртүрлі хикая, әзіл-оспақ, ертегі секілді сөздерді, әңгімелерді де қамтиды.

Кейбір ғалымдар «ләһуал-хадис» сөзін Ибн Аббас сияқты кейбір сахабалардың «ән» деп тәпсірлегенін негізге алғандықтан музыканың харамдығын білдіретін дәлелдердің қатарында қолдануға тырысқан.

Алайда бұл аят жалпылай барлық музыканың харамдығына дәлел бола алмайды. Себебі, тәпсіршілердің бәрі бірдей «ләһуал-хадис» сөзін тек қана «ән» деп тәпсірлемеген. Бұл аяттың түсу себебіне үңілер болсақ «ләһуал-хадис сөзінің жалпылай барлық музыканың харамдығын білдірмейтінін түсінеміз.

Надр ибн Харис деген Меккелік мүшрік Иранда сауда жасап жүріп, сол жақтан қызық дастандар мен хикаяларға толы кітап сатып алып келеді. Сол кітаптағы хикаяларды Меккеліктерге оқып беріп отырып былай дейді: «Мұхаммед Ад және Сәмуд қауымдары туралы баяндаса, міне мен де сендерге Рим және өзге елдердің масалдарын әңгімелеймін» деп халықтың көңілін Құраннан қайтармақ болған. Осы оқиғаға байланысты жоғарыдағы аят түскен.

Екіншіден аятқа толықтай үңілетін болсақ, «...елді Алланың жолынан адастыру үшін бос сөздерді сатып алатын әрі Хақ жолын келекеге айналдыратын адамдар бар...» делінген. Яғни, бос сөздерді жай сатып алатын адамдар емес, Алланың жолынан елді адастыру мақсатында сатып алатын және хақ жолын, Құран аяттарын келекеге айналдыратын адамдар делініп тұр. Ал халықтың көңілін Құраннан алшақтатып, хақ діннен адастыру мақсатында атқарылатын қандай да бір істің, тіпті пиғылдың күпірлік екені айтпаса да түсінікті.

Ендеше, аяттың мұсылман жандармен әрі дұрыс музыка, пайдалы әуенмен тікелей байланысы жоқ екені анық. Ал егер музыканы адамдарды адастыру үшін, дінді келеке ету мақсатында қолданса, онда ол аталмыш аяттың аясына кіргендіктен ондай музыканың харамдығында еш шүбә жоқ.

2. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сахихул-Бухари хадис кітабындағы:

«Үмметімнің арасынан әйелдің жыныс мүшесін (яғни, зинаны), жібекті, арақты және музыка аспабтарын адал санайтын қауым (топ) шығады...» хадисі музыканың харамдығын білдіретін ең қуатты дәлел ретінде келтіріледі.

Бұл хадистен бір қарағанда музыканың харам екендігін түсінуге болады. Алайда пайғамбарымыздың даңғараның (тамбурин) сүйемелдеуінде айтылған әнді тыңдағанына байланысты сахих хадистерді де назарға ала отырып аталмыш хадистің әрбір сөзіне назар салып, мәніне терең үңілетін болсақ басқаша үкімге де баруға болатыны сөзсіз.

Себебі пайғамбарымыз егер жалпы музыка аспабтарын харам еткен болса, онда өзі музыка аспабтарын мүлдем тыңдамас еді, әрі музыка аспабтарын қолданған жандарды да дереу тыйар еді. Хадистегі «музыка аспабтары» мағынасындағы «әл-мағазиф» сөзі даңғараны да қамтиды. Себебі тамбурин музыка аспабына жатады. Алайда пайғамбарымыздың даңғараның сүйемелінде айтылған әнді тыңдағаны жайлы тіпті айтылуын құптағаны жайлы әл-Бухариде және басқа да хадис кітаптарында сахих хадистер бар. Сондықтан жоғарыдағы хадисті былай түсінгеніміз жөн:

Хадисте айтылған «әйелдің жыныс мүшесі», «жібек»-тің жалпылай харам емес екені баршаға мәлім. Себебі әйелдің жыныс мүшесі некелі жанға адал, ал некесізге – зина болғандықтан харам. Жібектің де адалы мен арамы бар. Жібек еркектерге – харам ал, әйелдерге – адал. Дәл осы секілді музыка аспабтарын да ажыратып қарауға болады. Яғни, хадистен жалпы музыка аспабтарын емес, кісінің ғибадатына кедергі келтіріп, жүрегіне бөтен сезім ұялататын зиянды музыканы адал ететін қауым шығады деп түсіну керек. Осы хадисте айтылған арақты ғана бұлай бөліп қарай алмаймыз. Себебі арақты жалпылай харам қылған нақты аят пен бір тамшысын болса да тыйған сахих хадистер бар (Мухаммед Абдур-Рахман әл-Марғашли, әл-Ғина уәл-мәғазиф фил-иғламил-муғасир уә хукмуһә фил-ислам, 257-бет. «Дәрул-мағрифа» баспасы, Бәйрут. 2006 ж.).

3. Нафиғдан риуаят етілген басқа бір хадис.

Жолда Ибн Омармен бірге едім. Ол шопанның сырнайының үнін естіді де жолдан алыстай түсті. Саусағымен екі құлағын бітеді. Сосын уа, Нафиғ естіп тұрсың ба? деді. Мен: «жоқ» деген едім, саусағын екі құлағынан шығарды да, уа, Нафиғ пайғамбарымыздың осылай естігенін және дәл осылай істегенін көрдім» деді.

Келтірілген бұл хадис те жалпылай барлық музыканың харамдығына дәлел бола алмайды. Себебі аталмыш хадис біріншіден сахих емес, Әбу Дәуід өзінің хадис жинағында бұл хадисті келтіргеннен кейін бұл хадис «мүнкәр» деген. Ал енді хадисті сахих деп қабылдағанның өзінде жалпылай барлық музыканың харамдығын білдірмейді. Себебі пайғамбарымыз өзіне ұнамаған жағымсыз үннен де құлағын бітеуі мүмкін. Яғни, сол кезде тартылған сырнайдың үні жағымсыз болуы да ықтимал. Бұған қоса егер жалпы сырнайдың үні харам болғанда пайғамбарымыз жанындағы Ибн Омарға да құлағын бітеуін бұйырар еді. Яғни, Ибн Омардың күнә істеуіне жол бермес еді.

4. Музыканың харамдығына дәлел ретінде келтірілген хадистердің бірі Ибн Мәжаның хадис кітабындағы Мәлик әл-әшғаридің әкесінен риуаят етілген пайғамбарымыздың ( с.а.у.) мына хадисі:

«Үмметімнен кейбір адамдар арақ ішеді де оны басқа атпен атайды. Жандарында музыка аспабы ойналып әйел әншілер ән айтады. Аллаһ Тағала жерді олардың үстіне төңкереді және олардың кейбіреулерін маймыл мен шошқаға айналдырады»

Пайғамбарымыздың бұл хадисінде де музыканың жалпылай харамдығына ешбір дәлел жоқ. Бұл жерде арақты пива, вино, виски секілді әртүрлі басқа аттармен атап, адалға санап ішетін әрі әйелдерге ән айтқызып, би билеткізіп, музыка ойнататын жандардың душар болатын азабын ескертуде. Арақ ішіліп, әйелдерге ән айтқызылған отырыстың қандай отырыс екенін, онда айтылатын ән мен ойналатын әуеннің қандай сипатта болатыны айтпаса да түсінікті.

Ендеше, бұл жерде салихалы өлеңмен мен пайдалы әуеннің харамдығына ешбір дәлел жоқ. Пайғамбарымыздың бұл хадисі қазіргі таңдағы бар, казино сияқты күнәға толы түнгі клубтарды меңзейді.

5. Абдуллаһ ибн Амр ибн Астан риуаят етілген Пайғамбарымыздың: «Сөзсіз Раббым арақты, құмар ойынды және барабан мен қиннинді харам етті» делінген хадисі музыка аспабтарының харамдығына байланысты келтірілген дәлелдердің қатарында келтірілген. Алайда бұл хадис әлсіз хадистердің қатарына жатады. Яғни, дәлелге есептелінбейді.

6. Ибн Мәсғудтан риуаят етілген «Ән жүректе екі жүзділікті өсіреді» делінген хадис. Бұл хадис те әлсіз хадистердің қатарына жатады. Әлсіздігін бірқатар мәшһүр хадис ғалымдарымен қоса Насруддин Әлбани да білдірген.

Келтірілген дәлелдерге қорытынды:

Жоғарыдағы музыканың харамдығына байланысты келтірілген дәлелердің арасындағы сахих хадистердің мағынасы жалпылай барлық музыканың харамдығын білдіретіндей нақты, айқын емес, ал мағынасы нақты, айқын болғандары түгелдей әлсіз яки ойдан құрастырылған хадистердің қатарына жатады немесе арақ ішілген жерде айтылатын әндерді меңзеген.

Музыканының «пайдалысы – адал, ал зияндысы – харам» дейтіндердің дәлелдері

1. Муғаууиз қызы Рубайғдан риуаят етілді. (Алла Тағала одан разы болсын!). Ол былай деді: Неке түнімнің ертесіне маған Алла Елшісі (с.а.у.) кірді. Сөйтіп сенің отырған жеріңдей арақашықтықта менің төсегіме отырды. Жанымда кішкентай қыздар даңғара (тамбурин) шалып, Бәдір соғысында қаза тапқан әкелерін жоқтап жатыр еді. Іштеріндегі бір қыз: «Біздің арамызда ертең не болатынын білетін пайғамбар отыр деген» еді, Пайғамбарымыз (с.а.у.): «олай деп айтпа, не айтып жатқан болсаң соны жалғастыр» деді. Яғни, Бәдір шайқасында шейіт болғандарды жоқтауыңды жалғастыра бер дегені.

әл-Бухариде келген бұл хадисте пайғамбарымыз (с.а.у.) даңғара (тамбурин) шалып, соғыста қаза тапқан әкелерін жоқтап отырған кішкентай қыздармен бірге отырғаны айтылады. Егер жалпылай музыка аспабы харам болғада Пайғамбарымыз (с.а.у.) ондай жерде отырмас еді. Отырған жағдайда да өзі туралы «біздің арамызда ертең не болатынын білетін пайғамбар отыр» деп айтқан сол жердегі қыздың сөзін құптамай, «олай деп айтпа, не айтып жатқан болсаң соны жалғастыр» деп ескерткені секілді «даңғара шалмаңдар, даңғара харам етілді» тәрізді тыюды білдіретін сөздерімен ескертуін жасар еді.

2. Әл-Бухари және Муслимнің хадис жинақтарында Айша анамыздан (Алла Тағала одан разы болсын!) мынандай хадис риуаят етілі:

«Бір күні маған Алла Елшісі кірген еді. Жанымда екі (кішкентай) қыз (немесе күң) «Буғас» өлеңін айтып жатқан болатын. Пайғамбарымыз (с.а.у.) төсекке жатты да, жүзін ары қаратты. Сосын Әбу Бәкір (Алла Тағала одан разы болсын!) кірді де: Алла Елшісінің жанында шайтанның сырнайы ма?» деп маған ренжи сөйледі. Пайғамбарымыз (с.а.у.) оған қарай жүзін бұрды да: «Оларға тиіспе!» деді. Ол (Әбу бәкір пайғамбарымыз бен сөйлесіп) бізге қарамай тұрғанда мен оларға ишарат етіп едім олар шығып кетті. Бұл күн айт күні болғандықтан қара нәсілділер (Басқа риуаятта олардың эфиопиялық мұсылмандар екендігі білдірілген) «қылыш-қалқан» биін билеп жатыр еді. Мен өзім Алла Елшісінен сұрадым ба, жоқ әлде ол өзі «тамашалағың келеді ме?» деп айтты ма есімде жоқ. Мен «әрине» дедім. Ол мені өзінің артына тұрғызды. Бетім оның бетіне таянған күйде болды. Сосын ол (с.а.у.) «Уә, Әрфидаұрпақтары, қанеки!» деді. Мен жалыққанға дейін осылай тұрдық. Сосын менен «жетеді ма?» деп сұрады. Мен: «иә» деген едім, олай болса, жүре бер!-деді».

Хадисте пайғамбарымыздың (с.а.у.) әуен аспабының сүйемелінде айтылған әнді тыңдағандығы, тіпті, Әбу Бәкірдің «Шайтанның сырнайы пайғамбардың жанында ма?» деп кейіс білдіре қызы Айшаға айтқан ренішін құптамай, «Оларға тиіспе!» - деп ескертуі – зиыны жоқ әуеннің адалдығына дәлел. Бұған қоса хадисте Пайғамбарымыздың (с.а.у.) «қылыш-қалқан» биін билегендерді «қанеки!» деп қолдауы – шариғатқа қайшы емес ойын-сауықтардың дұрыстығына дәлел бола алады.

3. Әл-Бухаридің хадис кітабында Айша анамыздан төмендегі хадис риуаят етілді (Алла Тағала одан разы болсын!).

«Ол (Айша) бір қызды аңсарлық біреуге ұзатқан еді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) оған уа, Айша сендерде көңіл көтеретін нәрсе болмады ма? Аңсарлықтар көңіл көтергенді ұнататын халық» деді. Басқа бір риуаятта: «Айша анамыз аңсарлық өзіне туысқан боп келетін бір қызды ұзатқан еді. Пайғамбарымыз «қызды ұзаттыңдар ма?» деп сұраған еді, үйдегілер «иә» деп жауап берді. Алла Елшісі (с.а.у.): «Онымен бірге өлең айтатын біреуді қоса жібердіңдер ме?-деді. Айша анамыз «жоқ»-деді. Пайғамбарымыз (с.а.у) аңсарлықтар ғазалды (Әйел баласын мақтайтын өлең түрі немесе лирикалық жырлар) ұнататын халық. Онымен бірге «Біз сендерге келдік, біз сендерге келдік, сендерге Алланың есендігі болсын! Бізге де Алланың есендігі болсын» деп (жыр) айтатын біреуді жібермедіңдер ме?» (Ибн Мәжа, хадистің дәрежесі «сахих») - дегені риуаят етілді.

4. Хадис Әнас ибн Мәликтан риуаят етілді. (Алла Тағала одан разы болсын!). Ол былай деді: Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір ретте Мәдинаның бір жерінен өткен еді. Сол жерде кейбір (кішкентай) қыздардың даңғараларын шалып былай деп ән айтып жатқандарын естіді:

«Біз Бәни Нәжжардың қыздарымыз

Мұхаммед қандай жақсы көрші»

Пайғамбарымыз (с.а.у.) оларға: «Алла Тағала біледі, мен сендерді қатты жақсы көремін» деді.

Ибн Мәжада келген бұл хадистің дәрежесі хадис ғалымдары бойынша сахих (Насруддин Әлбани да өзінің «Сахих уа дағиф Ибн Мәжа» кітабында бұл хадисті «сахих» деп бағалаған). Егер өлең айтып, музыка аспабын қолдану харам болғанда, пайғамбарымыз (с.а.у.) оларға жоғарыдағы «Алла Тағала біледі, мен сендерді қатты жақсы көремін» деген қолдау сөзін айтпас еді.

Жоғарыдағы сахих хадистерден Пайғамбарымыздың (с.а.у.) даңғара сүйемелінде бір неше рет ән тыңдағанына, тіпті құптап, қолдағанына куә болдық. Енді осы жерде кейбір жандар жоғарыдағы хадистерге сүйене отырып, "тек даңғара аспабын ғана тыңдауға болады" деп басқа музыкалық асбаптарға шектеу қоюы мүмкін. Алайда пайғамбарымыздың мұндай бір шектеуді білдіретін сахих ешбір хадисі риуаят етілмеген. Бар болғаны "даңғара" арабтарда кең қолданысқа ие музыкалық асбап болғандықтан пайғамбарымыздың (с.а.у.) оның сүйемеліндегі кейбір әндерді тыңдаған. Ал бұл жағдай басқа аспабтардың харамдығын білдірмейді. Сондықтан кезкелген музыка аспабы егер адамды еліртіп, жаманшылыққа жетелейтіндей кейіпте тартылмаса, онда оған – рұқсат.

материал «Дін мен діл» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: