24
Сейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Музыканың шариғаттағы үкімі қандай?

Сұрақ-Жауап

Жауап: Пайғамбарымыздың (с.а.у.) ән, музыкаға рұқсат ететін де, (1) тыйым салатын (2) да көптеген хадистері бар. Музыкаға байланысты дәлелдердің әр түрлі болуына байланысты ғұламалардың кейбіреуі жалпы музыканы харам десе, енді біреулері адамға пайдалысы халал деп фәтуа берген. (3)

 Пайғамбарымыздың музыкаға байланысты хадистерінің әр түрлі болуының астарынан  тыйым салынған немесе рұқсат етілген нәрсенің тікелей музыка аспаптары емес, олардың қалай қолданылуы, сондай-ақ, тыңдаушы мен орындаушының түпкі ниетіне байланысты екенін аңғарамыз.

Себебі, кез-келген музыка аспабының жақсы-жаман әркелкі тартылуына, бұған қоса, айтылатын ән мазмұнының әр алуан болуына байланысты оның адамға тигізер әсері де әр түрлі болады. Міне,  сондықтан харам-халал үкімін музыка аспабынан гөрі оның қалай қолданылуын негізге алып қарастырған жөн.

Мысалы, сіріңкені бейкүнә біреудің үйін өртеу тәрізді қастандыққа да, от жағып үй жылыту, ас пісіру сияқты игілікті істер үшін де қолдануға болады.

Адам табиғаты, ішкі сезімдері, жан дүниесі ерікті-еріксіз көптеген нәрселерді қалайды. Мысалы, көркем табиғат көріністерін тамашалағанда бойы сергіп рахаттанады. Өзеннің сылдырап аққан үні өне бойына ерекше әсер етеді. Теңіздің буырқанып тасуы, ормандағы тоты, бұлбұл секілді жыршы құстардың сайрап ән салуы да жан дүниесін рахатқа бөлеп, дем  алдырады. Сондықтан адамның жан дүниесі, ішкі сезімдері әрдайым көркем табиғатты тамашалауды, судың сарқыраған дауысын естіп, құстар салған әсем әндерді естуге құмартып тұрады. Ислам діні адам баласын өз табиғатындағы осындай сезімдеріне тұсау салып я болмаса балта шауып жоқ ету үшін келген жоқ. Керісінше, оларды реттеп, орта жолға бағыттау  үшін келді.(4) Ендеше музыка – егер адам баласының уақытын босқа өткізіп ғибадаттарына кедергі жасаса, нәпсісін қоздырып, ойына харам нәрселерді салып, жаман пиғылдарға жетелейтін болса, даңғырығының қаттылығынан мидағы клеткаларды өлтіріп, адам мінезін ұшқалақтыққа тәрбиелесе онда – харам. «Пайғамбарымыздың кейбір хадистеріндегі музыкаға байланысты тыйымдар осындай теріс бағытқа жетелейтін музыкаларға байланысты болса керек» - дейді ХІ ғасырда өмір сүрген тақуалығымен танымал  ханафи ғалымы Абдул-Ғани ән-Нәбулуси өзінің «Идахут-дәлалат фи самағил-әәләәт» (музыка аспаптарын тыңдауға байланысты  дәлелдерді баяндау) атты кітабында. (5)

Ал егер музыка керісінше ішкі дүниесіндегі кейбір жақсы сезімдерді жетілдіретін, рухын, миын тыныштыққа бөлейтін, шаршағанда жүйкелерін дем алдыратын, ойына көркем пікірлер салатын, ішкі болмысына жақсы әсер ететін музыка мен әуен болса, онда неге харам болсын!

Абайдың: «Құлақтан кіріп, бойды алар

                  Әсем ән мен тәтті күй.

                  Көңілге түрлі ой салар,

              Әнді сүйсең, менше сүй», - дегеніндей кейбір әуендер мен әуездер ешбір сөз айтылмаса да адамның ішкі дүниесіне ағыла құйылып, өзінше бір  әлемге жетелеп терең ойға шомдырады. Мысалы, қазақтың кейбір күйлері орындалған уақытта көз алдыңа кең байтақ жер мен ондағы әсемдіктер елес береді. Көктемдегі көңіл-күйді білдіретін, жауған жаңбырдың тамшыларын елестететін, көңіліңді дем алдырып, керемет ойға жетелейтін жұмсақ та нәзік әуендердің бар екені баршаға белгілі. Отанды, бірлікті, ерлікті уағыздайтын, ата-ананың қасиетіне байланысты, адам баласын адамгершілік пен имандылыққа баулитын музыка мен әндерді тыңдау әрі айту неліктен харам болсын?

Соғыста әскердің жау алдындағы рухын көтеру әрі кейбір әскери бұйрықтарды білдіру мақсатында мұсылмандардың барабан аспабын қолданғандары (6), тіпті кейбір психикалық  ауруларды музыка арқылы емдегендіктері тарихтан белгілі. (7) Мұндай жақсы істер үшін қолдануды кім болса да құптары сөзсіз.

Қоғамдағы адамдардың дәрежелері мен болмысы, табиғаты мен ішкі сезімдері бірдей емес екені шындық. Олай болса, музыканы жалпылай харам санап,  барлық адамға «тек Құранды ғана оқы әрі тыңда!» деп күштей алмаймыз. Себебі, қоғамда Құран  оқып, басқа да өзіне міндеттелген ғибадаттарын толық орындаумен қатар, өзі ұнатқан пайдалы музыкаларды  тыңдағысы келетін адамдар да бар.

Музыка тыңдауды ұнататын адамдарға біз егер жақсы музыканы тыңдауға болатынын айтып жөн сілтемесек, тіпті көркем мағыналы әрі әуенді әндердің шығарылуына бағыт-бағдар беріп реттемесек, ол адамның бара-бара жаман музыкаларға ұрынбасына кім кепіл?

Егер музыканы жалпылама харам десек, онда мұсылмандардың мәдениеті, өнері артта қалары сөзсіз. Мысалы, керемет сахналарға толы ұлан-асыр тарихымызды бейнелейтін киноларымызға ешбір музыка аспабы қосылып, керекті жерінде эффекті  берілмесе, ол киноны кім ерекше әсермен тамашалай алады? Онда жастарымыздың  өзгелердің өте тартымды, әсері күшті, бірақ мағынасы улы киноларының соңына түсіп кетері сөзсіз. Сол сияқты телеканалдарда бір бағдарламадан екінші бағдарламаға өту кезеңдерінде, басқа да көрермендердің назарын аударар жағдайларда музыка аспаптарының рөлінің маңыздылығын кім жоққа  шығара алады?!

Сөз соңы, музыка белгілі бір мән-мағынаны жеткізуде қолданылатын «сөз» іспетті. Сөзбен пайдалы нәрсені насихаттауға да, зиянды теріс мағынаны жеткізуге болатыны секілді музыканы да жақсы-жаман түрлі бағытта қолдануға болады дей келе Әбу Насыр әл-Фарабидың басынан өткен мына бір оқиғаны бере кетуді жөн көрдік.

Әл-Фараби бабамыз ән-күй десе ішкен асын жерге қоятын жан болған екен.

Бір күні өзінің бір ұстазынан ән-күй жайын сұрады. Ұстазының айтуынша, сырнай-керней, әуен – жын-шайтанның ісі болып шықты. Адамды алаң қылып аздырады, ісінен қалдырып, күнәға кіріптар етеді екен.

Бұрын ән-күйді жақсы сүйетін Әбунасыр осыны естігеннен кейін қолына күй аспабын алмайтын болды. Ән-күйді сүйіп ойнайтын Әбудың бір қымбатты қимас жолдасы жоғалып қалғандай күй кешеді де мынандай ойға батады. Әсем ән деген адамды жадырататын, көңілді көтеріп, жүректің мейірімін оятатын бір қасиетті өнер ғой. Ендеше, ол қалай сайтанның меншігі болады?

Осы сауалын ол екінші бір ұстазынан сұрайды. Ол ұстазы: Әсем саз – ол қасиетті нәрсе емес пе? Мұнда аспанның сыры бар, әлемнің үні бар. Қолыңнан келсе бұл өнерден жиренбе...» - дейді. Мұны естіп Әбунасыр қатты шаттанады. Алайда, ол үлкен ұстаз Әбу Мәлік хазіреттің өзінен сұрамаққа бекінді. Әбу Мәлік ұстаз былай деп жауап берді:

– Ол да дұрыс, ол да дұрыс. Екі айтушының екеуі де дұрыс айтады... Я, солай... Жамандық та, жақсылық та адамның өз бойындағы қасиетке сүйенеді. Азғындық пен ізгілік ежелден егіз емес пе? Ән-күйдің әуеніне еріп, басқа өнер-білімнен қол үзсең, сонымен өміріңді ғапыл өткізсең өкініш емей немене. Әсем әуен алпыс екі тамырды бірдей қозғайтын кереметті, құдіретті нәрсе. Оның сені билеп әкетуі ғажап емес. Алғашқы айтушы сені сонан сақтандырады. Құдіретті өнерді керекті жерінде өлшеумен ұстап, тізгінді ақыл-ойға беріп ізгілік іске қоссақ, онан келер пайда тағы көп. Көкірек кеңіп көңіл оятар, қиял қоздырып қайрат берер тағы сол... Ғылымның ата тегі әр ненің өлшеуін білуде емес пе? Сен ән-күй үйренсең онан менің қаупім жоқ. Құдіретті күйдің сиқырлы үнін тежеп отыруға сенің ақыл-қабілетің мол жетеді. (8)

muftyat.kz

(1)-Мысалы, риуаятта Әбу Бәкір (р.а.) қызы Айша анамыздың үйіне кіреді. Ол жерде екі жәрияның «буғас» соғысына байланысты ән айтып жатқанын көреді де: Пайғамбардың үйінде шайтанның мизмары (шайтанның әуен аспабы, сырнайы) ма?-деп кейіс білдіреді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) болса: «Уа, Әбу Бәкір, оларға тиіспе! Бүгін мейрам күні ғой» деді. Осы секілді басқа да  хадистерге сүйенген кейбір ғұламалар: «Егер ән айту жалпы харам болғанда, пайғамбарымыз (с.а.у.) өз үйінде оның айтылуына мүлде рұқсат бермес еді» деп, зияны жоқ музыка, әндерге рұқсат беретін фәтуалар шығарған.

(2)-Мысалы, хадисте: «Ән, өлең жүректе екіжүзділікті өсіреді» делінген. Осы секілді хадистерге қараған кейбір ғұламалар жалпы музыка, әндерге харам деп фәтуа берген.

(3)-әл-Имамул-әкбар Махмуд Шәлтут, Әл-Фәтаауа. 355-бет. Дәруш-шуруқ, Египет. 2004 ж.

(4)-әл-Имамул-әкбар Махмуд Шәлтут, Әл-Фәтаауа. 355-бет. Дәруш-шуруқ, Египет. 2004 ж.

(5)-әл-Имамул-әкбар Махмуд Шәлтут, Әл-Фәтаауа. 355-бет. Дәруш-шуруқ, Египет. 2004 ж.

(6)-Фатауа Мустафа Зарқа, 349-бет. Дарул-қалам, Димашқ. 2001 ж.

(7)-Һейет, Мүслүман Илим Өнжүлери, 149-бет. Стамбул, 2005 ж.

(8)-Ағжан Машанов, әл-Фараби. Жалын баспасы, 1970 ж.

Бөлісу: