24
Сейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Пайғамбарымызды (ﷺ) жақсы көру әрбір мұсылманның міндеті ме?

Сұрақ-Жауап

Құрметті оқырман,

Алда келе жатқан Мәуліт мерекесінің құрметіне орай Алла Елшісі (ﷺ) жайлы білімімізді жаңартайық әрі толықтыра түсейік деген ниетпен «Сұрақ-Жауап» айдарында «Пайғамбарымыз ﷺ жайлы 111 сұрақ» кітабынан үзінділер жариялап отыруды ұйғардық.

Алла қайырлы ілімімізді арттырсын!

Аллаға деген махаббаттан кейін хазірет Пайғамбарымызды (ﷺ) сүю - парызымыз, өйткені ол адамзатты күпірліктен қорғаштап, иманның бақыт сыр-ларын әрбір жүрекке жеткізе білді. Адамзатқа жоғары ахлақ пен кәміл адамның қасиеттерін сіңірді.

Алла Тағала Мұхаммед Мұстафаны (ﷺ) барлық нәрседен де артық жақсы көру қажеттігін бұйырып аятта былай деген: «Егер әкелерің, балаларың, аға-інілерің, әйелдерің, туыстарың, жиған мал-мүліктерің, тоқтап қала ма деп қорыққан саудаларың, өздеріңе ұнаған үй-жайларың сендерге Алла мен пайғамбарынан, Оның жолында соғысудан артық көрінсе, онда сендер Раббының әмірі келгенше күтіңдер. Алла бұзық қауымды тура жолға бастамайды»[1].

Пайғамбарымыз (ﷺ) бір хадисінде «Мені аналарыңнан, әкелеріңнен, бала-шағаларыңнан артық жақсы көрмейінше, кәміл иманға қол жеткізе алмайсыңдар»[2] деген.

Мүминдердің Расулулланы (ﷺ) шын жүрекпен жақсы көруі бір жағынан иманның ләззатын таттырады, ақирет бақытына қол жеткізеді. Адам баласы әрқашан сүйгенімен бірге болғысы келеді. Пайғамбарымыз (ﷺ) бір хадисінде мүминдердің ақиретте сүйгендерімен бірге болатынын айтып, «әркім сүйгенімен бірге» деген. Ал онымен бірге болуымыз үшін сүйіспеншілігімізді көрсетіп, лайықты дәрежеде ғибадат етуіміз қажет.

Алла разылығына қол жеткізуді тілеген, иісі мұсылман баласының тағы бір арманы жұмақта Пайғамбарымызбен бірге болу, өйткені Алланың разылығы, жаннаттың ең жоғарғы деңгейі, Алланың сансыз нығметтерінің асыл көрінісі сол жерде болмақ.

Алла расулының туылуы мен жер бетін құрметке бөлеуін адамзаттың дүниеге қайта келгені дерсіз. Оның туған күні біз үшін құтты мереке, өйткені біз Раббымызды оның құтты дағуасы арқылы таныдық. Нығметке қанағат пен шүкір етуді көркем мінезінен үйрендік. Жаратушы мен жаратылғандар арасындағы байланысты, құл мен Құдай арасындағы қарым-қатынастың қалай құрылатынын тағы да Пайғамбарымыздан үйрендік. Ислам діні арқалы бүкіл болмыс атаулы Алланы танытатын кітапқа айналып сала берді. Жанды-жансыз барлық тіршілік иесінің әрдайым Жаратушымызды зікір ететінін білдік. Оның келуімен қайғыны шаттық алмастырды. Бізге нұры жеткен күннен бастап «өлім», «мәңгілікке жоғалу» қорқынышы көңілімізді алаңдатпайтын болды. Мәңгілікті қалайтын жүрегіміз жұбаныш тапты. Адамның ақиретке иманмен кетуі ол үшін ең басты бақыт еді. Жеткізген дінімен барлық жаратылыстың жүзіне нұр шашқан, ақиреттің барын айтып жұмақ пен тозақты таныстырған, мәңгілік бақыттың кілтін ұсынған Пайғамбарымыздың (ﷺ) дүниеге келуі барлық жаратылыс үшін мереке емес пе?

Алла тағала пендесінің жүрегіне махаббат сезімін сыйлаған. Бұл махаббат әуелі Аллаға, одан кейін пайғамбарына, дәрежесіне қарай Раббысының разылығын көздеп, елі мен отбасына арналуы керек.

Пайғамбарымызды (ﷺ) сүю - Алла Тағаланың адамзатқа бұйрығы. Қүранда: «Егер сендер Алланы жақсы көрсеңдер, маған (Мұхаммедке) еріңдер. Сонда Раббың сендерді сүйеді және барлық күнәларыңды кешіреді. Ол асқан кешірімді, ерекше мейірімді»[3]. Біз сүйікті елшіні сүйе отырып оны елші етіп жіберген Раббымызды сүйетінімізді дәлелдейміз әрі Алланың бұйрығын орындаған боламыз.

Ал мына хадисте Алла мен Расулын сүюдің бірдей екенін тайға таңба басқандай етіп көрсетеді: «Мына үш қасиеті бар адам нағыз иманның дәмін татады. Алла мен Расулын барлық нәрседен артық жақсы көру, әлденені сүйгенде тек Алла разылығы үшін жақсы көру және күпірден құтылғаннан кейін қайта күпірге кіруден оттан қашқандай қашу»[4] деген.

Тағы бір хадисті Әнас (р.а.) былай деп түсіндіреді: Пайғамбарымыздан біреу: «Қиямет қашан орнайды?» - деп сүрағанда, «Қиямет күніне қандай дайындығың бар?» - деп өзіне қарсы сауал қойды. Әлгінің: «Менде Алла мен Елшісіне деген махаббат қана бар» деген жауабына Пайғамбарымыз: «Олай болса, сүйгендеріңмен бірге боласың», - дейді». Сосын Әнас (р.а.) сөзін жалғастырып: «Сүйгендеріңмен бірге боласың» деген сөзіне қуанғанымыз соншалықты, бұрын-соңды бұлайша шаттыққа бөленбеген едік. Мен де Пайғамбарымызбен бірге Әбу Бәкірді де, Омарды да жақсы көремін. Ақиретте солармен бірге боламын деген үміттемін», - дейді.

Хазірет Айша (р.а.) мынадай оқиғаны келтіреді: «Бір кісі келіп: «Уа, Расулулла, сені жанымнан да, бала-шағамнан да артық жақсы көремін. Үйде отырған кезде есіме түсіп кетсең, бір сәт кідірместен өзіңе келемін. Әйтсе де, ақирет есіме түсіп кетсе, сенің жаннатта пайғамбарлармен бірге болып, өзіңді көре алмай қаламын-ау деп қорқамын», - деді. Пайғамбарымыз оның ақтарыла айтқан риясыз сөзіне жауап қатпай, үнсіз аз уақыт өткеннен соң, Жәбірәйіл періште арқылы Жаратқаннан: «Кімде-кім Аллаға және Расулына бағынса, міне, солар Раббыңның нығметтеріне бөленген нәбилер, сыддықтар, шейіттер, салих ізгі жандармен бірге болады. Бұлар қандай ізгі жолдас еді!»[5] деген аят түседі[6].

Алла мен Пайғамбарымызды жақсы көру көбінесе ақылмен өлшенбейді. Ақылға байланысты істер көбінесе жүректің сезімдеріне әсер ете алмайды. Егер әсер ететін болса, сол замандағы дін дұшпандары, Пайғамбарымызды баласынан артық таныған кітап иелері иман келтірер еді.

Мұсылмандардың бір ерекше қасиеті - Алла мен Пайғамбарға деген сүйіспеншіліктің жүрек төрінен орын алуы. Соған байланысты дін жеңіл, өмір фәни, ақирет мәңгі екендігі шын сезілері хақ.

Ummet.kz


[1] «Тәубе» сүресі, 24.

[2] Бұхари, Иман 8

[3] «Әли Имран» сүресі, 31

[4] Бұхари, Иман 9

[5] «Ниса» сүресі, 69.

[6] Әбу Нуайм, Хилия, 4/240

Бөлісу: