24
Сейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Имам Әбу Ханифа ұстанған фиқһ негіздері

Имам Әбу Ханифа ұстанған фиқһ негіздері

Ақида
Жарнама

Имам Әбу Ханифа қандай да бір мәселенің үкімін шығару үшін, ең алдымен, Алланың Кітабын негізге алған. Одан таппаса, Алла елшісінен жеткен сахих хабарға негізделген. Пайғамбардан бір мәселеге қатысты бір-біріне қайшы мазмұндағы екі сахих хабар жетсе, кейінгі сөзін негізге алған.

Іздеген мәселенің үкімін сүннеттен таппаса, сахабалардың сөздеріне қараған. Олардың сөздері келісімді болса, ижмағтан аттамаған. Егер олардың сөздерінде қайшылық болса, шариғаттың рухына жақынырағын, басымырақ болғанын алып, олардың сөздерінен таймаған. Мәселенің үкімін сахабалардың сөздерінен таппай, табиғиндердің көзқарастарына кезіксе, қияс және истихсан тәсілдерін қолданып, солар секілді ижтиһад жасаған. Қияс жасағанда мәселені Кітаптың, сүннеттің және ижмағтың таразыларына салған. Егер бұл негіздерде ұқсас мәселе таппаса, мұсылмандардың шариғи қарым-қатынастары мен амалдарына негізделген ғұрыпқа қараған.

Өмірнамаларда имам Әбу Ханифа ұстанған фиқһ негіздері жайлы айтылған хабарлар сақталған. Солардың кейбіріне тоқталайық:

1. Яқия ибн Диррис: Бір кісі Суфиян ас-Сауриге келіп: «Сіз неге Әбу Ханифаны айыптамайсыз?», – дегеніне куә болдым. Сонда ол: «Не үшін? Мен оның: «Мен Алланың Кітабын негізге аламын. Одан таппасам, Алла елшісінің сүннетін негізге аламын. Алланың кітабы мен Оның елшісінің сүннетінен таппасам, сахабаларының сөзін негізге аламын. Олардан кімнің сөзін қаласам, соны алып, кімдікін қаламасам, оны қалдырамын. Олардың сөзінен шығып, басқаныкін алмаймын», –– дегенін есіттім деп жауап береді.

2. Яқия ибн Диррис: Әбу Ханифаның: «Алланың Кітабында да, елшісінің сүннетінде де болмаса, сахабалардың сөздеріне назар аударамын. Олардың сөздерінен шығып, басқаныкін алмаймын. Бұлардың ешбірінде болмай, мәселе Ибраһимнің, әш-Шағбидің, Ибн Сириннің, Хасанның, Атаның, Сағид ибн Жубайрдің көзқарастарына көшсе, олар – мужтаһидтер, мен де солар секілді ижтиһад қыламын», – дегенін айтқан.

3. Әбу Хамза ас-Суккари: Әбу Ханифаның: «Пайғамбарымыздан хадис жетсе, одан шықпаймыз, соны аламыз. Сахабалардың сөзі жетсе, басым болғанын таңдаймыз. Ал енді табиғиндердің сөзі жетсе, олардың қатарына кіреміз», – деп айтқанын есіттім.

4. Суфиян ас-Саури: «Әбу Ханифа Алланың арам еткен тыйымдарының өзгеріске ұшырауына, адал саналып кетуіне жол бермей, ілімді қатты ұстанатын. Сенімді жеткізушілерден жинаған қасындағы хадистердің сахихын, Алла елшісінің белгілі бір мәселедегі ең соңғы амалын негізге алған», – деген.

5.Сәһіл ибн Музахим: «Әбу Ханифаның сөзі сенімді жеткізушіге негізделіп, бұрысынан өзін алшақ ұстаған. Адамдардың шариғатқа негізделген қарым-қатынастарына, дұрыс негізде қалыптасқан амалдарына қараған. Мәселенің үкімін шешу үшін қияс тәсілін, қияс жарамсыз болса, мүмкіндігінше истихсан тәсілін қолданған», – деп айтқан.

материал «Әбу Ханифа және ханафи мәзһабы» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: