25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Бір мәселеде түрлі пікірлер кездескенде мұсылмандар не істеуі қажет?

Бір мәселеде түрлі пікірлер кездескенде мұсылмандар не істеуі қажет?

Ақида
Жарнама

Дәлелдердің әлсізі мен күштісін бір-бірінен ажыратуға шамасы жетпейтін кісілердің өз бетінше шешім шығарып, таласы көп, дау тудырған мәселеде басқаларды мойындамауы дұрыс емес.

Яғни, басқа бір адам дәл өзі секілді амал етепесе, басқа ғалымдардың көзқарасы бойынша құлшылығын атқарса, қарапайым адамның оған қарсы шығып, дау айта алмайды. Осылай ойлағанда ғана мұсылмандар арасындағы алауыздық сап тиылады. Әйтпесе, қарапайым халық кез-келген мәселеде мүжтәхид ғалымдар секілді білсе де, білмесе де тисе терекке, тимесе бұтаққа деп пікірталастыратын болса, бұл мұсылмандардың ынтымағына сына қағып, сызат түсіріп қана қоймайды, сонымен бірге өшпенділіктің отын тұтатады, ойын жұтатады.

Сол үшін қандай да бір мәселеге қатысты түрлі көзқарас пайда болған жағдайда мұсылман баласы мыналарды қаперде ұстауы қажет:

1. Пайда болған фиқһтық мәселелердің мәні мен олардың неден туындағанына үңілу. Яғни, алғашқы кезең ғалымдары мен көпшілік ғалымдардың жолынан ауытқымауы қажет.

2. Пікір қайшылығын тудырған мәселеде көңілге қонымды көзқарастардың біреуіне тоқтап, амал ету. Бұл адамдардың ғылыми таным-түсінігіне қарай түрлі жолмен жүзеге асады.

Бұл жағдайдағы адамдар 3 топқа бөлінеді: 1. Ғалым, 2. Ізденуші (мутаалим) және 3. Қатардағы азамат.

Осы айтылғандарды ескермеген жағдайда тығырықтан шығу былай тұрсын, мәселені одан сайын ушықтырып, күрделендіріп жібереді.

1. Ғалымдарды білім-білігіне қарай катеорияға бөлгенде, олардың дәрежесі (мұтлақ, мұқаияд) мүжтәхид деп белгіленеді. Көпшілік ғалымдардың көзқарасы бойынша кез- келген мәселені егжей-тегжейлі зерттеп, фиқһи үкім шығаруға қабілеті жететін мұтлақ мүжтәхид ғалымдардың өзгелерге еліктеп, бағынуы ақылға сыймайды. Ал тағы бір көзқарас бойынша, мұндай ғалымдар үшін ұтымды ұсыныс айтқан қатардағы өзге ғалымның көзқарасын құптап, пәтуасын жарамды деп табуы сөкеттікке жатпайды. Ал өз деңгейіндегі ғалымның көзқарасына еріп, амал ету дұрыс емес.

2. Ол – қатардағы жай адам мен мүжтәхид ғалым арасындағы тұлға. Оның қарапайым адамнан айырмашылығы болғанымен, мүжтәхид дәрежесіне жетпеген. Үмбеттің шариғат ілімдерімен айналысатын маман ғалымдары әдетте осы санаттан. Кей ғалымдар мүжтәхид дәрежесіне жетпегендіктен, оларды ауам (жай халық) қатарына жатқызса, кейбіреулері ихтилафтық мәселелерде ғалымдардың көзқарастарын таңдауға ерікті екендіктерін айтады. Осы ізденушінің (мутааллим) жағдайы екі түрлі боп келеді:

а) Алдынан қандай мәселе шықса да, оны тыңғылықты зерттеуге қажыр-қайраты жететін ізденімпаз; зерттеуге қажетті деректерге қол жеткізе алатын әрі оны сараптап, саралай алатын тұлға. Бастысы − зерттеу арқылы қол жеткізген дәлелге қатысты жүрегінде зәредей күмән болмауы қажет. Мұндай кісі өзі жөн көрген дәлелге тоқтап, өз бетінше әрекет ете алады. Басқа ғалымдардың да көзқарастарына құрметпен қарай отырып, өзінің пікірін қорғай білуі керек. Ал, оның келтірген дәлелі ақиқатқа (Құран мен сүннетке) қаншалықты жақын екендігі оның үкімінің қаншалықты тиімділігімен өлшенеді.

ә) Ілімінің жеткіліксіздігі немесе ғылыми зерттеулерге қабілеті жоқ яки қолында деректер жеткілікті болмаған жағдайда белгілі дәлелдердің өзінен қорытынды шығара алмайтын тұлға. Ондай адамның пәтуа беруіне қақысы жоқ. Дәлелдерді зерттеп-зерделеуге қарым-қабілеті жетпейтін адамдардың жағдайы уммилердің жағдайына ұқсас. Бұл өз кезегінде өрескел қателікке, тіпті адам айтқысыз апатқа ұрындыруы мүмкін. Құранда бұған қатысты «Білмесеңдер, білетіндерден сұраңдар» делінген.

3. Умми, яғни, қатардағы жай адам, қарапайым халық кез келген мәселенің астарына үңіліп, қыр-сыры мен ішек қырындысына дейін зерттеп-зерделеуге шамасы жетпейтіндіктен, мәзһаб имамының сөзіне тоқтауға мәжбүр. Қатардағы қарапайым адам өз ойларымен емес, білетін адамдардан сұрап, сонымен амал етуі қажет. Шын мәнінде, шариғи ілімдірді терең меңгермеген қарапайым адамдардың мүжтәхид ғалымдар секілді әр нәрсенің басын бір шалып, жөнсіз килігуі қоғам қажеттіліктерін өтеуге кері әсерін тигізеді. Адамдар белгілі бір мамандықпен айналысудан қалады, басқа сала, өнер, мәдениет дамымай, қоғам дағдарысқа ұшырайды. Иә, әркім өз мамандығын жете игеруі керек. Бәрінің мүжтәхид дәрежесінде фиқһтық үкімдерді білуі мүмкін емес. Бұл, әсіресе, Ислам ілімінде әлі «әліпті таяқ деп білмейтін» біздің қоғамымызда аяқты аңдап баспасақ, арты жақсылыққа апармайтын қатерлі қадам.

материал «Әбу Ханифа және ханафи мәзһабы» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: