25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Қабірде сұрау алатын 2 періште

Қабірде сұрау алатын 2 періште

Ақида
Жарнама

Мүнкәр мен Нәкир – қабірде адамдарды сұраққа алатын періштелердің аты. Бұл сөзді қазақшаға тәржімелесек, «белгісіз, тосын, бейтаныс, бөгде» деген мағыналарды білдіреді. Мүнкәр мен Нәкир қабірдегі адамға бұрын-соңды көрмеген, тіпті ойына да келмеген бейнеде келетіндіктен болса керек.

Имам Ғазали өз еңбегінде: «Құл өлген кезінде қара түсті, жасыл көзді екі періште келеді. Біреуі – Нәкир, екіншісі – Мүнкәр...»[1], – десе, имам Суюти: «Қабір – ақырет аялдамаларының алғашқысы. Кімде-кім осы аялдамадан аман-есен өтсе, кейінгі аялдамалардан да аман-есен өтеді. Ал өте алмаса кейінгілерді өту одан да қиын болады»,[2] – дейді. Қабір әлемін бастан кешіру адамдардың бәріне тән құбылыс. Одан ешкім қашып құтыла алмайды.

Адам баласы қабірге жерленгеннен кейін «Мүнкәр» мен «Нәкир» деп аталатын екі періште қабірдегі адамға келіп: «Раббың кім? Пайғамбарың кім? Кітабың не?» деген тәрізді сұрақтар қойып, сол сұрақтарға берген жауаптарына қарай онымен қарым-қатынас жасайды.[3] Сұраққа жауап бергендер үшін қабір жайлы мекенге айналып, іші нұрлана түссе, сұрақтарға жауап бере алмағандар үшін қабір азабы басталады. Құранда: «Алла иман келтіргендерді, дүние тіршілігінде де, ақыретте де мықты сөзбен бекітеді»[4], – деген аят бар. Бұл жайында мына хадисте былай делінеді: «Құл қабірге жерленіп, ағайын-достары кері қайтқанда мәйіт олардың қадамдарының дыбысына дейін естіп жатады. Сосын оған (Мүнкәр, Нәкир) деп аталатын екі періште келеді. Олар мәйітті отырғызып, сұрақ қоя бастайды...»,[5] – деген. Сондықтан иманы кәміл кісі өмірде қандай қатты қиындық көрсе де «Алладан басқа ешбір құдай жоқ, Мұхаммед Оның елшісі» деген сенімге берік болып, қабірдегі сұрақтарға да дұрыс жауап береді. Қабірге қойылған әрбір адам қай ұлттан болса да, қай тілде сөйлесе де періштелердің бұл сұрақтарын түсінеді.

Пайғамбарымыз (саллаллаһу ғаләйһи уә сәлләм) Мүнкәр мен Нәкир періштелері мен пенденің арасындағы сұрақ-жауапты былайша суреттейді: Екі періште келіп қабірдегі адамнан сұрай бастайды. Періштелер: «Раббың кім?», – дейді. Қабірдегі мүмін: «Раббым Алла», – дейді. Періштелер: «Дінің не?» – Дінім – Ислам. Періштелер: «Елші болып жіберілген кім?» «Алланың елшісі Мұхаммед (саллаллаһу ғаләйһи уә сәлләм)». Періштелер: «Амалың не?» – дегенде, «Алланың кітабын оқып иман еттім және мойынсұндым» – деп жауап беруі тиіс.

Материал «Періштелерге иман» кітабынан алынды.

Ummet.kz


[1] Ғазали, Иһиау улумид-дин, 83

[2] Суюти, Кабир әлемі (ауд: Абдуллаһ Айдын), Стамбул, 2000, 200

[3] Қараңыз: Тирмизи, Жәнаиз,70; Мүснәд, 3/126

[4] Ибраһим, 14/27

[5] Бухари, Жәнаиз, 68, 87; Муслим, Жаннат, 70; Әбу Дәуд, Жәнаиз, 78

Бөлісу: