25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Алланың көркем есімдері

Ақида
Жарнама

а) «Алла» сөзі – қайталанбас ұғым

«Алла» сөзі жеке бір есім болып, ешқандай тілге аударылмайды және ешбір тілде «Алла» сөзінің орнына қолданылатын сөз жоқ. Себебі, «Алла» сөзі тек Алла үшін қолданылады, және бұл сөздің көпше түрі не мағыналық басқа да нақты баламасы болмайды.

Құрандағы Алла ұғымын білдіретін «Иләһ», «Мәулә», «Рабб» сөздерінің өзі Алла сөзінің тікелей мағынасын бермейді. Сол секілді қазақ тіліндегі «Құдай», «Тәңірі», сөздері де Алла атауының орнына дәлме‑дәл келмейді. Ал бұл терминнің араб тіліндегі баламасы ретінде - «Иләһ», «Рабб», «Мәулә» сөздерін айтуға болады. Әрине, жоғарыда айтқанымыздай бұл сөздер де «Алла» сөзінің орнын қай тұрғыдан да болсын (семантикалық не грамматикалық) алмастыра алмайды.

б) Алланың ұлық есімдері (Исмул-Ағзам)

Аят пен хадистерде Алла Тағаланың көптеген есімдері айтылған. Бұл есімдердің әрбірі Алланың сипаттарымен тікелей байланысты, әрі мағыналары сол сипаттардан алынған. Ал, Пайғамбарымыз (с.а.у.) кейбір хадистерінде Аллатың ең ұлық есімдерін айтып, егер осы есімдер арқылы дұға жасалатын болса, ол дұға‑тілектердің міндетті түрде қабыл болатындығын ескерткен. Ислам ғұламалары осы ұлы есімдер жайында нақты бір шешімге келе алмаған. Өйткені, Алланың барлық есімдері бірдей, бір есім өзге бір есімнен артық, жоғары бола алмайды және ең ұлы есім деп кейбір есімдерді бөле-жарып қарауға тағы болмайды дейді бір топ ғалымдарымыз.

Ал ғалымдардың және бір тобы Алла Тағаланың ең ұлы есімдерінің саны үшеу дейді. Мұндай шешімге келудің себебін олар мына хадиспен түсіндіреді:

 «Әсмә бинти Язид Хазіреті Пайғамбарымыздың былай дегенін риуаят етеді: Алланың ең ұлы есімдері мына екі аятта айтылған: «Тәңірлерің бір-ақ Тәңір. Одан басқа ешбір тәңір жоқ. Ол аса қамқор (Рахман), ерекше мейірімді (Рахим)» (2.Бақара – 163).

«Әлиф, Ләм, Мим. Алла, Ол сондай Алла. Одан басқа ешқандай тәңірі жоқ. Ол тірі (хай), толық меңгеруші (қойюм)» (3.Әли-Имран, 1-2). (Ахмед б. Ханбал, Әбу Дәуіт, Тирмизи).

Келесі бір хадисте былай делінеді: «Әнәстан (р.а.) риуаят етіледі. Расулулламен (с.а.у.) бірге мешітте отырған болатынбыз. Бір мұсылман намаз оқып жатыр еді. Намаздан кейін ол былай деп дұға етті: «Аллам, мен мақтаудың саған тән екендігін және Сенен басқа тәңірі болмағандықтан Сенен тілеймін. Нығметті берген Сенсің, аспан мен жерді жаратқан Сенсің. Әй, Зул-жәләли уәл-икрам, әл-Хай және Қайюм болған Аллам...». Расулулла (с.а.у.) бұдан кейін былай дейді: «Ол адам Алла Тағалаға ең ұлы есімдерімен дұға етті. Ол исми ағзам, сол есіммен дұға етілген кезде қабыл болады. Ол есімдермен сұралған кезде Алла сұрағанын береді» (Әбу Дәуіт, Тирмизи, Таж, 5-97).

Міне осы айтылған хадис аясында ғұламалар Алланың ұлы есімдерінен төмендегі үшеуін бөлекше атайды:

1) әл-Хайюл-Қайюм – таухидтің барлық негізі осы екі есімге байланысты.

2) Зул-Жәләли уәл-Икрам – яғни, Аллатың Жәләл есімі Оның бүкіл нұқсан сипаттардан пәк екендігін білдірсе, Икрам есімі бүкіл кәміл сипаттардың Жаратушыға тән екендігін білдіреді.

3) Алла – бұл есім Алла Тағаланың бүкіл есімдерін құрайды. Мысалы, Рахман, Рахим, Алим, Қадир сипаттарына иесі кім деп сұралса, әлбетте Алла деп жауап беріледі.

в) Аллатың ең көркем есімдері (әсмәул - хусна)

Құран Кәрімде Алла Тағаланы сипаттаушы есімдер айтылғандай және бұл есімдермен қоса өзге де есімдерге «әсмәул хусна» (ең көркем есімдер) деп атаймыз. Есімдердің ең әдемісі, ең көркемі әлбетте Аллатың есімдері болып табылады. Себебі, Алладан басқа ешбір нәрсе кәміл, кемшіліксіз емес. Құран бұл жайында: «Ол Алла. Одан басқа ешбір тәңір жоқ. Ең көркем аттар Оған тән» (20.Таһа-8). Және бір сүреде: «Ол Алла, жаратушы, жоқтан бар етуші және бейнелеуші. Аттардың ең көркемі Оған тән. Көктер мен жердегі нәрселердің барлығы Оны дәріптейді. Ол өте үстем, Аса дана» (59. Хашыр-24) – дейді.

Құран Кәрім мен сахих хадистерде Алла Тағаланың көптеген есімдері айтылған. Біз осы есімдер арқылы Алланы танимыз. Ал сол есімдер арқылы дұға жасаудың абзал болатыны мына аятта айқын байқалады: «Ең жақсы атаулар Аллаға тән. Оған сол аттарымен жалбарыныңдар» (7.Али Имран-180). Осы мәселе тұрғысында келесі бір аятта былай делінеді: «(Мұхаммед (с.а.у.)) оларға айт: Мейлі Алла деп, немесе Рахман деп дұға етсін. Қайсысымен дұға етсеңдер, атасаңдар да ең көркем аттар оған тән» (17.Исра-110).

Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір күні Хазіреті Айша (р.а.) анамызға: - Я, Айша! Алла Тағала маған қабыл болу тұрғысынан қай есімімен дұға жасаудың абзал екенін үйреткенін білетін бе едің?, – деп сұрайды. Хазіреті Айша (р.а.): - Әке-шешем саған пида болсын, уа, Аллатың Елшісі! Соны маған үйретіңіз, - деген кезде Пайғамбарымыз (с.а.у.): - Әй, Айша! Ол есім саған үйретілмегені дұрыс, - деп жауап береді. Бұдан кейін Хазіреті Айша (р.а.) анамыз ол жерден тұрып кетеді де, біраз уақыттан кейін қайтып келіп Хазіреті Пайғамбардың (с.а.у.) басын сүйіп: - Я, Расулуллаһ! Өтінем, маған сол дұғаны үйретіңізші, - дейді. Расулулла тағы да: - Әй, Айша! Ол есімді саған үйрете алмаймын. Өйткені сен ол есіммен дүниелік бір нәрсе сұрайтын болсаң, дұрыс болмайды, - деп жауап береді. Хазіреті Айша (р.а.) анамыз осы жауаптан кейін тұрып кетеді де, дәрет алып екі рекат намаз оқиды. Артынан Алла Тағалаға былай деп дұға етеді: - Уа, Раббым! Мен Сені «Алла» деп шақырамын, дұға етемін. Әр-Рахман, әл-Бәрр және әр-Рахим деп шақырамын. Білетін білмейтін бүкіл ең әдемі есімдеріңмен Сені шақырамын. Мені кешіруің және маған мархамат етуің үшін саған дұға етіп жатырмын! Хазіреті Айша (р.а.) анамыздың осылай дұға еткенін естіген Расулулла (с.а.у.) күлімсіреп былай дейді: - Шынында да әлгі есімдер сенің жасаған дұғаңның ішіндегі есімдер! (Ибн Мажа, Дуа – 9). Жоғарыда келтірілген аят пен хадистерден түйгеніміз– дұға жасау барысында ең бастысы Алланың ең көркем есімдері арқылы барынша шынайы, терең ықыласпен жалбарыну болмақ.

Алла Тағаланың есімдері өте көп, бірақ сол есімдердің ішіндегі 99-ы мәшһур есімдер болып танылады. Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадис‑шәріпте: «Алла Тағаланың 99 есімі бар. Кімде кім сол есімдерді санап айтатын болса, жәннәтқа кіреді» (Бухари, Кита- бул шурут – 1193) ‑ дейді.

 Міне, бұдан Аллатың 99 есімін санап айтудың өзі жәннәтқа апаратын бірден‑бір амал екендігі мәлім болып тұр. Бұның өзі бір жағынан аз амалмен көп сауап алудың жолын көрсетеді.

  1. Алла
  2. әр-Рахман – аса қамқор
  3. әр-Рахим – аса мейірімді
  4. әл-Мәлик – бүкіл әлемдердің егесі, әміршісі
  5. әл-Қуддус – барша кемшіліктен пәк, қасиетті
  6. әс-Сәлам – жаратқандарын амандықта ұстаушы
  7. әл-Мумин – жүрекке иман беруші, азаптан қорғаушы
  8. әл-Мухаймин – әр уақыт өз саясына алушы, үкімінің астына алушы
  9. әл-Азиз – ұлы, жеңілуі мүмкін емес жеңімпаз
  10. әл-Жаббар – өзінің үкімін барша әлемге жеткізуші, қалағанын күштеп жасатушы
  11. әл-Мутәкәббир – барлық нәрседе ұлылығын көрсетуші
  12. әл-Халиқ – барлық нәрсені жаратушы, жоқтан жаратушы
  13. әл-Бари – кемшіліксіз жаратушы
  14. әл-Мұсаууир - әрбір қалаған нәрсесіне бейне беруші
  15. әл-Ғаффар – күнәларды кешіруші, жарылқаушы
  16. әл-Қаһһар - қалаған нәрсесіне үстем болушы
  17. әл-Уаһһаб – түрлі нығметтерді қайтарымсыз беруші
  18. әр-Раззақ – жаратылғандардың рызық – несібесін беруші
  19. әл-Фаттах – хайыр есіктерін ашушы
  20. әл-Алим – барлық нәрсені өте жақсы білуші
  21. әл-Қабид – рухтарды алып қалушы, жан алушы
  22. әл-Басит – рызықты молайтушы, өмірді ұзартушы
  23. әл-Хафид – кәпірлердің беделін түсіруші
  24. әр-Рафиғ – муминдерді көтеруші, жоғарылатушы
  25. әл-Муиз – ұлықтаған, ізеттілік пен күш беруші
  26. әл-Музилл – қиыншылықпен сынаушы
  27. әс-Сәмиғ – барлық нәрсені естуші
  28. әл-Басир – барлық нәрсені көруші
  29. әл-Хакәм – үкім беруші, жақсыны жаманнан айырушы
  30. әл-Адил - әділетті
  31. әл-Латиф – құлдарына Лұтуф етуші, түрлі пайдаларға кенелтуші
  32. әл-Хабир – барлық нәрседен хабардар
  33. әл-Халим - пенделерге жаза берерде жұмсақ болушы
  34. әл-Азим – заты мен сипаттарында өте ұлық
  35. әл-Ғафур – аса кешірімді, жарылқаушы
  36. әш-Шәкур – аз амалға көп сауап беруші, шүкіршілік иесі
  37. әл-Алии – өте жоғары
  38. әл-Кәбир - өте үлкен
  39. әл-Хафиз – сақтаушы, бәлекеттерден қорғаушы
  40. әл-Муқит – әрбір жаратылғандардың азығын беруші
  41. әл-Хасиб - әрбір пенденің ғұмырлық һарекетінен есеп алушы
  42. әл-Жәлил – ұлылық иесі
  43. әл-Кәрим – өте жомарт
  44. әр-Рақиб – барлық жаратылысты бақылаушы
  45. әл-Мужиб – дұғаларды қабыл етуші
  46. әл-Уасиғ – ілімі мен мейірімі кең
  47. әл-Хаким – хикмет иесі, бүкіл ісінің хикметі бар
  48. әл-Уәдуд – ізгі құлдарын жақсы көруші
  49. әл-Мәжиид – беделі, аты өте жоғары және есімдері әдемі
  50. әл-Баъис – өлгеннен кейін тірілтуші, пайғамбар жіберуші
  51. әш-Шахид – әрбір нәрсеге куә болушы
  52. әл-Хақ – бар екендігінде ешқандай өзгермеген, ақиқат, шынайы
  53. әл-Уәкил – құлдарының істерін орындаушы
  54. әл-Қауи – өте күшті
  55. әл-Мәтин – өте берік, күшті
  56. әл-Уәли – муминдерге дос әрі көмекші
  57. әл-Хамид – мақтау мен мадаққа лайық
  58. әл-Мухси – әрбір нәрсенің санын білуші
  59. әл-Мубди – тіршілікті жоқтан бар етуші
  60. әл-Муид – жаратылғандарды өлтіріп, қайта тірілтуші
  61. әл-Мухи – тірілтіп, өмір беруші
  62. әл-Мумит – жанды бір мақлұқтың жанын алушы
  63. әл-Хай – тірі
  64. әл-Қайюм – барлық нәрсені ұстап тұрушы
  65. әл-Уәжид – қалағанын қалаған уақытта табушы
  66. әл-Маажид – барлық есімдерімен жоғары, ұлық пәк болған
  67. әл-Уахид – затында, сипаттарында, есімдерінде жалғыз
  68. әс-Самад – еш нәрсеге мұқтаж емес
  69. әл-Қадир – қалаған нәрсені істеуге құдіреті жетеді
  70. әл-Муқтадир – барлық нәрсеге күші жетуші
  71. әл-Муқаддим – қалаған нәрсесін қалауы бойынша бірінші кезекке қоюшы
  72. әл-Муаххир – қалаған нәрсесін кейінге шегеруші
  73. әл-Әууәл – бастауы болмаған
  74. әл-Ахир – соңы болмаған
  75. әз-Захир – бар болуы ашық болған
  76. әл-Батин – заты мен болмысы жасырын болған
  77. әл-Уали - әлемді жалғыз өзі басқарып иелік етуші
  78. әл-Мутәали – нұқсандықтардан пәк
  79. әл-Бәрр – құлдарына деген жақсылығы көп
  80. әт-Таууаб – тәубелерді қабыл етуші
  81. әл-Мунтақим – күнәні әділ түрде жазаландырушы
  82. әл-Афуу – кешірімшіл
  83. әр-Рауф – мейірімі көп
  84. Маликул–мулк – мүліктің, дүниенің шынайы егесі
  85. Зул-жәләли уәл-Икрам – ұлылық пен жомарттықтың иесі
  86. әл-Муқсит – әрбір істі ретімен, уақытымен жасаушы
  87. әл-Жамиғ – қалаған нәрсені қалаған уақытта бір жерге жинаушы
  88. әл-Ғани – өте бай, ешкімге мұқтаж емес
  89. әл-Муғни – қалаған пендесін бай етуші
  90. әл-Мани’ – қалаған нәрсеге кедергі бола алушы
  91. әд-Дарр – қалағанын зиянға душар етуші
  92. ән-Нафи’ – қалағанына көп пайда беруші
  93. ән-Нур – нұрландырушы, нұр беруші
  94. әл-Хади – дұрыс жолға салушы, хидаят беруші
  95. әл-Бади’ – ешқандай үлгісіз, мысалсыз жаратушы
  96. әл-Бақи – мәңгілік, соңы болмайтын
  97. әл-Уарис – мүліктің шынайы иесі
  98. әр-Рашид – жол көрсетуші
  99. әс-Сабур - асқан сабыр иесі

(Материал "Иман негіздері" кітабынан алынды)

ummet.kz

Бөлісу: