Ислам адамға жаратылысына сай ғұмыр кешуді насихат етеді. Ал адам табиғатына сәйкес нәрсенің барлығы да дінімізге қайшы емес. Қайта тамаша үйлеседі.
Сондықтан мұсылман адам қандайда бір әсемдікті, жақсы мінезді кімнің бойынан көрсе, оны дереу өз бойына сіңіріп алуға міндетті. Тіпті мұсылман емес кісінің бойынан көрген жақсы нәрсені де алуына еш нәрсе кедергі емес. Бұл пікірдің негізі мұнда жатыр. Әрбір дұрыс һәм әсем нәрсе Исламның құндылығы болып табылады. Барлық әсемдіктер Алланың дініне тиесілі, сол себепті Аллаға иман еткен пенделер әрбір дұрыс нәрсеге ұмтылуы һәм ие болуы керек.
Бірақ кейде жағдай бұлай бола бермейді. Мұсылман бола тұра Исламға сай мінез көрсете алмай жататын жандар кездеседі. Кейде керісінше өзі христиан бола тұра Исламға сай мінездің иесі болады. Мәселен, кейде мұсылман жалған сөйлейді, ал христиан шындықты айтады. Мұсылмандар өздеріне тән осындай жақсы қасиеттерден біршама ұзақтап кетті. Еңбекқорлық, уақытты тиімді қолдану және тазалық секілді біршама құндылықтарда христиандар алда келе жатқаны шындық. Осындай құндылықтар өздеріне тән бола тұра мұсылмандар оларды христиандардан жаңа үйренгендей үйреніп жатыр. Бұған әлбетте дініміз шек қоймайды.
Мұсылмандар қазіргі таңда өзгелерден өте көп нәрселерді алып жатыр. Жалпы алғанда, мұсылман еместерден бір нәрсе үйрену дінімізге қайшы емес. Бірақ алынуы қажетті нәрселерді алып жатқан жоқпыз, керісінше, алуға болмайтын нәрселерді жарыса-жармаса алып жатырмыз.
Негізінде, Батыстан алатын нәрсеміз – білім мен технология болатын. Ал біз олардың технологияларының жарамсызын ғана елімізге әкеліп жатырмыз. Бұған қоса, мәнсіз, мағынасыз модаларына көз жұма еліктедік.
Сөйтіп біз бақыт пен шаттықты дінімізден емес, Батыс қоғамында іске аспай жарамсыз болып қалған модаларынан іздедік. Алайда бұл жағдай бір ғасырға созылса да, әлі де бақытты ғұмырға жетпедік. Себебі, біз бақытты тиісті жерден іздемедік.
материал «Тәрбие сағатынан естеліктер» кітабынан алынды,
ummet.kz