01
Жұма,
Қараша

һижри

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) анасы Әминаның қайтыс болуы

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Пайғамбар анасы Әмина ұлымен бірге Мәдинада бір айдай болып, сағынышы мен шерін тарқатқан соң туған- туыстарымен қоштасып, Меккеге қайтуға бет түзейді.

Ұшы-қиырсыз шөлде үш жолаушы: Болашақ пайғамбар анасы Әмина, сүйікті ұлы және қызметшісі. Үшеуі де үнсіз, мінген көліктері де олардың көңіл түкпіріндегі ауыр қайғыны бөліскендей аяңдап келеді. Әзіз ана мен ойлы баланың жүрегіндегі қасірет, қимас жанмен қоштасу бойларына зіл-батпан ауырлық жүктегендей. Қыршынынан қиылған қимасы еске түскен сайын көз жасын көлдеткен Әминаның көңіліндегі уайымды бөліскендей баласы да өксіп-өксіп қояды.

Өгіз аяңмен үнсіз ұғынысып жолдың жартысына келгенде аяулы ана Әмина сырқаттанып қалады. Үммү Әймен науқастың үдеп бара жатқанын көріп қатты қорқады. Жеткен жерлері – Мекке мен Мәдина арасындағы Әбуа ауылының шеті еді.

Бір ағаштың көлеңкесіне тоқтап, Әминаны қолтығынан демеп жатқызайын дегенде, кесел меңдеген ол, әлі кетіп құлап түседі. Қызметшісі оны дұрыстап жатқызып, жан- жағын қымтайды. Жан тері шыққан анасының басын сүйеп отырған алты жасар Мұхаммедтің сондағы егіліп жылағанын көрсеңіз.

Айнала сүттей ұйыған тыныштық. Қанша уақыт өткенін кім білсін, Әмина көзін ашты. Сол сәтті зарыға күткендей ұлы:

Қалайсың, анашым?” – деді.

Ауруы жанына батса да сездіргісі келмеген ана:

“Жақсымын, ботам, жақсымын”, – деді ернін әзер қимылдатып.

Сөйтті де тағы да ес-түссіз қалды. Біраздан соң “су-у- у” деді сұлық жатқан күйі.

Бала орнынан атып тұрып анасының сұрағанын жеткізді. Хазіреті Әмина бір-екі ұрттады, сүйікті ұлына мейірлене қарап ұзақ жатты, қолынан сипады. Ішіндегі аласапыран сезімді білдірмеуге тырысты. Күйеуінен айрылып бір жыласа, енді жалғызымен қалай қоштаспақ? Жо-жоқ!. . Өмір мен өлім айқасып жатты. Не де болса жазмыштан озмыш жоқ, маңдайға жазғанды көреді-дағы.

Бойын әбден дендеген аурудан айықпасын білген қымбатты ана соңғы рет бар күшін жинап баласының қолынан емірене өпті де:

“Ей, азулы ажал оғынан Жаратқанның құдіретімен жүз түйе құрбан етіп құтылған Абдулланың ұлы!

Алла алдыңнан жарылқасын. Егер түсімде көргенім рас болса, сен ұлы Алла Тағала тарапынан адамзат баласына адал мен арамның айырмасын үйрететін пайғамбар боласың. Сен бабаң Ибраһимнің шын мойынсұнабілушілік қабілетін паш етіп, соның дінін тәмамдайсың. Алла сені әрдайым қолдап, пұттардан, пұтқа табынушылардың зорлық-зомбылығынан аман сақтайды.

Өмірге келген әрбір мақұлық түбінде өледі, жаңа нәрсе ескірмей тұрмайды. Бұл дүниеде бәрі фәни, өткінші. Мен де өлемін, бірақ атым мәңгі жасайтын болады. Себебі артымда пәк періште сынды ұрпағымды қалдырып барам” – деп үздіге сөйледі де, мәңгілікке көз жұмды.

Бұл милади 576 жыл болатын.

Арадан ұзақ жылдар өткенде пайғамбарлар патшасы бір умра сапары тұсында Әбуа ауылының үстінен өтеді. Сонда анасының қабіріне барып дұға оқып, көзіне жас алады. Оның жас балаша жылағанын көрген сахабалар:

“Неге мұнша мұңайдыңыз, уа, Расулалла?” – деп сұрайды.

Сонда пайғамбарымыз тұрып: “Аяулы анамның мәңгілік сапарға аттанардағы халі көзіме елестеп, сондағы маған деген мейірімін дәл қазір сезінгендей болып тұрмын” – деп жауап береді.

 Пайғамбардың ата-анасының иманы турасында

Пайғамбардың ата-анасының иманы мәселесіне келер болсақ,

1) Әкесі Абдуллаh пен анасы Әмина пайғамбарға пайғамбарлық міндеті берілместен көп уақыт бұрын о дүниелік болған, пайғамбарлық келгенге дейінгі фәтрат кезеңінде өмір сүрген.

Бір күні кемеңгер ғұлама Шарафуддин Мұнауиден біреу Мұхаммед пайғамбардың ата-анасы жәhаннамда ма?” деп сұрапты.

Данышпан Мұнауи қатуланып: “Ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.у.) ардақты ата-анасы фәтрат кезеңінде өмірден өткен. Ал пайғамбар жіберілмес бұрын өмір кешкенге азап жоқ, кешірім бар” деп жауап беріпті.

Бір пайғамбардың үндеуін естімеген Алланың жолынан мүлде бейхабар адамның ақыретте азапталмайтыны Құран аяттарында, хадистерде айтылады.

Пайғамбарымыздың ата-анасына өздеріне дейін өмірден өткен пайғамбарлардың тура жолға шақыруы жетпегенін тарих дәлелдейді. Олай болса, сөз жоқ олар ақырет азабына душар болмайды.

2) Алла Елшісінің аяулы әке-шешесінің Аллаға ортақ қосқандығы жайлы бірде бір мәлімет жоқ. Бәлкім олар Зәйд ибн Амр ибн Нуфайл, Уарақа ибн Нәуфал, т. б. сияқты ұлы бабалары Ибраhим (а.с.) пайғамбардан жеткен сенімді, ғұрыпты ұстанған ханифтер болар.

3) Сүйікті пайғамбардың ата-анасының пәк сенімдегі жандар болғандығын “Мен пәк бабалар мен аналардың ұрпағы боп жаратылдым” деген хадис нақтылай түседі.

Құран Кәрімде мүшріктер үшін нәжіс сипаты қолданылған. Тазалық пен нәжіс, иман мен күпір, мумин мен мүшрік қайшы ұғымдар екенін ескерсек, жоғарыдағы хадиске сүйене отырып Алла Расулының ата-бабасының руханияты таза болғандығына көз жеткізе түсеміз.

Алла Хазіреті Мұхаммедті (с.а.у.) бүкіл жаhанға рақым етіп жібергенін баяндайды. Ал жарық дүниеге көзін ашпас бұрын он сегіз мың ғаламға сәуле шашатын Оның нұры ата-бабасының бойында сақталған. Тұла бойында әлемнің нұрын тасып, құрсағында Алла Тағаланың сүйікті елшісін көтерген ана мен әкенің иманына шүбә келтірудің өзі қисынсыз.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.у.) ата-анасының жаны жәннатта, әрбір мұсылман бұл ақиқатты аксиома деп білгені жөн.

(Материал «Адамзаттың асыл тәжі» кітабынан алынды)

Ummet.kz

Бөлісу: