26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Пайғамбарымыздың сүт анасына тапсырылуы мен қайта оралуы

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Сұлтанымен қауышқан әлем шат-шадыман. Пенде атаулының көңілдеріне нұр себетін тұлғаның өз панасында болғаны үшін Арабстанның қуанышы да шексіз. Жалғанда жалғыз рет болатын ғажайып оқиғаның куәсі болған Мекке мерекелік көңіл-күйде.

Хазіреті Әминаның да көңілі жайланған. Торсық шеке ұлына қарап жан жарының қайғысын бір сәтке болса да ұмытқан, болашаққа деген үміті арта түскен, бақыттан басы айналған. Алайда Әмина ана дара туған сәбиін бір аптадай ғана емізді. Арабтардың ежелден қалыптасқан әдеті бойынша нәресте сүтанаға табысталуы керек. Мұхаммедтің (с.а.у.) жақын туысы Әбу Ләһабтың күңі Суәйба осындай игі құрметке ие болды.

Суәйба ханым бұрын Хазіреті Хамзаны да емізген. Пайғамбарымыздың Хамзамен емшектес бауыр атануына себеп болған құрметті ана.

 Өзіне зәредей болса да жақсылық жасағанды ешқашан ұмытпайтын, қайтарымсыз қалдырмайтын, парыз бен қарызды тереңнен пайымдай білетін пайғамбарымыз сүтанасы Суәйбаны өмір бойында назарынан тыс қалдырған емес. Жиі-жиі барып, жағдайын сұрап, көрген жерде ілтипат көрсетіп, сый-сияпат жасаған.

 Иә, әлемнің мақтаны болған пайғамбарымыз қалыптастырған үлгілі мінез-құлықтың негізі – көргенділік еді. Опасыздық, сатқындық атаулының ауылы оның пәк өмірінен алыс болатын. Пайғамбар мінез-құлқын үнемі үлгі еткен оның зайыбы Хадиша да Суәйбаны сатып алып, күңдіктен құтқарғысы келсе де Әбу Ләһаб келіспей-ақ қойған. Арадан көп жыл өткенде, Мұхаммедтің (с.а.у.) Мәдинаға хижретінен соң ғана Әбу Ләһаб Суәйбаны өзі азат еткен.

Әбу Ләһаб – Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у.) әкесінің туған бауыры. Өмір бойы пұтқа табынумен өткен ол, қартайған шағында да інісі Мұхаммедтің (с.а.у.) дініне мойынсұнбаған. Тіпті ең мықты дұшпанына айналған. Сондықтан да Алланың лағынетіне душар болып, күңі Суәйбаның тырнағына татырлық сауап жинай алмаған. Әбу Ләһаб қайтыс болғаннан кейін оны біреу түсінде көреді. Жәһаннамның отына күйіп, жан даусымен ышқынған одан:

“Не болды? Қалың қалай?” – деп сұрайды. Сонда Әбу Ләһаб:

“Мұндағы өмірімді ешкімнің басына бермесін. Аптапқа күйіп, таңдайым кеуіп өліп барам. Суәйбаны күңдіктен азат еткенім үшін, ол да Мұхаммедтің (с.а.у.) сүтанасы болғандықтан ғана аңқамды кептірген шөлден аздап құтылғандай болдым” – депті.

 Оқиға расында да ғибрат аларлық. Ғұмыр бойы Хазіреті Мұхаммедке жамандық ойлап, тосқауыл қоюмен болған Әбу Ләһаб сынды азулы ислам дұшпаны пайғамбардың сүтанасын азат еткені үшін Алланың рақымына бөленген, тозақтағы азабы жеңілдеген. Демек, Алла Тағала сүйікті құлының өзіне тікелей емес, оған қызмет еткендерге жасалған жақсылықтың да қайтарымын береді деген сөз. Олай болса жалған дүниеде болмыстың сұлтаны – Мұхаммедті (с.а.у.) жолбастаушы деп біліп, оның сүннеттерін орындауға ұмтылған мұсылмандарды қандай сый-сияпат күтіп тұрғанын айтуға тіл жетпейді.

Шарананы сүтанаға беру салты

Меккенің ауа райы өте ыстық, жыл бойы шіліңгір аптап шыжып тұратын. Тыныс тарылтатын қала ауасы әсіресе, жаңа туған сәбилер үшін қолайсыздау. Ал даланың ауасы да, суы да әлдеқайда таза. Сахараны мекендейтін кейбір тайпалардың тілдері де тазалығын жоймаған, адамгершілік тұрғысынан да өзгелерден жоғары. Осы себептерге байланысты сол дәуірде құрайыштар ұрпағының денсаулығы мықты, тілі жатық, тәрбиелі болып өсуі үшін Меккеден ұзақтау шөл даланы жайлаған кейбір рулардың әйелдеріне балаларын беріп, ақы төлеп емізуді әдетке айналдырған. Кейде бала сәби шағынан бастап ержеткенше сүт анасының қасында қалатын. Жайлауды жайлайтын көптеген тайпа әйелдері Меккеден бала алып емізуді күнкөріс көзіне айналдырған. Әсіресе, Саад ибн Бәкір тайпасының әйелдері жылына бірнеше рет топ- тобымен Меккеге келіп, үй-үйді жағалап емізетін бала іздейтін.

Саад ибн Бәкір тайпасы адамгершілігімен, ата салтты қадір тұтып, ана тілін қастерлеуімен ерекшеленетін. Сондықтан құрайыштықтар көбінесе жаңа туылған балаларын осы тайпаға аманат ететін.

Кішкентай Мұхаммедті (с.а.у.) Суәйба есімді әйел емізіп жүрген тұста Саад әулетінің басына қара бұлт үйіріліп, бұрын-соңды болмаған құрғақшылықтан халық әбден қиналады. Құрғақшылықтың салдарынан елді жұт жайлап, тайпа халқы бейшара халге түседі. Азық-түлік таусылып, мал азып, сүт қат дүниеге айналған. Қиындықтан шығудың амалын қарастырған Саад ибн Бәкірліктердің әйелдері жиналып, емізетін бала іздеп, соның ақысына жүрек жалғар азық алмақ оймен Меккеге келеді.

 Келгендердің бәрі бірер сәбиді құшақтап, қуанып еліне қайтады. Жоқшылықтың зардабын тартқандықтан болса керек, кішкентай Мұхаммедті (с.а.у.) жетім болғаны үшін ешкімнің алғысы келмейді. Бәрінің ойы – жетімнен түсер пайда аз, көмек те болмашы.

Меккеге жолдастарынан кешеуілдеп қалып, соңынан келген Халима есімді әйел күйеуі екеуі арық есектеріне кезек мініп әрең жеткенде емізерге бала қалмағанын көріп қатты қынжылады. Басқа әйелдер ауқатты отбасыларының нәрестелерін құшақтап мәре-сәре боп үйлеріне қайтқан шақта, байсалды да салиқалы, жүрегі мейірімге толы Халима Алланың өзіне бұйыртқанынан бейхабар күйде уайымға шомып, қала көшелерін оңды-солды кезеді. Ұяңдық пен ибалылық есетін жүзінен шарасыздық аңғарылады. Әрлі-берлі амалсыз аяңдап жүрген оған алдынан жылы жүзді қария кездесе кетеді. Бұл – пайғамбарымыздың атасы Әбдімүттәліп еді. Бір көргеннен-ақ олар бір-бірінің дертіне дәрмен болардай жанарларымен ұғысты. Бірінші болып сөзге тартқан Әбдімүттәліп:

– Сен қайдан келдің?-деді.

 – Саад тайпасынанмын.

– Атың кім?

– Халима.

 – Ғажап! Не деген үйлесімділік, саад пен хилм (Саад – бақыт, жақсылық. Хилм – жұмсақ мінезділік – Д.Ө.И.) қосылса, дүниенің қайыр-берекеті де, ақыреттің ізет- құрметі де сонда болмақ, – деп күрсінді де:

“Ей, Халима! Менің бір жетім немерем бар. Келген әйелдердің ешбірі оны алғысы келмеді. Саған аманат етейін, бәлкім шарананың құрметіне бақытқа, берекетке кенелерсің” деді.

Халима күтпеген ұсынысқа әу дегенде күмәндана қарады. Бірақ аулына бос қайтқысы да келмеген. Сондықтан іштей ұсынысты қабылдаса да күйеуімен ақылдаспақшы. Болған жайды жолдасына баяндап болып:

“Мұнан басқа бала да жоқ. Неге екенін қайдам, жетім де болса бүйрегім осы балаға бұрып тұр. Алайық”, – деді.

Харис қашанғы салмақтылығына салып:

“Жетімнің де өз нәсібі бар. Құдай деген жанбыз ғой, алсақ алайық”, – деп келісе кетті.

Екеуі Әбдімүттәліпке келіп келіскендіктерін айтады. Әбдімүттәліп Халиманы нұрлы да сырлы Хазіреті Әминаның қарапайым лашығына ертіп әкеледі.

 Халима сәбидің жанына келгенде өнбойы нұрға толы Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.) биязы жүннен тоқылған құндаққа оралған күйі, жасыл көрпешенің үстінде ештеңеден бейхабар тәтті ұйқы құшағында. Бөлме ішін жайлаған сәбидің хош иісін сезбеу мүмкін емес. Халима бір көргеннен балаға іш тартып, қуанышын тілмен айтып жеткізе алмады. Емізетін нәресте таппай қиналып тұрғанда аяқ астынан мынадай сәбиге ие болу неткен бақыт!

Халима шыдай алмай, баланың қасына жақын барып, көрпенің шетін жай ғана көтеріп, мақтадан мамық, сүттен ақ, гүл иісті қолынан, маңдайынан аналық мейіріммен иіскеп, сүйді. Сол сәтте сәби көзін ашып, Халимаға қарап күлімсіреді. Екі жақ келіскендей болды.

Бірі - емізетін нәресте таба алмай мұңайған ана, екіншісі - ешкімнің алғысы келмеген Нұр жетім… Сөйтіп, тағдырлар тоғысты…

Нұр жетім – Пайғамбарымыз (с.а.у.) Халиманың құшағында. Қанша күннен бері суалып, бір тамшы сүт тамбаған омырау сәби еме бастағаннан-ақ тырсылдап, толды. Халиманың да, күйеуі Харистің де таңданысында шек жоқ. Халима ана мұнан былай қарай оң жағымен Мұхаммедті (с.а.у.), сол жағымен өз ұлы Абдулланы емізбек.

Халима Нұр жетімді құшағына алған күйі атасымен, анасымен қоштасып жолға шықты. Әмина ана сәбиінен жылай-жылай айырылып, Халимаға қайта-қайта тапсырды.

Жолай ерлі-зайыптылар бір жерде түнейді. Таңалагеуімде Харис түйелерін саууға барады. Ғажапқа қараңыз, інгендердің бәрінің желіні тырсылдап, сүт шүмектеп ағып тұрады. Қуанғанынан Халимаға:

“Сен алған нәрестенің мүбәрак, қайырлы екендігіне еш шүбәм қалмады”, – деп дауыстайды.

Халима да оны қостап:

“Менің де үмітім мол”, – деді.

Мекке артта қалған. Халима баяғы кәрі есегіне мініп, құшағына сүтбаласын алды. Есек алды-артына қарамай желе жөнелді. Жылдамдығында шек жоқ. Тіпті өзінен күн ілгері жолға шыққан әйелдерді қуып жетіп, басып озған сәтте артта қалғандар:

“Ей, Халима, саған не болған? Бізді неге тастап барасың? Есегіңді ауыстырғансың-ау, сірә?” –деп шуылдасып қала берді.

Есек, бәз баяғы есек болатын. Тек айырмашылығы, оның үстінде дүниенің сұлтаны кетіп бара жатқан-ды. Осынау игі құрметке ие болған жануар да ескі аяңын ұмытқан.

Халима жолдастарына бұрылып:

“Бұл сырды өзім де ұқпай келемін. Не де болса жақсылықтың бары рас”, – деді.

Алайда топ әйелден бірде-біреуі мәселенің астарын ұға қоймады. Мұның бәрі нұр жүзді нәрестенің келешектің пайғамбары екендігінің белгілері еді.

Жолда осындай түсініксіз жайттарды бастарынан кешірген Халима мен Харис ауылдарына келіп жетеді. Сол күннен бастап болашақ ғаламның рақым пайғамбары Саад әулетінің ауылын мекендей бастайды. Ауылдың азғын ахуалын тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Қайда қарасаң да көретінің-құрғақшылық, құнары қашқан топырақ, аштан бұратылған халық, көтерем мал, суы тартылған құдық.

Тек бір ғана шаңырақтың берекеті асып-тасып төгіліп жатты. Мұхаммедті (с.а.у.) әкелген күннен бастап Харистің дастарханы нанға, өрісі малға толды. Жануарлары жайылымнан желіндері жер сызып қайтатын. Отбасының көңілі тоқ, уайымы жоқ. Өзгенің малы оттауға шөп таба алмай ыңыршағы айналып тұрса, бұлардікі күннен күнге семіріп барады. Мұны көрген көрші-көлем бақташыларын қарғап-сіледі.

 “Елдің малы семіздіктен жарылғалы тұр, солардың барған жеріне қарай айдасаңдар қайтеді? Жоқ-жоқ дей бергеннен бірдеңе шыға ма?”

Таңның атысы, күннің батысы еңбектенгендіктеріне қарамастан бақташылардың да еңбегі – еш, тұзы – сор. Қожайындарына қалай түсіндірсе де ештеңе шықпайтынын ұққан олар үндемей құтылуды жөн санайды.

Алайда шопандар да, қожалары да Харистің малдарындағы өзгешелікті түсіне алмай әлек. Әлбетте мәселенің астарында көпке беймәлім сыр бар-ды. Бұл себеп әзірге Халима мен оның күйеуінен басқаға жұмбақ. Келіп сұрағандарға Халима:

“Мұның өріске де, шөпке де еш қатысы жоқ. Береке Меккеден қайтқан шақта басталды. Бұл да ұлы Раббымның бергені болар. Біз бергеніңе – береке деумен өмір сүріп жатқан жандармыз”, – деп қана қоятын.

 Бақташылар оның айтқандарынан ештеңе түсінбеді. Дегенмен таңданыстары орынды еді. Барша әлемдердің иесі Алла Тағала өзінің ең сүйікті пендесі – Мұхаммедті (с.а.у.) бауырларына басып, ақ сүтін емізгені үшін Халиманың үйіне береке, көңілдеріне мереке сыйлаған. Халима мен Харис мұны іштей түйсінді. Нұр жүзді бүлдіршінге ерекше ілтипатпен қарады. Қараған жанның сұғынан сақтап, аялап бақты.

 Жаңбыр дұғасы. Оның нәтижесі.

Саадтар бүкіл ауыл болып құрғақшылықтан ауыр жапа шекті. Халық жиі-жиі тасаттыққа шығып, әрқайсысы өзі иланатын пұтына жалбарынып жаңбыр сұрайды. Аптаптың беті қайтар түрі көрінбейді, қайта күн өткен сайын шыжғырып, мал мен жанның қауқары азайған. Қанша рет пұттарына жалынып, дұға жасап, құрбан шалса да нәтижесіз.

Осылай дәрменсіздіктен қалжыраған халық әдеттегідей бір жұма күні ең биік төбенің басына шығып, көкке қол жайып жаңбыр тілеген. Бір тамшыға зар көңілдер мұңды. Көпшілік арасында болашақ пайғамбардың сүт анасы Халима да бар. Тіл-сұқтан қызғыштай қоритын берекелі бүлдіршінді үйінде, емшектес бауыры Абдуллаһпен бірге қалдырып кеткен.

Дұғалар аяқталуға таяған. Үмітсіз, шаршаңқы, жүдеу жандар қайтуға әзірленген тұста, Халимамен көрші тұратын бір әйел дұғасын енді жасап бола берген дінбасының қасына таяу барып:

“Мырзеке, қанша уақыттан бері талмай дұға жасаумен әлекпіз. Біз шаршамаспыз-ау, бірақ нәтижесі осы уаққа дейін болар еді ғой. Арамызда ең болмаса біреуміз қайырлы болғанда жаңбыр әлдеқашан жауар ма еді, кім білсін?”, – деді.

Алғашқыда әйелдің сөзін ұнатыңқырамай, тіксініп қалған дінбасы:

“Айтқаның жөн-ақ делік. Бірақ біздің міндетіміз – сұрау, тілеу ғана. Ненің қайырлы боларын Тәңірден артық ешкім білмейді”, – деді.

Бұл жолы әйел айтпақ ойын бүкпесіз жайып салды:

“Дұрыс, дұрыс. Алайда менің айтпағым мүлде басқа нәрсе. Көршім Халиманың үйінде меккелік бір нәресте бар. Сол бала келгелі қоңсымыздың үйі берекенің бесігіне айналды. Аңдағанымыз – сәбидің аяғы құтты сияқты. Періште ғой, қанша дегенмен, соны осында алдырсақ қайтеді? Бәлкім, тілегіміз қабыл болар”.

Дінбасы күмәндана қарады. Әйел қайта-қайта бастырмалатып өтініп қоймаған соң келісуге мәжбүр.

Кейуана сүрініп-қабынып жүріп көптің ішінен Халиманы әзер тапты-ау. Болған жайды асығып-аптығып баяндап берді. Халима келісе кетті. Өйткені, нұр жүзді балдырғанның берекенің бастауы екендігіне бірнеше мәрте куә болған. Жүгірген бойы үйлеріне барды. Хазіреті Мұхаммедті (с.а.у.) құндақтаған күйі далаға алып шығып, төбеге қарай аяңдады. Күннің қызуынан қорғау үшін анасы баланың бетін шүберекпен көлегейлеген. Ми қайнатар ыстық тәні нәзік бала түгіл, ересек адамды қуырып барады. Үйден бірнеше қадам шыққанда екі әйел тағы да таңғажайыптың куәсі болды.

Тура үстерінде бір шөкім ғана бұлт оларды, құдды қолшатыр сынды қорғап келеді екен. Алдымен екеуі де мән бермегенсіді, бірақ таңданыстарын жасырып қала алмады. Сәбидің бетін көлегейлеген шүберектің де қажеті болмай қалды. Қуаныштарында шек жоқ. Шарана да мұны сезгендей тәтті жымиып қойды. Сөйтіп көпшілікке қалай жеткендерін де аңдамай қалды.

Баста наразы болған дінбасы да оларды күлімсірей қарсы алды. Себебі, үйден шыққаннан бері қарай ерекше ақ шаңқан бұлттың бұларға күн түсірмей келгенін бақылап тұрған.

Дінбасы Мұхаммедті (с.а.у.) қолына алып, халыққа қарап жар салды:

 “Уа, жиналған қауым! Менің қолымдағы бала келген үйіне береке әкелген меккелік сәби. Осы пәк нәрестенің құрметіне жаңбыр жауғыза гөр деп рақымы мол Раббымызға тағы да жалбарынайық!”

Халық қол жайып, күбірлесіп дұғаларын айта бастады. Топ басшысы да қолындағы сәбидің отты жанарынан көзін айыра алмай, көп қарады. Жан-тәнімен “Осы сүйкімді сәби үшін бізге де рақым ет” деп тұрғандай…

 Көпшіліктің бірнеше айдан бергі тілегі енді қабыл болғандай. Сәбиді көлеңкелеген бұлт бірте-бірте ұлғайды да, әлден уақытта жаңбыр сіркірей бастады. Адамдар әуелде сенер-сенбесін білмей дағдарып қалған. Тамшылар жиілей бастағанда:

“Жаңбыр! Рахмет жауды! Нұр жауды!”, – деген қуанышты дауыстар айдай әлемге жар салды.

 Әбден сусаған қара жер жауын суын тойымсыздана сіңіріп, құмарлана қанып жатты. Жауынның қызығына берілген халық рахмет нұрының нақ бүгін жауу себебіне үңілген де жоқ. Бұл әзірше сыр күйінде қалуға тиіс еді. Өйткені, рахметке себеп болған қасиетті тұлға әлі бірнеше айлық қана сәби. Әрине, былайғы адамдардың көзінде ол – нәресте, ал Алланың назарында ол – ең сүйікті құл, пайғамбарлар пайғамбары, екі дүниенің нұры - Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.) еді.

Саад әулеті суға қарық болды. Жер көгеріп, ағаштар бүршік жарды. Мал тойып, сүт молайды. Жаңбырдың себебін білгендер саусақпен санарлық қана, олар:

“Бұл сәби - жақсылықтың жаршысы, берекенің белгісі”- деп қайталаумен болды.

 Даланың таза ауасы баланың сау-саламат өсіп- жетілуіне ыңғайлы-тын. Сүйікті пайғамбарымыз қай жағынан болсын, жылдам жетіліп, өз құрдастарынан оқ бойы озық тұрды. Сегіз айлығында тілі шыққан ол, бір айдан кейін-ақ таза сөйлеп кетеді. Он айлығында өзінен бірнеше жас үлкен балалармен бірдей бойы, ойы жетілген- ді. Оқ атып ойнап, күш сынасатындай еді. Екі жасқа толғанда емшектен шықты. Соған дейін Халиманың отбасы былай тұрсын, бүкіл ру мол несібеге, ырзыққа кенелді. Небары екі жасар бола тұра Хазіреті Мұхаммед(с.а.у.) басқа балалардан байсалдылығымен, салмақтылығымен, ойлылығымен ерекшеленетін. Сымбат пен сұлулықта да одан озар жан жоқ.

Сөйтіп жүргенде сәбиді анасына қайтаратын мезгіл де келіп жетті. Мұхаммедті (с.а.у.) өз балаларынан артық көретін Халима мұңайып, тасалау жерде көзінің жасын сығып та алды. Шарасыз еді. Нұр Мұхаммедтің (с.а.у.) жұпар иісінен мақрұм қалу ол үшін дүниенің ең ауыр азабына тең. Бірақ амал не? Сүтбаласын құшақтаған күйі Меккеге келді.

Сондағы Хазіреті Әминаның мәз-мейрам болғанын көрсеңіз. Бірінің – алпыс екі тамырын идіріп емізген ананың көңілі пәс, шерлі болса, екіншісінің-тоғыз ай толғатып туған ананың қуанышы шексіз. Қоштасар сәт те келді.

Дәл осы мезетте Халиманың ойына маңызды бір нәрсе түскендей іркіліп, біраздан соң жалынышты үнмен:

“Ұлымды тағы біраз уақыт маған бере алмайсыз ба? Меккені жайлаған оба індеті жұғып кете ме деп қатты уайымдап тұрмын” – деді.

Шын көңілден шыққан өтінішке, қанша қиын болса да, әзіз ана Әмина қарсы келмеді. Сөйтіп Мұхаммед тағы да сүт емген мекеніне – Саадтардың ортасына қайтып оралды. Бұл кезде Мұхаммед екі жаста болса да үй тірлігіне көмектесуден жалықпайды. Емшектес бауыры Абдулламен бірге қозы бағуға шығатын. Қошақандармен асыр салып ойнағанды ұнататын, мал екеш мал да оның жанынан үйіріліп шықпайды. Дүниенің болашақ сұлтаны мал жайлап жүріп көкжүзінен көзін айырмайтын. Өзіне беймәлім сырды ашуға асыққандай, аспаннан ерекше хабар күткендей кейіпте.

Көптің көзінен таса қалмаған тағы бір нәрсе, Мұхаммедтің (с.а.у.) төбесінде бір шөкім бұлт бейне бір оның қорғаушысындай қалмайтын. Баланың әдемілігі, сүйкімді қылықтары, тәрбиелілігі ауыздан-ауызға жыр боп тарай бастаған. Құрбы-құрдастары да оған ұқсауға, одан үйренуге талпынды.

Пайғамбарымыз Саадтардың арасында өмірінің ең тыныш, ең тәтті күндерін өткізіп жатты.

Көктемнің жайма шуақ күндерінің бірінде Мұхаммед (с.а.у.) бауыры Абдулламен бірге өрісте қозы бағып жүреді. Қошақандарын шүйгін жерге оттатып қойып екеуі әңгіме қызығына беріліп кетеді. Бұл олардың күнделікті әдеті еді. Біраздан соң Абдулла отырған жерінде қалғып кетеді. Бала Мұхаммед болса айналасына барлай қарап, оны Жаратушының құдіретіне тамсанып ойға шомады. Әлден уақытта қозылардың алыстап кеткенін байқап, қайтармақ боп жүгіре жөнеледі.

 Екпіндей жүгіріп келе жатқан оның алдынан кенет ақ киімді екі адам шыға келеді. Олар күлімсірей түсіп нұр жүзді балаға жақындайды. Біреуі Мұхаммедті (с.а.у.) қапсыра құшақтап көк шалғынға абайлап жатқызады. Бір қызығы, Мұхаммед (с.а.у.) еш қорықпайды. Неге екенін кім білсін, осынау жылы жүзді адамдардан жамандық келмейтінін іштей сезінеді.

Дәл осы тұста сонадай жерде ағаш көлеңкесінде ұйықтап жатқан Абдулла оянып кетеді де, алыстағы бұларды көріп қалады. Шошып кеткен ол жанұшыра үйіне қарай жүгіре жөнеледі. Келе салысымен әке-шешесіне көрген-білгенін асыға баяндайды.

Халима күйеуімен екеуі өре түрегеліп, Абдулла айтқан жерге келеді, бірақ ештеңе көре алмайды. Өйткені, Алла тарапынан жіберілгендер өз міндеттерін бұлжытпай орындап, қас қағым сәтте көзден ғайып болған-ды. Халима мен Харис ентіктерін баса алмаған күйі әлі де болған оқиғаның әсерінен айыға алмай тұрған сүтбалалары Мұхаммедтен (с.а.у.):

“Не болды, жаным? Өңің қашып тұр ғой, неден қорықтың?” – деп сұрайды. Болашақ пайғамбарлар сардары:

“Қасыма екі ақ киімді адам келді. Біреуінің қолында қар толы алтын тостағаны бар. Мені ұстап жерге жатқызды да, көкірек тұсымды жарып жүрегімді суырып алды. Жүректі де көзімше жарып ішіндегі қанын ағызып тастады. Кеудемді, жүрегімді әлгі қармен ысқылап тазалап, қайта орнына салып, өздері жоқ боп кетті” – деп жауап берді.

Иә, арадан көп жыл өтіп, пайғамбарлық тізгінін қолына алғанда сахабалары:

“Уа, Расулалла, өзіңіз жайында кеңірек әңгімелеп берсеңіз” – деп өтінгенде пайғамбарлар патшасы Хазіреті Мұхаммед оларға:

Мен – бабам Ибраһимнің дұғасымын. Бауырым Иса пайғамбардан жеткен сүйіншімін. Анамның түсімін, ол маған аяғы ауыр кезінде Шам сарайларын сәулелендірген нұрдың өзінің айналасынан тарағанын көрген екен,” – деп бастап жоғарыдағы басынан өткен оқиғаны баяндап берген.

 “Мен Саад ибн Бәкір руынан бір отбасында сүт еміп, ер жеткенмін. Бір күні сүт бауырыммен бірге қозы бағып жүргенбіз. Қасыма екі ақ киімді адам келіп, мені жерге жатқызып қойып, кеудемді тілді де, жүрегімді алып жарып жіберді. Ішіндегі қаны аққан соң өздерімен ала келген қармен қанды тазалап кете бар-ды”.

Осыдан кейін Пайғамбарымыздың жүрегі илаһи нұрға толып, өзге еш пендеде жоқ ерекшеліктерге Алла тарапынан ие болған. Мұнан былай нұрға толы жүректе пендеге тән пасық пиғыл, соқыр сенім атаулы болуы мүмкін емес еді.

Жүрек – денедегі бар физикалық процесті реттейтін, басқаратын кесек ет күйіндегі ағза ғана емес, оның негізгі қызметі - руханиятты реттеуші. Иман, иба мен ізгіліктің орны- жүректе, шапағат пен мейірім де жүрекке ұялайды. “Ақ жүректі”, “жылы жүректі”, “жүрекке жол табатын” деп келетін тіркестердің халық тілінде кең қолданылуы да бекер емес. Ал жүрегі қарайған, қатыгездерді рухани жүдеуліктің салдары емес деп кім айта алады?

Пайғамбарымыздың туған шаңырағына қайта оралуы

 Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.) төрт жасқа толады. Дене бітімі көрген жанның назарын аударарлықтай, көркі көз жауын аларлықтай. Күн сайын көз сұғын қадаушылар көбейеді. Айналасына сәуле шашқан отты жанарды байқамау мүмкін емес. Мұны сезген Халима мен Харис сүтбалаларын көрінгеннен қызғыштай қорып әлек. Кеудесін жарған күннен соң оны тіпті көздерінен таса етпей, басқан ізін аңдиды. Аманатқа көздерінің қарашығындай қарау керектігін ынты-шынтымен сезінген ерлі-зайыптылар өзара кеңесіп, аман тұрғанда баланы туған анасына жеткізуді ойлайды. Қанша қимаса да түбінде туыcқандарымен қауыштыру керек екенін білетін Халима амалсыздан Меккеге жолға шығады. Іші қан жылап тұрып Хазіреті Мұхаммедті (с.а.у.) өз анасына әкеп тапсырады.

Бірақ өмір бойы оны ұмытқан емес. Хазіреті Мұхаммед те төрт жыл бауырына басқан, сүтін туған баласымен бірге тел емізген анасы Халиманы бір сәт те есінен шығармады. Әрдайым оны ерекше құрметпен сыйлап, “анашым” дейтін. Мұқтаждығы болса өтеп, қолынан келгенше жәрдем беретін.

Арадан ұзақ жылдар өтіп, Халима қартайған шақта бүкіл әулетімен тағы бір қуаңшылықтың азабын шегеді. Бар амалы таусылған Халима Хазіреті Мұхаммедтен (с.а.у.) көмек сұрайды. Бұл жолы сүтбаласының зайыбы – Хазіреті Хадишадан жақсылық көреді, қырық қойды алдына салып, түйе мініп қайтқан сүтананың алғысы шексіз еді.

 Милади 575 жыл…

Хазіреті Мұхаммед төрт жаста…

Жалғандағы жалғыз жұбанышымен қайта қауышқан ана көңілі көтеріңкі. Жарынан жастай қалып, қара жамылған Әминаның бар тілегі – Мұхаммедтің жетімдік ауыртпалығын тартпай, бақытты өмір сүруі еді. Жаратқаннан жатса-тұрса соны сұрайтын. Әкесінің жоқтығын сездірмей, бар күшін баласының тәрбиесіне жұмсайды. Алайда үйдің сәні мен берекесіне айналған нұр жүзді бүлдіршін анасының қас-қабағына қарап, орынды сөйлеп, реті келгенде көмектесуден тайынбайтын. Әсіресе, тазалыққа жаны құмарлығы анасын қайран қалдырады. Әзіз Әмина бірінші Жаратқанға, сосын Халимаға шексіз ризалығын білдіріп,шүкірлік ете түсті.

Мұхаммед (с.а.у.) өз қатарларының арасында да ерекше, кішкентай жасына қарамастан көпшіл, әлсізді қолдаушы болып танылады. Кім-кімнен де көмегін аямайтын. Үлкендерді құрметтеп, кішіні демейтін. Балалар да оның маңына үйіріліп, таңның атысы, күннің батысы қасынан шықпауға бар.

Иә, Алла Тағала аса мәртебелі әрі қасиетті пайғамбарлық міндетін жүктейтін болашақ елшісін осылайша үлгілі мінез-құлық иесі етіп, жан-жақты тәрбиелеуде еді.

Әке қабірі басында

 Болашақ пайғамбарлар сардары алты жасқа аяқ басқан. Жаздың шуақты күндерінің бірінде Әмина Мәдинаны зиярат ету қажеттігін ойлайды. Көптен көкейінде жүрген мақсаты – нағашы жағынан бірнеше атадан туысатын Нәжжарлардың амандық-саулығын білу және сонда жерленген асыл жары Абдулланың қабірін зиярат ету. Жан дегенде жалғызы Мұхаммед пен қызметшісі Үммү Әйменді ертіп жолға шығады. Сапарға шығарда Әминаның көңілі алабұртып, енді қайтып оралмастай көрші-көлеммен жылап-сықтап қоштасады. Тіпті жолға шыққан соң да ұзап кеткенше артына қарайлай береді.

Шаршап-шалдығып Мәдинаға да жетті-ау. Тікелей нағашылары Нәбиғаның үйіне түседі. Нәбиғаның ауласына кірер-кірместе күйеуінің мазарын құшақтай құлаған Әмина көпке дейін солығын баса алмай, өкси жылайды.

Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.) алғаш рет жетімдік зарын сонда сезінеді, бала көңіл бір көруге зар боп кеткен әкесін жоқтап, езіледі.

(Материал «Адамзаттың асыл тәжі» кітабынан алынды)

Бөлісу: