Бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір топ сахабаларымен бір қабірдің басына тоқтайды. Ол кісі біреумен сөйлесіп тұрғандай басын қимылдатып, артынша жылап жібереді.
Мұны байқаған сахаба Омар (р.а):
– Неге көзіңізге жас алдыңыз, Алланың Елшісі?! - деп сұрағанда Пайғамбарымыз (с.ғ.с):
– Мынау – анам Әмина бинт Уәһбтың қабірі. Алладан зиярат етуді сұрап едім, рұқсат етті. Истиғфар етуді сұрап едім, рұқсат бермеді. Анамның мейірімі есіме түсіп жыладым, Омар..., - деді.
Балалар біз ойлағаннан да зерек, зейіні мықты болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) анасымен алты жыл ғана бірге болған. Оның екі жылы, емізулі бала кезі, Халима сүт анасының ауылы Бәну Сағдта өтті. Бірақ сонда да алпыс жасқа келсе де анасының өзіне деген мейірімін есіне алып отыр. Балаларың қанша жасқа жетсе де мейірім мен оларға деген махаббатыңды ұмытпайды. Өйткені олар – саған перзент, сен – оларға ата-ана боп қала бересің.
Менің кітаптарымның арасындағы маған ең қымбаты, ең ыстығы – бес жасымда әжем кітап көрмесінен әкеп берген «Ол кім? Бұл не?» кітабы. Сол кітапты қолыма алған сайын сол кездегі қуанышым есіме түсе береді.
материал Аслан Орақбаевтың «Компас» кітабынан алынды,
ummet.kz