Алла елшісінің (с.а.с.) қызметшісі Әбу Хамза Әнәс ибн Мәлик (Алла оған разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.): «Сендерден ешқайсың өзіне қалағанды бауырына да қаламайынша (толық) иман келтірмейді», – деді», – деген.
Иманның негізі – жүректің аса Құдіретті де Ұлы Аллаға берік сенімі мен бойсұнуы, Оны Тәңір деп тануы және басқа да иман тіректеріне, басқаша айтқанда, періштелерге, Кітаптарға, пайғамбарларға, Қиямет күніне, шешім мен тағдырға сенуі.
Бұл хадис Алла Тағаланың елшісі адам өшпенділіктен, жеккөрушіліктен, күншілдіктен, өзімшілдіктен аулақтамайынша, өзіне нені қаласа, соны басқаға да тілеп, басқалардың зұлымдық пен ренжуден аман, сау-саламат болуын, Алла Тағаланың разылығына бөленуін және Оған жақын болуын қаламайынша иман негізі адам жанында да, жүрегінде де берік орнықпайтынын, ал иманның мұсылман кеудесінде кәміл бола алмайтынын бізге түсіндіреді.
Мұсылман иманының кемелдігінің белгісі, оның өзіне қандай игілікті қаласа, басқаға да соны қалауы, өзіне не ұнамаса, басқаға да соны ұнатпауы, әсіресе мәселе иманға қатысты болғанда мұсылманға ғана емес, мұсылман емеске де сол игілікті қалауы. Мәселен, ол кәпірдің Исламды қабылдағанын, иманға келгенін қалайды, оның (бұрынғыша) имансыздықта, арсыздықта қалуын қаламайды. Пайғамбар (с.а.с.): «...өзіңе нені қаласаң, адамдарға да соны қалағайсың, (сонда) сен мұсылман боласың», – деген. Міне, сондықтан да Аллаһ тағалаға кәпірлерді тура жолға салуын өтініп, жалбарынған жақсы.
материал «Әл-Уафи» кітабынан алынды,
ummet.kz