13
Жексенбі,
Сәуір

һижри

Үзір деген не? Дәрет алуды қажет етпейтін үзірлі жағдайлар қандай?

Үзір деген не? Дәрет алуды қажет етпейтін үзірлі жағдайлар қандай?

Ислам тарихы

Бір туысыма күрделі ота жасалып, оған біраз уақытқа дейін катетермен жүруіне тура келеді. (Катетер – қуықтан зәр шығару үшін қолданылатын резеңке түтік). Ол кісі бес уақыт намаз оқиды. Оның нәжісі аппараттың түтікшесіне түсіп немесе біз оны босататын кезде кіші дәрет бұзылады. Осындай жағдайдағы ауру туысым үзірлі болып санала ма?

Егер сау ағзадан несеп, нәжіс, жел, қан, ірің шықса, олар бәрібір дәретті бұзады. Алайда денеден зәр, іштің өтуі, жел шығару, мұрынның қанауы, жарадан қан, сары су ағу тоқтамаса, онда «үзір» деп сипатталатын жағдай орын алады. Дәретті бұзатын нәрсенің денеден шығуы тоқтамайтындай тұрақты болса, бұл «үзір» деп аталады. Осындай жағдайлар кімде болса, ол мазұр немесе сахибул-узр, яғни «үзір иесі» деп аталады.

Кез келген аурудың үзір болып саналуы үшін белгілі шарттар бар. Былай түсіндірейік: Үзір, алдымен, дәрет алып толық бір намаз оқитындай уақыт тоқтамай жалғасуы шарт. Кейін әр намаз уақытында ең азы ол ауру бір мәрте қайталанса, ол кісі үзір иесі болып саналады. Мысалы: кісінің мұрыны, түстен бастап соңына дейін, дәрет алып намаз оқитындай уақыт тоқтамастан қанаса және осы жағдай кейінгі намаз уақыттарында ең кемі бір рет қайталанса, ол кісі үзірлі (мазұр) болып саналады. Бірақ осындай үзірлі жағдай толық бір намаз уақыты ішінде қайталанбаса, онда ол үзір біткен болып саналады, яғни ол кісі үзірлі болып саналмайды.

Ислам осындай адамдарға арнап, олардың құлшылық ғибадаттарын уақытылы және алаңдамай орындай алуы үшін арнайы ережелер мен шарттарды бекіткен. Үзірі бар кісі әрбір намаз уақытында дәрет алуы тиіс. Сол уақыт ішінде дәретті бұзатын еш нәрсе жасамаса, сол дәретпен қалағанынша парыз және нәпіл намаз оқуына болады. Қаза болған намаздарын, үтір, айт және жаназа намаздарын да оқуына болады және Қағбаны айналып тауап етуіне, Құран оқуына болады. Бірақ ауруы жалғасуы керек. Мысалы, үзірі бар кісі таң намазының уақытында дәрет алса, оның бұл дәреті таң намазының уақыты шыққанша жалғасады. Бұл уақыттың шығуы Күннің шығуымен бітеді. Уақыт шыққаннан кейін ол дәретпен басқа намаз оқылмайды. Егер белгілі бір уақытқа үзірі тоқтағаннан кейін дәрет алған болса және әлі үзірі де байқалмаған болса, дәретті бұзатын жағдай кездеспесе, онда уақыт шықса да дәреті бұзылмайды. Бірақ үзірі бар кісі Күн шыққаннан кейін дәрет алған болса, онда ол кісінің дәреті бесін намазының уақыты шыққанша жалғасып, сол аралықта қалаған намазын оқи алады. Тек қана дәретті бұзатын жағдай болмауы керек.

Ханафи мәзһабы бойынша, үзірі бар кісінің дәреті уақыттың кіруімен емес шығуымен бұзылады.

Адам баласы мұндай кемістіктерді барынша азайтуға тырысқаны жөн. Егер ауру болса, онда міндетті түрде емделу қажет, ал ағзаның уақытша күйі болса, онда аққан нәрселерді азайтуға тырысу керек. Мақтадан жасалған тампон, таңғыш, дәке және басқа да құралдарды қолданып, намаз уақытында киімді таза ұстау қажет. Ал егер ағып жатқан нәрсе мүлде тоқтамайтын болса, онда әр намаздың алдында таңғышты ауыстырудың қажеті жоқ. Мұндай жағдайда киімді былғайтын ластықтар (зәр, нәжіс, ірің т.б.) намазға кедергі етпейді. Егер адамның денесінен ағып жатқан нәрсе намаз оқып үлгеретіндей уақытқа тоқтайтын бола, онда сақтық шарасы ретінде осындай жағдайды қолданған абзал.

Ота жасалып, адамның еркінен тыс қарнының бір бөлігінен нәжіс шығатын болса, жарасынан қан немесе ірің аққан адаммен бірдей 

деңгейде болады. Мұндай жағдайдағы адам Ислам фиқһы бойынша үзірлі болады. Сондықтан жоғарыда айтылып кеткендей, әр намаз уақыты біткенде қайтадан дәрет алады. Сіздің ауру туысқаныңыздың табиғи зәр шығару қызметінің жұмысы бұзылып, зәрі мен нәжістерін аппаратпен шығаруы таңғышты қолданғанмен бірдей. Яғни, медициналық құрал денеге жабыстырылып, орнынан қозғалтпайынша немесе алынып тасталмайынша, дәреті бұзылмайды. Нәжістер катетердің түтікшесімен ағып кететіндіктен, олар сыртқа шықпайды және киімді былғамайды. Бірақ осы тұста дәретті бұзатын басқа нәрсенің болмауына көңіл бөлу керек.

Ал катетер толып, оны шешкенде, дәрет бұзылады. Егер ол уақытта намаз уақыты шықпаған болса да, нәтиже өзгермейді.

материал «Әйелдерге арналған ғылымхал (cұрақтар мен жауаптар)»

кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: