24
Сейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Құдайы ас беру мәдениетінің жеті тірегі

Құдайы ас беру мәдениетінің жеті тірегі

Ислам тарихы

1. Шынайы ниет ету. Асыл дінімізде кез келген іске кіріспес бұрын әуелі шынайы ниет пен ықыласқа ерекше мән беріледі;

Мұсылманның ниеті ісінен қайырлы;

Шариғатта жасалған жақсылықтардың сауабы жүректегі ниетпен өлшенеді;

Атқарылатын әрбір іске әрдайым шынайы ықылас қажет. Сауапты істе көзбояушылық жасауға болмайды;

Марқұмның атынан ас берілгенде, негізгі ниет – бір Құдайдың разылығын ғана табу болуы тиіс. Одан өзге ниет – астың сауабын кемітеді. Ас беруші шаңырақ осы ниеттен арылмауы қажет;

Құдайы астағы оқылған Құранның, жасалған дұғаның, берілген садақаның мақсаты – тірілердің не ойлайтыны емес, марқұмның мәңгілік өміріне пайдасын тигізетін ізгі амал жасап сауабын бағыштау.

2. Құдайы асқа жиналу. Марқұмдарға арналған құдайы ас артында қалған ұрпақтарының, жұбайының, ұл-қыздарының және ет-бауыр жақындарының атынан беріледі.

Берілетін асқа, онда оқылатын Құранға, жасалатын дұғаға қайтыс болған кісінің ұрпақтары мен туысқандарының қатысқаны абзал.

Сондай-ақ Құдайы асқа жасы үлкен кісілер, жақын туыстары, көршілері мен достары шақырылады.

Қайтқан кісінің артынан үздіксіз жетіп тұратын ізгі үш істің бірі –артында қалған ұрпағының жасаған дұғасы. Сол себепті, құдайы астарда марқұмның өз ұрпақтарының дұға жасағаны абзал.

Басына қайғылы іс түскен жағдайда ағайын, туған-туыстар тез арада жиналып, ынтымақтасып, отбасының жанынан табылып, бірі-біріне қол ұшын бергені дұрыс.

Қайғы-қасіретке ұшыраған отбасының материалдық жағдайы көтермейтін болса, туматуыстары көмек көрсеткені жөн.

Ислам дінінде жеке жасалған іске қарағанда, көпшілікпен бірге атқарылған игі істердің сауабы көбірек болады.

Құдайы асқа келгенде киім кию әдебіне де (әйел адамдар мүмкіндігінше шариғатқа сай киінуге) мән берген жөн.

Елде төтенше жағдай орнаған жағдайда құдайы ас беруді кейінге қалдырған абзал немесе өз отбасымен ғана өткізген дұрыс. Ал індетке шалдыққан адамның мұндай жиындарға қатыспауы тиіс.

3. Құран оқу, бата беру және дұға жасау. Әрбір құдайы астың түпкі мақсаты – дүние салған адамдардың рухына Құран аяттарын бағыштау.

Асқа Құран оқыту үшін жергілікті мешіттің имамын шақырған жөн. Егер марқұмның ет бауыр жақындарының арасында Құранды сауатты оқитындар болса, оларға оқыту артықтық етпейді.

Құран аяттарының бәрі де бірдей қасиетті екендігі айқын. Сондықтан қай сүрені яки қай аятты оқыса да болады.

Құдайы асқа жиналған жұрттың уақытын үнемдеу мақсатында тым ұзақ емес, орташа (5-7 минут) көлемдегі сүре-аяттарды оқу құптарлық іс.

Оқылған аяттың дұғасын жасағанда марқұмдардың өз атымен қоса оның әкесінің есімін қосып айтқан жөн.

Дұға жасағанда оқыған Құранның сауабын пайғамбарлардың, қазақ даласынан өткен әулиелердің, батыр бабалар мен сол асқа қатысып отырған көпшіліктің де ата-баба, марқұмдарының рухтарына бағыштауға болады.

Құран оқылып, дұға жасағанда жиналған көпшілік ниеттес болып отырғаны дұрыс.

Құдайы аста Құран оқудан бұрын әулеттің үлкеніне немесе сол жерге келген қонақтардың ішінен жасы үлкен сыйлы ақсақалға бата жасату – қазақы мәдениетіміздің көрінісі.

4. Ысырапқа жол бермеу. Уақыт – адам баласына берілген ең ұлық нығметтің бірі. Сондықтан құдайы астарды мезгілсіз уақытта бастап, ұзақ уақытқа созу, келген жұрттың уақытын алып, пайдасыз әңгімелер айту – орынсыз. Уақытпен санасу мәдениеттіліктің нышаны.

Шақырған жерге кешікпей, уақытында бару – қазіргі қоғамның талабы. Кешігу үй иесінің мазасыздығын тудырады. Кешіккен адамдардың салдарынан өзгелер уақытын жоғалтады.

Асқа шақыру игілік болса, сол асқа дәл уақытынан кешікпей бару да игілік. Кешігетін жағдайда үй иесіне алдын-ала ескерту қажет. Бұл басқаларға деген құрметтің белгісі болып саналады.

Құдайы астың тағы бір талабы – асты уақытында бастап, барынша уақытылы аяқтау. Ол үшін өтетін астың бағдарламасын жасау заман талабы. Мысалы, асты сағат 12:00 де бастау, Құран оқу, әулет үлкендерінің келген кісілерге астың мәнісін түсіндіруі, үлкен кісілердің және құдажекжаттың марқұмның әулетіне көңіл айтуы, жұбату сөздері, имамның насихат айтуы, дастархан иелерінің келген кісілерге алғыс айтуы, асқа бата жасап, дұға оқып тарқауы. Жалпы айтқанда, асты мүмкіндігінше қысқа уақытта тәмәмдау. Өйткені асқа жиналған көпшіліктің жұмысын, жауапты қызметтерін, өзге де маңызды шаруаларын ескерген абзал.

Құдайы ас өткізу жұма намазының уақытымен тұспа-тұс келмеуі тиіс.

Ас та төк ысырап жасау кез келген отбасыға материалдық тұрғыда шығын әкеледі. Қасиетті Құранда: «... ішіңдер, жеңдер, алайда ысырапқа жол бермеңдер. Өйткені Алла Тағала ысырап етушілерді сүймейді» делінген («Ағраф» сүресі, 31-аят).

Шариғаттағы көптеген міндеттер орта деңгейлі отбасының жағдайына қарай белгіленген. Мысалы, рамазан айындағы пітір садақасы – жан садақасы бола тұра, барлық мұсылмандарға емес, тек дәулеттілерге ғана міндеттеледі. Сол үшін шығынның көптігімен емес, ниеттің тазалығымен таразыланады.

Мал-дәулеті бар адамдар да құдайы асты қарапайым деңгейде бергені жөн. Алайда марқұмның атынан басқа да сауапты амалдар жасауды қаласа, жетім-жесірлерге, кедейкепшіктерге қайыр-садақа беріп, мешіт, медресе, мектеп, бала-бақша, халық жүретін жол, көпір салып, ағаш егіп, басқа да ізгі істер арқылы өз ниетін іске асыруына болады.

Құдайы асқа арнап мал сою міндет емес. Өйткені құдайы аста жиналған адамдарды тойдыру шариғат талабына да, мақсатына да жатпайды. Ең бастысы, ас берушілердің және оған қатысушылардың ниеті таза болуы тиіс.

Құдайы аста кәде (сыйлық, тәбәрік, жыртыс және т.б.) таратуды шариғат талап етпейді. Оған жұмсалған қаржыға шын мұқтаждардың қажетін өтеу – әлде-қайда сауапты.

5. Құдайы аста уағыз-насихат айту. Көпшілік жиналған құдайы астарда Алланы еске алудың, шынайы сенім мен имандылықтың маңызы жайлы, сауапты істер туралы имамның қысқаша уағыз айтқаны жөн.

Мұнда уағыздың ұзақтығы емес, оның түсінікті, жүйелі және пайдалы болуы маңызды.

Уағыз-насихат барысында Құран аяттарынан, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінен, сонымен бірге халқымыздың даналары мен ғұламаларының, бишешендерінің ғибратты өмірлерінен, өсиетті сөздерінен де үзінділер келтіру әдетке айналуы тиіс.

Насихат айту барысында жиналған жұрттың уақытын алмау мәсәлесіне де ерекше назар аударған жөн.

Асқа жиналған адамдар тойға емес, құдайы асқа келгенін терең сезініп, өзін-өзі соған орай барынша мәдениетті ұстағаны дұрыс.

Қайғылы жағдай орын алып отырған шаңырақта, оған арналған аста әртүрлі пайдасыз, бос әңгімелер айтып, орынсыз күліп отыру – әдепке қайшы. Ол қаралы әулеттің қайырымды ісіне зиян келтіреді.

Құдайы аста мейлінше жақсы сөз айту, тілектес болып әдеп сақтап отыру.

6. Марқұмды еске алу және қаралы отбасын жұбату. Құдайы асқа жиналған қауым қаралы шаңырақтың қайғысын қозғауға емес, қиын сәтте қайратын қолдауға келеді.

Біреудің құдайы асын жиналыс сипатына айналдыру мәдениеттілікке жатпайды. Асқа келген көпшіліктің арасынан нағашылары, құда-жегжаты, ағайыны сынды жақындары ниет білдіріп, көңіл айтып, марқұмның жақсылықтарын сөз етіп, артында қалғандардың көңілін жұбату мақсатында ғибратты әңгіме айтқаны жөн.

Жұрттың көзіне көріну үшін құдайы аста көп сөйлеу жөнсіз.

Шариғатта марқұмды жақсы жағынан еске алуға рұқсат етілген. Марқұмды жақсы танитын, онымен сырлас, сыйлас болған кісі оның көпшілік біле бермейтін жақсы мінез-құлықтары мен қасиеттері туралы қысқаша естелік айтуына болады.

Сөз берілмесе, үндемей, іштей тілектестік білдіріп отыру мәдениеттілікке жатады.

7. Құдайы аста қарапайымдылықты сақтау. Құдайасдастарханында қарапайымдылық таныту – әдептіліктің белгісі әрі мәдениеттіліктің көрінісі.

Құдайы ас дастарханында дәулетті кісілер жоғары, жағдайы төмендер төменде отыруы тиіс деген теріс түсініктен аулақ болу қажет.

Дастарханға мейлінше тұрмысы төмен, әлеуметтік аз қамтылған жандарды көбірек қатыстырған абзал. Оның сауабы молырақ болады.

Қасиетті Құранда: «Олардың (ізгі жандардың) мал-мүлік дүниелерінде, көмек сұраушының да (жоқшылыққа сабыр етіп, алақан жаюды ар көретін)

пақырдың да тиесілі ақысы (сыбағасы) бар» деп баяндалған («Зәрият» сүресі, 19-аят). Құдайы ас бергенде осы ережені назарда ұстау қажет.

Құдайы астың дастархан мәзірінде барынша қарапайымдылық сақталғаны жөн.

Құдайы ас дастарханында дәулетіне не мансабына қарай емес, асқа келген кісіге қарапайымдылықпен бірдей мәміле жасап, көңіл бөлінуі тиіс.

материал «Ас беру мәдениеті» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: