25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Құранды хатым еткен адамға Жәннатта бір ағаш беріледі

Құранды хатым еткен адамға Жәннатта бір ағаш беріледі

Ислам тарихы

«Хатым» сөзін араб тілінен аударсақ – «бітіру», «аяқтау» деген мағынаны береді. Ал фиқһтағы мағынасы «бір кісінің Құран Кәрімді бастан-аяқ оқып шығуы» деген сөз. Құранды алғашқы бетінен ақырына дейін тапжылмай оқып шығу оңай дүние емес. Олүлкен жауапкершілікті талап етеді. Сәйкесінше, сауабы да мол. Бақилық болған адамға жасайтын сауапты ісіміздің бірі – Құран хатым ету. Марқұмның соңынан оқылатын хатым – игі іс болып саналады.

Ертеректе қазақ дәстүрінде алыстан білігі мен білімі жоғары молда-қажыларды арнайы алдыртып, хатым оқытатын болған. Тіпті, топырағы кеппеген марқұмдарға ғана емес, дүниеден өткеніне жылдар өтсе де рухына хатым оқитын болған. Құран Кәрімді қырық күнде хатым ету мұстахаб, яғни сауапты іс. «Бес уақыт намаздан кейін жасалған дұға сияқты, хатымнан кейін жасалған дұға да қабыл болады» делінген Табарани жеткізген хадисінде.

Қатым біткенде, қайтадан хатымды бастау ниетімен Фатиха оқу керек. Хадис шәрифте: «Адамдардың ең жақсысы – хатымды бітіргеннен кейін қайтадан бастаған адам», – делінген. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Құран Хатым ету өте жауапты да сауапты іс! Оны кез келген адам орындай алмайды. Хатым етуді ең білімді де білікті қариларға өтініш етіп тапсырған. «Құран кәрімді хатым еткен адамның қабыл болған бір дұға ақысынан бөлек, жәннатта бір ағаш та беріледі ...» (Хатиб)

Аталмыш рәсімді орындаған діни қызметкерлерге үлкен құрмет көрсетіп, сый-сияпат жасаған. Бұл туралы Захиди имам «Хатым оқыған қариға сыйлықты аз бермеу керек» деген. Қари да саудаласпай, Алла разылығы үшін хатым оқыса, оқытқан адамның берген сыйлығын алуына рұқсат. «Аз бердің» деп разы болмаса, алғаны арам болады (Хауи, Хадиқа, Бәриқа). Алайда, Құран хатым түсірем деп қарызға батуға болмайды. Бұл ысырапқа жатады.

Хатымға туған-туысқан, жақын-жуық пен досжаран боп жиналған дұрыс. Өйткені Құран кәрім хатым етілген жер ерекше нұрға бөленіп, Алланың рахметі жауады. Ал хатымнан кейін дұға ету мүстахаб. Абдулла ибн Аббас (р.а.) хатым оқитын адамға қызметшісін жіберіп, хабар алдырған. Хатым аяқталар кезде өзі де баратын көрінеді. Ал Әнәс ибн Малик (р.а.) хатым еткен кезде бала-шағасын жинап дұға ететін болған.

Жалпы хатымға қатысудың маңызы жайында көптеген хадис бар. Соның бірнешеуін мысалға келтіргенді жөн көріп отырмын. «Хатымды оқыған және тыңдағандардың дұғасы қабыл болады» (Әбу Нуайм). «Хатым еткен адамның дүние мен ахиреті үшін жасаған дұғасы қабыл болады» (Бәйһақи).

материал «Дін мен діл» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: