25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Мүмін әйелдерге үлгі Хазірет Хадиша (р.а) жайлы 20 дерек

Ислам жұлдыздары

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүйікті жары, мүміндердің анасы, тұңғыш мұсылман хазірет Хадишаның (радиаллаһу анһа) екі дүниеде де алар орны ерекше. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) алғашқы жары Хадишаны өмір бойы аузынан тастамай, оның артықшылықтарын әңгімелеуден жалықпайтын. Пайғамбарымыздың құрметі мен махаббатына бөленген, жұмақпен сүйіншіленген Хадиша анамыздың өмірі кез келген мұсылман қыз-келіншекке үлгі болары сөзсіз. Ендеше, Исламды қабылдаған мұсылмандардың бірінші легін бастап тұрған ең абзал әйел хазірет Хадиша жайлы 20 деректі ұсынамыз.  

  1. «Хадиша» сөзі араб тілінде «алғашқы», «ерте туған» деген мағынаны білдіреді.
  2. Жұрт арасында «Таһира» (пәк, таза), «Саида» (Құрайыш әйелдері арасында «ханым» деген мағынада) және «Жәйида» (санасы сергек, ұғымтал әрі ажарлы болғандықтан, «жақсы» деген мән береді) деген лақапқа ие болған.
  3. Хадиша анамыз бай, ел-жұртқа сыйлы, Меккенің ірі кәсіпкері еді. Қысы-жазы Шам, Йемен өлкелеріне сауда керуендерін жөнелтетін. Рум, Парсы секілді алпауыт империялар мен жақын аймақтағы Хира, Шам өңірлерінде қызметшілері әрі серіктестері болатын.
  4. Хазірет Хадиша мен Алла елшісінің (с.ғ.с) шежіресі бесінші атада түйіседі. Хадиша (р.а) Пайғамбарымызға шеше жағынан да туыс болып келеді. Бұл ерекшелік Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) әйелдері арасынан тек Хазірет Хадишаға ғана тән болған.
  5. Хазірет Хадишаға Расулалламен бас қосатыны түсінде білдірілген. Анамыз түсінде Күн немесе Айдың шаңырағынан ішке кіріп, құшағына енгенін, артынша бүкіл әлемді нұрға бөлегенін көреді. Хақ дінді іздеу жолында ғұмыр кешкен туыс ағасы Уарақа ибн Нәуфәл бұл түсті: «Соңғы пайғамбарлық берілетін жан арамызда. Сен онымен шаңырақ көтересің. Сенің уақытында оған уахи түседі әрі діні бүкіл әлемге тарайды. Оған алғаш иман ететін сен боласың. Ол өзі Құрайыш руының Хашим ұрпағының арасынан шығады» деп жориды.
  6. Хадиша анамызға Пайғамбарымыздың берген мәһір көлемі бес жүз дирһам болған. Қазіргі кезбен салыстырғанда, 160 гр. күміске тең.
  7. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) Хадиша анамызбен 25 жыл отасты.
  8. Расулалла Хадиша анамыздан төрт қыз, екі ұл сүйді. Қыздары: Зейнеп, Үммі Гүлсім, Руқия, Фатима, ал ұлдары: Абдулла мен Қасым.
  9. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Хадиша анамыздың көзі тірісінде басқа әйел алған жоқ.
  10. Хазірет Әли Хадиша анамыз бен Пайғамбарымыздың шаңырағында тұрды. Хазірет Хадиша бала Әлиді аналық мейірімге бөлеп өсірді.
  11. Пайғамбарымыз Хира үңгірінде жиі оңашалануды әдет еткенде, Хадиша анамыз отағасына сағаттап жол жүріп, 866 метрлік Нұр тауына көтеріліп, Хира үңгіріне өз қолымен ас апаратын. Кейде жолдары қазіргі «Ижаба мешіті» деп аталатын жерде түйісіп, сонда бірге түнейтін. Кейіннен Пайғамбарымыз қайтадан үңгірге қарай бет алып, Хадиша анамыз үйге қайтатын.
  12. Жәбірейіл арқылы уахи түскенін Пайғамбарымыз (с.ғ.с) ең алғаш Хадиша анамызға айтып, сыр бөліседі.
  13. Хадиша анамыз (р.а) – ең алғаш иман келтіріп, Исламды қабылдаған мүміндердің көшін бастайды.
  14. Расулалла Жәбірейіл періште үйреткен дәрет алу мен намаз оқуды алғаш рет жарына үйретті. Расулаллаға алғаш жамағат болған да Хадиша анамыз еді.
  15. Бірде Жәбірейіл періште Хадиша анамызға адам кейпінде көрінген.
  16. Жәбірейіл періште Расулалла (с.ғ.с) арқылы Хадиша анамызға қуанышты хабар сүйіншілейді: «Мына келе жатқан Хадиша. Қолында азығы мен сусыны бар. Оған Раббымнан және менен дұғай сәлем айт. Бұған қосағ жәннатта оған інжуден салынған сарай сыйға берілетінін, ол жерде шаршау да, шу да болмайтынын айт!».
  17. Хазірет Хадиша өте жомарт жан еді. Ол өзінің дүние, байлығын Алла елшісі мен Ислам жолына арнады. Сондай-ақ ол өзіндік құрмет ретінде еріне қатысты қызметті түгелдей өзі атқаруға тырысты. Бұл іске қызметшілерді араластырмады. Өйткені күйеуіне деген қызметті құлшылық ретінде қабылдады.
  18. Меккені азат еткен кезде Пайғамбарымыз (с.ғ.с) ең әуелі Хадиша анамыздың қабірінің басына барып, көп дұға жасайды.
  19. Айша анамыз Пайғамбарымызды (с.ғ.с) дүниеден әлдеқашан өтіп кеткен Хадиша анамыздан қатты қызғанатын. «Хадишаны көзім көрмесе де, Расулалланы дәл сол кісіден қызғанғандай өзге ешкімнен қызғанған емеспін. Өйткені ол Хадишаны көп еске алып, сыртынан мақтап отыратын. Қой соя қалса, етін жіліктеп, Хадишаның құрбыларына да беріп жіберетін» деген Айша (р.а).
  20. Бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с) қолымен аспан мен жерді көрсетіп: "Көктегілер арасында ең ізгі әйел Имранқызы Мәриям болса, жер бетіндегі әйелдер арасындағы ең ізгісі Хуайлидқызы Хадиша, - деп оның артықшылығын білдірген" (Мүслім).

Дайындаған Мәдина Жақып, ummet.kz

Бөлісу: