25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Қарапайымдылық үлігісі

Ислам жұлдыздары

Пайғамбарымыздың досы, ардақты сахаба, әділетті халифа Әбу Бәкірдің (р.ғ.) бойынан исламға тән күллі қасиетті кездестіруге болады. Солардың ішіндегі тағы бір ерекшелігі – қарапайымдылығы. Тәкаппарлықты табанының астындағы тастай, кішіпейілділікті басындағы тәждей көретін. Бұған өмірінен бірнеше мысалдар келтіре кетсек болады.

 

Хазреті Айша (р.анһа) мен Ибн Омар (р.ғ.) былай деп жеткізеді: «Әбу Бәкір саудамен айналысатын кісі еді. Күнделікті базарға барып, сауда-саттығын жасайтын. Өзінің қойлары да бар болатын. Кейде өзі шығарып қойларын бақса, кейде басқа біреулер қарап беретін. Өзі басқалардың да қойын сауатын. Халифа болып тұрған кезінде сол аймақта тұратын бір жетім қыз бала: «Мұнан кейін біздің қойларымызды саумай-ақ қойыңыз», - деп өтініш білдіреді. Сонда Әбу Бәкір (р.ғ.): «Жоқ, қойларды сіздерге сауып бере беремін. Мына жоғары қызметім, мұнан бұрынғы кездегі жақсы мінезімді өзгерте алмайды», - деді де баяғы қалпынан бір сәтке айнымай, аймақ тұрғындарының қойларын сауып беруді жалғастырды».

Әбу Бәкір (р.ғ.) өзгелердің қойын сауып жатқанда: «Сүтті көбікті етейін бе, әлде көбіксіз бе?» деп сұрайтын болған. Олар қалай айтса, солай жасайтын.  

Ата бин Сағиб (р.ғ.) былай дейді: «Хазреті Әбу Бәкір (р.ғ.) халифа болғанына қарамастан баяғы әдетінше базарға барып, бұрынғыдай өз отбасының нәпақасын айырғанын қалайтын. Бірақ осыншама бастан асатын мемлекет ісінің арасында ондай қадамға бару оңай емес-ті. Дегенмен, мұны іске асыратын. Бірде хазіреті Омар (р.ғ.) Әбу Бәкірдің (р.ғ.) базарға кетіп бара жатқанын байқап былай деді:

-Қайда бара жатырсыз?

-Базарға.

-Базардағы шаруаңыз не?

-Базарға барып кәсіп жасамасам, бала-шағамның ішіп-жемін қалай айырамын?

-Олай болса, Әбу Убайдаға (р.ғ.) барайық. Ол сізге қаражат тағайындасын.

Омар (р.ғ.) Әбу Бәкірді (р.ғ.) ертіп, ел қазынашысы Әбу Убайдаға барды. Омар (р.ғ.) ол кісіге көрген жағдайды бастан баяндап береді. Сонда Әбу Убайда (р.ғ.): «Сізге орта жағдайдағы мұхажирлер секілді ішіп-жейтініңізді, күнделікті нәпақаңызды, қыстық және жаздық киімдеріңізді айырайық. Ескілеріңізді әкеліп, жаңа киімнен алыңыз», - дейді. Омар (р.ғ.) мен Әбу Убайда бин Жарраһ ең қарапайымдылықтың үлгісі болған халифа хазреті Әбу Бәкірге (р.ғ.) қазынадан қажет болған мұқтаждықтарын бөлді». 

Алла Тағала қарапайымдылықтың сипатын Құранда былай көрсетеді: «Рахманның құлдары жерде сыпайы түрде жүріп, оларға білместер тіл тигізсе де: “Сәлеметшілік” деп, дұрыс жауап береді». («Фурқан» сүресі, 63-аят)

Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жәһаннамнан азат етілген біреуді көргісі келген, Әбу Бәкірге қарасын», - дейді. Иә, қарапайымдылығы кез келген кісінің таңдайын қақтырады. Оның тағы бір мысалын келтіріп, сөз түйінін осы жерден тоқтатайық.

 

Әбу Бәкір (р.ғ.) халифа болып тағайындалған күннің ертеңінде мешіттегі мінберге шығып, халыққа былай деді: «Әй, адамдар! Мен араларыңыздағы ең жақсы адам болмасам да, сіздерге басшы болып сайландым... Міндетімді өз деңгейінде дұрыс орындасын десеңіздер, маған қалтқысыз бағынып, жәрдем етіңіздер. Егер жаман жолға бет алсам, тура жолға түсіріңіздер...» (Ибни Сағд III, 182-183; Суйути, Тарихул-Хулафа б. 69, 71-72;)

ummet.kz

Бөлісу: