14
Дүйсенбі,
Сәуір

һижри

Кәсіп жасау және табыс табу әдептері

Кәсіп жасау және табыс табу әдептері

Ислам тарихы

Таухидында жалғыз Хақтан басқа нәрсенің барлығы жоқ болатынына сенген муаххид (бір Құдайға сенуші) секілді біз де Аллаға шүкіршілік етеміз! «Көктегілер мен жердегілердің барлығы біріксе де шыбын-шіркей не бір түйір зат жарата алмайды және Алладан басқа еш нәрсе мойынсұнуға жарамайды» деушілердің Алланы ұлықтағаны сияқты біз де Оны ұлықтаймыз! Көк күмбезін шұғылалы мұнара, жер бетін өмірге ыңғайлы төсеніш және бірін-бірі алма-кезек алмастырып, бір-бірін қуалаған күн мен түнді бар қылған, түнді тынығу үшін жамылғы, ал күндізді жер бетіне таралып, жалғыз Өзінің кеңшілігімен, ризық-несібе тауып, тіршілікті қамтамасыз ету үшін оңтайлы етіп жаратқан Аллаға шүкір етеміз!

Қияметте мүминдер шөлдегенде барып, қанғанша ішіп, кері қайтатын хауыздың иесі Алла елшісіне және оның дініне қолдан келгенше қолдау жасап, жан аямай қызмет еткен отбасы мен сахабаларына салауат пен сәлем жолдаймыз!

Бұдан кейін, біліп ал, ұлылардың ұлысы және себептердің жаратушысы болған Алла Тағала ақиретті сый мен жазаның, ал дүниені еңбек пен қарекет және табыс табу жолында қиындық, мехнат, машақат, сынақ және бейнет шегу орны етіп жаратқан. Дүниеде тек ақирет үшін ғана емес, дүние үшін де еңбектену керек. Бұл дүниедегі табыс табу, күн көріс әрекеті – ақыретке қол жеткізудің құралы және көмекшісі. Өйткені бұ дүние – ақыреттің егістігі және оған жеткізетін құрал.

Адамдар (табыс табуда) үш түрлі болады:

1. Дүние тіршілігі уақытын алып, ақиретін ұмыттырған адам. Мұндайлар – опат болатындар.

2. Ақирет уайымы дүние тіршілігімен айналысуды ұмыттырған адам. Бұлар – табысқа, яғни, жетістікке жететіндер.

3. Ақирет игілігіне қол жеткізу үшін дүние тіршілігімен айналысатындар. Орта жолға жақын болғандар – осы үшінші түрдегілер. Оларға муқтасид (орта жолды ұстанушы) делінеді. Ізгілердің дәрежесі осы, яғни, орта жол. Табыс табуда туралық пен орта жолға сүйенбегендер муқтасид бола алмайды.

Шариғат әдебіне сай болмаған дүние ақирет жолына дәнекер бола алмайды.

Кәсіп жасау және табыс табу әдептеріне қатысты аяттар:

1. «Ал күндізді тіршілік уақыты қылдық» («Нәбә», 78/11).

2. «Сондай-ақ онда сендерге һәм ризығы сендердің қолдарыңда болмаған (яғни, ризығын тауып беруге қауқарларың жетпейтін) басқа да жаратылыстарға арнап көптеген тіршілік көздерін жараттық» («Хижр»,15/20).

3. «(Қажылықта саудамен айналысып) Раббыларыңнан ризық-несібе тілегендерің үшін күнә арқаламайсыңдар» («Бақара», 198).

4. «...кейбіреулеріңнің Алланың шексіз шарапатынан несібе іздеп, жер-әлемді шарлайтынын, енді біреулердің Алла жолында жаугершілікке шығып, бел шешпей жортуылдап жүретінін Алла біледі» («Муззәммил», 73/20).

5. «Намаз өтелген соң, жер бетіне тараңдар және (адал кәсіп қылып) Алланың шексіз шарапатынан ризық-несібелеріңді іздеңдер» («Жұма», 63/10).

Хадистер:

1. «Күнәлардың ішінде кейбір күнәлар бар, оны тек күн көріс қамымен шеккен бейнеттер ғана жуып-шая алады».

2. «Сенімді әрі адал саудагер ақиретте шейіттермен, сыддықтармен және пайғамбарлармен бірге тіріледі».

3. «Жұртқа қол жаятын тіленшіліктен қорғану, отбасына жағдай жасау және айналасындағыларға қол ұшын беріп, көмектесу мақсатында адал жолмен дүние іздеген адам жүзі он төртінде толған айдай жарқыраған күйі Алламен қауышады».

4. «Бір күні Алла елшісі (с.а.с.) сахабаларымен бірге отырғанда қайратты жас жігіттің таңертең сол маңнан өтіп бара жатқанын көреді. Сахабалар:

«Әттең, мына жігіт жастығын Алла жолында жұмсағанда ғой», – дейді. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): «Олай демеңдер! Егер ол өзін тіленуден және адамдардың қолы мен алақанына телміруден құтқару үшін шыққан болса – Алла жолында. Егер ол үйінен қарт ата-анасының күн көрісін қамтамасыз ету не шиеттей бала-шағасын асырау үшін шыққан болса, онда да Алла жолында. Ал егер (өзін) сырт көзге көрсету үшін шыққан болса, онда шайтанның жолында жүрген болады», – дейді.

5. «Адамдарға күні түспеу үшін табыс табуда бейнет шеккен адамды Алла Тағала сүйеді. Алла Тағала білімді дүние үшін үйренгендерге ашуланады».

материал «Кәсіп жасау мен табыс табу әдептері» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: