Ұлым! Мына үш құлшылықта қалайда жүрегіңді сергек ұста, ақылың мен жүрегің басқа жақта болмасын!
Бұлар – Құран Кәрімді оқыған кезде, Раббыңды зікір еткен кезде және намаз оқыған кезде. Осы үш жағдайда ақыл мен көңіліңді басқа жаққа аударма. Аллаһтың құзырында болғаныңды ұмытпа! Жүзіңді құбылада, ақылың басқа нәрселердің соңында болса, бұл іс құлшылығыңның қасиетін азайтады. Жүзіңді Исламның ғибадатханасы Қағбаға, жүрегіңді Ұлы Аллаға бұр! Сонымен қатар ариф болғың келсе, үндемегенің – пікір, қарағаның – ғибрат және тілегің – тақуалық болсын. Өйткені, бұл үш қасиет – арифтердің белгісі.
Ұлым! Құл ақысына өте мұқият бол! Бір тиын қарыз үшін, қабыл болған көптеген ғибадаттардың сауабы жойылады. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қарызбен өлгендердің намазын оқымайтын. Мұндағы мақсаты, байдың мейірімін оятып алашағын кешірту үшін еді. Мүмин – босқа қарызға кірмейді. Бірақ, қажеттілік себебімен қарызданса және қайтару ниетімен алса, Алла Тағала оған көмекші болмақ. Тіпті, қайтаруға тырысып жүріп, қайтара алмай өлсе, қияметте де Алла жәрдем етеді. Басқа түскен бәлекетке де шүкіршілік ету керек. Өйткені, күпірлік пен күнәлардан басқа бәлекеттердің ішінде сен білмейтін жақсылық бар! Алла сенің жақсылығыңды, сенен де жақсы біледі. Жамандық деп ойлаған көп нәрселер – сен үшін жақсылық. Жақсылық деп ойлаған көп нәрселер – сен үшін жамандық. Сені сәлеметке жеткізетін ең қауіпсіз жол – иләһи тағдырға разы болып, әрбір халіңе шүкіршілік ете білуің.
Ұлым! Кімдермен бірге болғаныңа өте абай бол. Мынаны жақсы біліп ал, бір себет сау алма, ішіндегі бір шірік алманы дұрыстай алмайды. Бірақ, бір құмалақ – бір қарын майды шірітеді, Шіріген бір алма, барлығын да шірітеді. Сол үшін үнемі салихтармен бірге бол!
материал «Иманнан ихсанға» кітабынан алынды,
ummet.kz