19
Сенбі,
Сәуір

һижри

«Айту оңай, тыңдау оңай, амал ету өте қиын»

«Айту оңай, тыңдау оңай, амал ету өте қиын»

Ислам тарихы

Тасаууф – Исламды ықылас, тақуалық, зүһд, ихсан, мұрақабә, шынайылық, мойынсұну және сүйіспеншілік қағидалары бойынша ұстана білу деген сөз. Оның ең маңызды мәселесі де осы ақиқаттарды түсіндіруден бастап, оларды өмірімізге мүмкіндік пен қабілетімізге қарай енгізе білу.

Салих ғалымдар ең алдымен уағыз, насихат жасап, иләһи сұлулық пен мақтаулы ахлақты түсіндіргеннен соң: «Айту оңай, тыңдау оңай; бірақ, шарты бойынша амал ету өте қиын!» - дейтін. Сондай-ақ, көңілдердің кемелдікке жетуі үшін ұсыныстар жасайтын. Осы терезеден бір қарағанда жазу да, оқу да оңай. Бірақ, қажетті түрде ұстанып, сол жақсылықтарды өміріміздің қажеттілігіне айналдыру өте қиын.

Яғни, «сабыр ет» деген қысқа ғана бір сөзді айтқан ауыз да, естіген құлақ та және жазу ретінде оқыған көз де шаршамайды. Бірақ, бұл сөздің сансыз дерт, қаншама ауыр азап, қиыншылық, мыңдаған пәлекеттер мен әр түрлі ауыртпалықтарға тап болған көңілдердегі көрінісі туралы айтылғанда адамдар көбінесе қиналып, сабырсыздық танытады. Сондықтан, барлық мәселе тасаууф мәліметтерді тек қана үйрену мен үйрету емес, оларды көңіліміздің өмірі мен бақыттылығының дауасына айналдыру. Өйткені, Алла Тағала Құран Кәрімде: «Ол – Алла өмір мен өлімді қайсыларың жақсы амалдарды жасайтындықтарыңды сынау үшін жаратқан» - (Мүлік сүресі 2-аят) деп бұйырып, құлдарын салих амал істеуге шақырады. Байқап қарасақ аят кәримада «жақсы үйрену» немесе «жақсы үйрету», не болмаса «жақсы тыңдау» сияқты бір сөз айтылмайды.

Керісінше, «жақсы құлшылық жасау (салих амал)» сынды шынайы ақиқат баяндалады. Сол үшін тасаууфтың негізгі мақсаты – парасаттылық зәмзәмі, тақуалық кәусары және ғашықтық пен сүйіспеншіліктің нәрі мен көңіл бәйшешегін ашып, надандық шөлі болып табылатын осы дүниедегі қайғыға ұшыратпай құлдарды Аллаға қауыштыру. Бұл ақиқатты түсініп, бастан кешіргендер тасаввуфты түсініп, өмірінде қолданады.

Тасаууф даналардың айтқаны сияқты: «Тасаууф – өзгеше хал. Оның дәмін татқан біледі!» Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні ретінде, осы жерге дейін түсіндіргендерімізбен тасаууф хақында айтпағымыз, Ол – Аллаға ең кәміл түрдегі құлдық. Әрі мәңгілік әлемге нақты әзірлік. Яғни, тасаууф – құлдықты ең кәміл түрде ұстана білу. Өйткені, Алла Тағала адамды өзіне құлдық етуі үшін жаратқан. Сондықтан да тасаууф – құлдыққа кедергі болатын бөгеттерді жойып, құлдыққа ең күшті ықпал ететін мүмкіндіктерді қамтамасыз етуден басқа ештеңе емес. 

материал «Иманнан ихсанға» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: