Төмендегі хадисте бізге халал мен харам турасында қаншалықты абай болуымыз керектігін тамаша әрі қысқаша баяндайды.
Хазіреті Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) айтты: «Шүбәсіз халал белгілі, харам да белгілі. Бірақ осы екеуінің арасында (халал-харамы белгісіз) кейбір күмәнді нәрселер бар, адамдардың көбі оларды білмейді. Шүбәлі нәрселерден қашқан адам діні мен намысын қорғаған болып саналады. Шүбәлі нәрселерден сақтанбаған адам болса, уақыт өте келе харамға батады. Бұл мәселе дәл отарын біреудің жеріне жақын жайып, малдары әлгі жерге түсіп кету қаупі бар шопан сияқты. Абай болыңдар! Әрбір патшаның кіруге тыйым салған жері бар. Алланың тыйым салған жері – харам еткен нәрселері екендігін ұмытпағайсыңдар» (Бұхари, Иман 39).
Алланың әміріне мойынсұнатын ризашылық халіндегі жүректер хикмет пен жақсылықтың және фәйздің арнасына айналады. Керісінше харамдардан, шүбәлі нәрселерден сақтанбаған жүрек пен тән бастан-аяқ жамандық пен әдепсіздіктің ұясына айналады. Міне осындай сақтық пен абайлылықтың мәні турасындағы мына мысалдар қандай ғибратты:
Әбу Бәкір Сыддықтың (радиаллаһу анһу) бір құлы бар еді. Бұл құл табысының бір бөлігін оған беріп, ол содан жейтін. Бір күні құл табысынан бір нәрсе алып келді. Әбу Бәкір де (радиаллаһу анһу) оны жей бастады. Сонда құл: «Не жеп жатқаныңды білемісің?» - деп сұрады. Әбу Бәкір (радиаллаһу анһу): «Жоқ білмеймін. Қане айтшы не?» - деп түсіндіруін сұрады.
Құл: «Бақсылықты білмесем де жәһилия кезінде бал ашып, біреуді алдап беріп едім. Бүгін сол адаммен кезіктім. Ол маған істеген ісім үшін осы сізге берген тамақты берді» - дегенде Хазіреті Әбу Бәкір (радиаллаһу анһу), саусағын тамағына салып, қиналып жегенінің бәрін құсты (Бұхари, Мәнәқибул-Әнсар 26).
Екінші бір риуаят бойынша: «Бір жапырақ нан үшін осыншама қиналғаныңыз не?» - деп сұрағанда Хазіреті Сыддық: «Жаным шықса да, осы нанды шығарар едім», - деп жауап береді (Ахмед б. Абдұллаһ әт-Табери, әр-Риядун-Надра ІІ, 140-141).
Қызыр (аләйһиссәләм) хақ досы Абдулхалиқ Гуждеванимен (құддисә сирруһ) кездескен кездегі араларындағы болған мына сөздердің де ғибраты өте мол. Қызыр (аләйһиссәләм) Гуждевани Хазіретінің тартқан тамағын жемей, дастарханнан шегініп кетеді. Абдулхалиқ Гуждевани (құддисә сирруһ) таңданып: «Бұлар адал тамақтар, неге жемейсіз?» - дейді. Қызыр (аләйһиссәләм): «Иә, адал тамақ. Бірақ, пісірген адам ашуланып, ғапыл күйінде пісірген».
Көріп отырғанымыздай, жеген тамақтың халал-харам болуын былай қойып, оның арғы жағында оны пісірушінің қандай көңіл күйімен пісіргендігі, ондағы іс-әрекет, қарым-қатынас және ғибадаттарының руханиятына қандай әсер ететіндігі байқалады. Бұл жағдай - тамаққа қаншалықты көңіл бөлу керектігін көрсетеді.
материал «Иманнан ихсанға» кітабынан алынды,
ummet.kz