Сахабалардың ішінде дауысы керемет, Құран оқығанда өзі де жылап, басқаны да жылататын адамдар көп еді.
Солардың бірі Усәйд бин Худайр (радиаллаһу анһ) болатын. Бір күні түнде атын қасына байлап қойып, «Бақара» сүресін оқи бастайды. Оқып отырғанда аты бірден үркиді. Хазіреті Усәйд оқудан тоқтайды, ат тынышталады. Қайтадан оқи бастағанда ат тағы да үркиді. Тоқтатса тағы да тынышталады. Қайтадан оқи бастағанда, ат тағы да үркеді. Усәйд бин Худайрдың (радиаллаһу анһ) баласы атқа жақын жерде жатқандықтан ат басып кетуінен қорқып, оқуды тоқтатады. Аспанға қарағанда ақ бұлттың көлеңкесіне ұқсайтын түтін ішінен шырақ сияқты жарқыраған нәрселерді көрді.
Оқуды тоқтатқан кезде сол жарқыраған нәрселердің аспанға қарай биіктеп көтерілгенін көрді. Таң атқаннан кейін Пайғамбарымызға (с.ғ.с) барып, болған жәйтті айтып береді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Олардың не екенін білесің бе?» деп сұрағанда хазіреті Усәйд «Ата-анам сізге құрбан болсын, я, Расулалла білмеймін» дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Олар періштелер болатын. Сенің дауысыңа жақындаған еді. Егер оқуды жалғастыра бергеніңде таңға дейін олар сені тыңдап, адамдар да оларды көріп тамашалайтын еді. Олар халықтан жасырынбас еді» деді.
материал «Хазреті Мұхаммед алейһиссаламның өмірі» кітабынан алынды,
ummet.kz