Әбу Аюб әл-Ансари – Пайғамбарымыздың (с.а.у.) ансарлық сүйікті сахабаларының бірі. Мұсылмандардан Әбу Аюб әл-Ансариді білмейтін кім бар екен? Өзін мұсылман санаған әр адам оны білу керек. Бұл бір дәрежесі көтерілген адам. Адамдардың арасында Алла тағала оның қадірін биік етіп, оның үйін Пайғамбарымыз түскен үй етіп қойды. Осының өзі оның дәрежесінің қандай екенін, қандай сахаба екенін аңдатса керек.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) Меккеден Мәдинаға көшіп келгенде, Мәдина халқы оны үлкен ықыласпен, қуанышпен қарсы алды. Пайғамбарымызды (с.а.у.) күтіп алған топтың көздерінен сүйіспеншілік, жүздерінен махаббат сезілетін. Барлығы да есіктерін айқара ашып Пайғамбарымызға (с.а.у.) қадалған жанарларынан өз үйлеріне түссе екен деген ниеттері сезілетін. Түйемен келе жатқан Пайғамбарымыздың (с.а.у.) алдын әсіресе ауқаттылары кес-кестей берді: “Біздікіне түсіңіз, біздікіне қонақ болыңыз. Сізге ешкімді тиіскізбейміз. Үйіміз сізге қажет жиһазбен жасақталған, адам да көп емес. Сізге барлық жағдайды жасаймыз”, - деп Мәдинаның ұлықтарының жаны қалмай, құрақ ұшты. Бірақ Пайғамбарымыз (с.а.у.): “Түйеге тиіспеңдер. Бұл – бұйырылған түйе. Алла тағала оны қай жерге тоқтатады, сол жерге түсемін”, - деді. Түйе кетіп бара жатты. Оның артынан “Қай жерге тоқтар екен?” деп жүздеген көз қызығушылықпен тігілді. Түйе жандарына тоқтамай кеткен адамдардың көңіліне мұң ұялаушы еді. Ал түйе тоқтамастан жүре берді. “Қандай бақытты адамның үйіне барып тоқтайды екен?” деген оймен адамдар оның артынан еді отырды.
Сол жүрген бойы түйе Әбу Аюб әл-Ансаридің үйінің жанындағы бос алаңға келіп шөкті. Бірақ Пайғамбарымыз (с.а.у.) түйеден түспеді. Түйе аз ғана жатты да, орнынан қайта тұрып, қайтадан жүріп кете барды. Түйе сәлден соң қайтадан артына қайтты. Сөйтіп әуелгі шөккен жеріне келіп, қайтадан шөкті.
Аюб әл-Ансаридің қандай бақытты адам екеніне қараңыздар! Түйе қайтып келді, Әбу Аюбтың жүрегін қуаныш кернеді. Асығып Пайғамбарымызға (с.а.у.) барып сәлемдесті. Түйенің үстінен Пайғамбарымыздың (с.а.у.) жүктерін алып, үйіне көтеріп кіріп бара жатты. Ал түріне қарасаң, бүкіл әлемнің қазынасын көтеріп бара жатқандай бақытты еді.
Әбу Аюбтың үйі екі қабаттан тұратын. Екінші қабатын босатпақ болып еді, Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзіне төменгі қабатты таңдады. Түн болып, Әбу Аюб пен әйелі жоғарғы қабатқа көтеріліп, бөлменің есігін жапқаннан кейін әйеліне бұрылған сахаба: “Біз не істеп қойдық? Пайғамбарымыз бізден төменде жатады да, біз одан жоғары жатамыз ба? Сонда біз Пайғамбарымыздың (с.а.у.) төбесінде жүреміз бе? Біз сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.) бен уахидың ортасында қалып қоямыз ба? Құрыдық қой!” – деп сары уайымға салынды. Ерлі-зайыпты екеуі не істерін білмеді. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) төбесінде тұрып қалмайық деп бөлменің бұрыш-бұрышын паналады. Жүрсе де, тек қабырғаны жағалап жүрді. Таң атқаннан кейін Әбу Аюб Пайғамбарымызға (с.а.у.) жүгіріп келіп: “Аллаға серт, бұл түні менің де, Аюбтың анасының да кірпігі ілінбеді. Төбеде жүргенде шаң Пайғамбарымыздың үстіне түссе, уахи мен Пайғамбардың арасына тұрып қалсақ не болмақ?” деген ойда болдық” - дейді. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.): “Өз-өзіңді қиыншылыққа сала берме, Әбу Аюб. Біздің төменгі қабатта тұрғанымыз дұрыс, өйткені Мәдина халқының көбі зиярат жасап келеді. Олар қиналып қалмасын”, - дейді. Осыдан кейін тынышталған Әбу Аюб бір жағдайға дейін солай өмір сүріп жатты.
Ал ол жағдай былай орын алған еді. Бір түні Әбу Аюб пен әйелі жоғарғы қабатта бір ыдысты сындырып алады. Оның ішіндегі су еденге төгіледі. Әйелі екеуі су астыңғы қабатқа тамып кетпесін деп жанталасып, өздерінде бар бір ғана жамылғымен еденді сүрте бастайды. Күн суық еді. Таң атқаннан кейін Әбу Аюб асығып Пайғамбарымызға (с.а.у.) барып: “Ата-анам сенің жолыңда құрбан болсын, ей Пайғамбар! Сенің төбеңде тұрғанды жақсы көрмеймін”, - деп түндегі оқиғаны баяндап береді. Бұл жолы Пайғамбар (с.а.у.) Әбу Аюбтың сөзін қабыл алып, жоғарғы қабатқа көшеді.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) Әбу Аюбтың үйінде 7 айға жуық уақыт тұрды. Кейін Пайғамбарымыздың (с.а.у) түйесі шөккен алаңға мешіт, жанына үй салынды. Пайғамбарымыз (с.а.у.) сонда көшті. Енді Әбу Аюб Пайғамбарымызға (с.а.у.) көрші болды. Бұлар қандай керемет көршілер еді!
Әбу Аюб әл-Ансари Пайғамбарымызды (с.а.у.) сондай жоғары дәрежеде жақсы көрді, бұл махаббат оның ақылын да, жүрегін де билеп алған еді. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) да Әбу Аюбқа ықыласы ерекшеб болатын. Әбу Аюбтың үйін өз үйіндей көретін. Көшіп кетсе де, Әбу Аюб Пайғамбарымызға арнап тамақ дайындап қоятын. Олардың сыйластығы Пайғамбарымыз (с.а.у.) дүниеден өткенге дейін жалғасты.
материал «Әлем таныған мұсылмандар» кітабынан алынды,
ummet.kz