Әл-Фарабидың қабіріне Қазақстаннан алғаш барған да, бұл іске көпшілік қауымның назарын аударқан да – белгілі ғалым Ақжан Машани болатын. Оның фарабитануға қосқан үлесі орасан зор.
Ақжан Машани 1968 жылы Сирия мен Ливанға шыққан туристік топ құрамында болады. Ол турады Машанидың өзі былай деп жазады: «Қаланың солтүстік-шығыс жақ бетіндегі бір биік қақпаның алдына келіп тоқтадық. Іздеген Баб-ас-Сағир – Кіші-қақпа осы. Алдында кішірек әдемі мешіт, оның бір жағында мрамор тастан жасалған жуынатын орындар. Мешіт ішінде кітапхана сияқты қаланған папкалар, кітаптар... Күзетшісі бізге әл-Фараби қабірін көрсетті. Айналасы сәл ашықтау жерде жатқан жұпыны сұпы, сыртын цементпен сылаған. Басқа еш нәрсе жоқ. «Мұның әл-Фарабидікі екенін сіз қайдан білесіз? Ешбір белгі жазу жоқ қой?» – деп сұрадым күзетшіден. Оның айтуынша, белгі басында бұрын болған. Жер сілкінген кезде құлап қалыпты. Одан кейін оны түзеткен кісі жоқ. «Айналасында тұрған мынау қабірлердің бәрінің де белгілері құлаған, бірақ сіз мұның әл-Фарабидікі екеніне шүбә келтірмеңіз, өйткені бұл зиратта жатқан адамдардың бәрі дәптерде тіркеулі, кімнің қай жерде жатқаны белгілі», – деді күзетші. Баб-ас-Сағир зираты белгілі адамдарға арналған династиялық жай көрінеді. Онда тек патшалар, пайғамбар нәсілдері, халифа нәсілдері, әмірлер немесе солардың ұстазы болған үлкен ғұламалар ғана қойылады екен. Сирия әмірі Сайф ад-Дәула әл-Фарабиді өзіне ұстаз тұтқан. Сол себепті ол кісі оны өз қолымен осы жерге қойдырған. Олай болмаған күнде мың жылдан бұрынғы жалпы зираттар жермен-жексен болып кеткен, онан табу мүмкін де емес. Баб-ас-Сағир бір кезде қаланың шетінде қоршау қақпада болған. Кейін қала өскен соң ол ортада қалып қойыпты. Сонан кейін оның айналасын темір шарбақпен қоршап, бұрынғы қалпында сақтаған».
Сапар соңында Дамаск қаласында қоштасу қонақасы беріледі. Сол жерде Ақжан Машани сөз алып, әлемге әйгілі ғалымның басында еш белгінің жоқ екенін сөз етеді. Сонда арабтар жағынан Дадуш есімді бір азамат алдағы уақытта әл-Фарабидің басына ескерткіш орнатуға уәдесін береді.
Кейін расымен де арабтар сөзінде тұрып, әл-Фарабидің басына ескерткіш орнатқан көрінеді...
материал «Әлем таныған мұсылмандар» кітабынан алынды,
ummet.kz