02
Сенбі,
Қараша

һижри

Ислам дінінің мәртебесін көтерген еврейді танисыз ба?

Ислам дінінің мәртебесін көтерген еврейді танисыз ба?

Ислам тарихы

Пайғамбарымыз (с.а.у.) заманында ақиқатты ақылымен ұққан кейбір яһудилердің Ислам дінін қабылдағанын білеміз. Ал кейінгі еврейлер мұсылмандармен бітіспес жауға айналды. Десек те, олардың арасында біздің бүгінгі кейіпкеріміз Мұхаммед Асад секілді Ислам дінін қабылдап қана қоймай, оның мәртебесін әлемде биікке көтерген еврей-мұсылмандар да аз емес.

Леопольд Вайс (Мұхаммед Асадтың шын есімі) 20-ға келгенде туған үйін, оқуын тастап, журналистикамен айналыспақшы болып, Прагаға кетеді. Қалтасында жыл бұрын қайтыс болған анасынан қалған алтын сақина мен әкесінің “қолына қалам ұстаған адамның өмірінің соңы жоқшылықпен аяқталатыны” туралы түңіліп жазған хаты ғана бар еді. Өз болашағына қалтқысыз сенген Вайс алғашында Мурнау атты белгілі кинорежиссермен танысып, сценарий жазып, оның ассисенті болып жүреді. Артынан Берлинге келіп, түрлі мақалалар жазумен айналыса бастайды. Бұл Ресейде большевистік революция болып, миллондаған қашқынның шетел асып, әлемнің назарын аударып тұрған уақыты болатын. Бір Берлиннің өзінде 200 мыңға жуық орыс бар еді. Міне, осы кезде журналистикада онша жолы болмай жүрген Вайсқа жаңа есік ашылады. Берлинге Максим Горькийдің әйелі Екатерина Пешкованың Батыстан Ресейге көмек сұрап келгенін бір досынан естіген Вайс табандылығының арқасында сұхбатқа көндіреді. Ол Ресейдегі сол кездегі жағдай мен ғаламат ашаршылық туралы әңгімелеп береді. Бұл жас журналистің жұлдызын жаққан, қоғамда дүрбелең тудырған, елдің аузында жүрген сұхбат болды. Жариялана салысымен Вайсқа бірден берлиндік үлкен газеттерден жұмысқа ұсыныс түсті. “Франкфуртер-цайтунг” газетінің ұсынысын қабыл алған Вайс атақ-даңқтың соңынан қууға асықпайды. Өз жағдайына әлі де көңілі толмаған ол жаңа дүние іздей бастайды. Осы кезде Иерусалимде тұратын атақты ғалым Зигмунд Фрейдтің алғашқы шәкірттерінің бірі, жүйке жүйесін емдейтін ауруханада істейтін ағасы Дориан Фейгенбаумнан хат келеді. Хатта: “Мүмкін маған келіп, бірнеше ай жанымда боларсың? Берлинге өзің қалаған кез-келген уақытта қайтып кете аласың. Тіпті, қайтар билетің менің мойнымда болсын. Жазда ерекше салқын ескі араб үйі сенің игіліңде. Екеуміз бірге уақыт өткіземіз. Менде кітап көп. Айналамен әбден танысып болғаннан кейін кітап оқуға еркін берілсең болады”, - делінген еді. Ағасының шақыртуын бірден қабылдаған Вайс жолға шығады. Берлиннен Румынияға келіп, ары қарай кемемен Александрия арқылы Яффаға жетіп, Иерусалимге пойызбен аттанады.

20170709074211543.jpg

Еуропадағы өмірден кейін Леоны бұл қасиетті қала қатты таңғалдырады. Оның назарын өзіне діні бір еврейлер емес, мұсылман арабтар аударды. Шөл даланың осы бір бәдәуилері оған ерекше ыстық, жанына жақын көрінді. Інжіл қағидаларын еврейлер емес, осы бір қарабайыр мұсылмандар жақсырақ ұстанатындай сезілді. “Франкфуртер цайтунг” газетінің Таяу Шығыстағы тілшісі ретінде Вайс көрген-білгенінің бәрін жазып, газетке жіберіп отырды. Онда еврейлердің Палестинаны өз орталықтарына айналдыру туралы Бальфур декларациясына қарсылығын, “араб жеріне” кез-келген еврейдің көз алартуын қолдамайтынын ашық мәлімдейді. Сонымен қатар, Иерусалимдегі сионистердің басшылары Менахем Усышкин және доктор Хаим Вейцманмен де кездесіп, өз пікірін айтады. Осылай Лео Иерусалимде өзін «арабтардан артық араб» сезініп, олардың мүддесін қорғауға бар жан-тәнімен кіріседі. Бұл әрекетінің соңы Исламды қабылдаумен аяқталатынын әрине, ол кезде Вайстың өзі де білмеген болар...

Лео Вайс Иерусалимде өзімен көзқарасы ұқсас, таным-түсінігі бір Якоб Исраил де Хаанмен танысып, соның көмегімен 1923 жылы Иорданияға сапар шегеді. Онда араб халқының өмірі мен соңғы дін – Исламның негіздерін тереңірек зерттеп, түрлі талдау мақалалар жазады. Сонда әмір Абдуллаһ ибн Хусейнмен танысып, араб тілін үйрене бастайды. Мұнымен де тоқтамаған Вайс ары қарай Сирия, Иран, Ирак, Ауғанстан жеріне сапар шегіп, көрген-білгенін, көңілге түйгенін жазудан жалықпайды. Ал жазған-сызғаны “Франкфуртер цайтунгте” бірден жарияланып, Вайстың журналистік атағына атақ қосып жатты.

Шығыстағы үш жылдық сапардан кейін, 1924 жылы Вайс Еуропаға оралады. Ол жастығына қарамастан белді газет “Франкфутер-цайтунгта” штатта қызмет етуімен қатар, Берлин академиясында лекция оқиды. Алайда, оның өзі сондай жақсы көріп қалған мұсылман әлеміне деген құштарлығы толастамай, енді Мысырға жол тартады. Мұнда дүниетанымына қатты әсер еткен белгілі мұсылман ғалымы Мұстафа әл-Марағимен кездеседі, атақты Ислам университеті әл-Әзһардан араб тілін үйренуін жалғастырады. Жазуын да тоқтатпайды.

Оның өмір жолымен танысқан адам “Лео Вайс Исламды осы мұсылман елдерінде қабылдаған болар” деп ойлары хақ. Бірақ, олай емес. Ислам Леоға есігін Берлинге қайтып келгеннен кейін бірақ ашқан екен. Өзінің өміріне өзгеріс енген күнді Вайс былай еске алады: “1926 жылдың қыркүйегінде Эльза екеуміз Берлин метросында келе жаттық. Менің көзім қарсы алдымда отырған жинақы, әдемі киінген жігітке түсті. Жолы болған кәсіпкер болар деп ойладым. Гүлденіп, өсіп, өркендеп келе жатқан Еуропаның сол кездегі бет-бейнесіне мына адамның сондай жарасып тұрғанын да оймен шолып өттім. Ол уақытта жалғыз бұл кісі ғана емес, адамдардың көпшілігі әдемі киінетін, тамақтары да тоқ болатын. Ал бірақ көзімді көтеріп, оның жүзіне үңілгенімде өңінен сұмдық бір бақытсыздық сезілді. Көзінің нұры сөнген, аузы қатты аурудан қисайып кеткендей көрінді. Бірақ мұның физикалық ауру емес екенін де түсіндім. Әдепсіз көрінбейін деп назарымды жанында отырған сәнді киінген келіншекке аудардым. Оның бет-әлпетінен де жанын жаралаған мазасыздық байқалды. Мен сонда айналамдағылардың барлығының жүзіне кезекпен үңіле бастадым. Барлығы да әдемі киінген, қарындары тоқ, жағдайлары жасалған адамдар екені көрініп тұр. Бірақ қай-қайсысының да жүрегінде жасырулы мұңдары бар секілді... Тіпті онысын өздері байқамайтындай. Көргенімнің әсер еткені соншалық, ойымды жанымдағы Эльзаға айттым. Ол да вагондағыларды портрет салатын суретшінің көзімен жіті қарап шықты. Сосын таңғалған түрмен маған бұрылып: “Дұрыс айтасың. Айналамыздағы адамдардың бәрі ауыр азап тартып жүргендей. Өздері соны біле ме екен?” – деді. Мен олардың ештеңе білмейтінін де, сезбейтінін де жақсы түсініп тұр едім. Әйтпесе, тек дүниенің, биліктің соңынан қуып, жақсы өмір сүру деңгейлерін көтеруді ғана ойлап, сенімсіз, дінсіз, мақсатсыз өмір сүрмес еді ғой... Үйге келіп, жұмыс үстеліме жайғасқан едім, сол уақыттары оқып жүрген Құранымның ашық жатқанын байқадым. Автоматты түрде жинап қояйын деп бетін жаба беріп, көзім мына бір жолдарға түсті, оқи жөнелдім:

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

Сендерді көбейтуде бәсекелесу айналдырды.

Тіпті қабірлеріңе барғандарыңа дейін.)

Жоқ олай емес. Тез білесіңдер.

Тағы олай емес. Жуырда білесіңдер.

Жоқ олай емес. Анық білген боласыңдар;

Әлбетте тозақты көресіңдер.

Сонан кейін әрине көзбен көресіңдер.

Сол күні, (дүниеде берілген) әр нығметтен әлбетте сұраққа тартыласыңдар. («Тәкассур» сүресі, 1-8)

Бір сәтке аузыма сөз түспей тұрып қалдым, тіпті қолымдағы кітап дірілдеп кеткендей көрінді. Кітапты Эльзаға ұсындым да: “Оқышы. Мынау біздің метрода көргенімізге жауап”, - дедім. Жауаптың нақты әрі анық болғаны сондай, жүрегімде ешқандай күдік қалмады. Осыдан ХІІІ ғасыр бұрын адамзаттың қолына түссе де, біздің мына механизмделген иллюзияға толы уақытымыз бен қолымдағы кітап аятының дәл келгеніне таңырқаған күйі мұның Құдайдың сөзі екеніне күмәнсіз сендім.

Адамдар барлық уақытта қызғаныштың не екенін білген. Бірақ сол қызғаныштың дүниені асқан құмарлықпен иемденуге дейін өсуі, сол жолда өтірікке де, қулыққа да баруы жиіркенішті еді. Бүгін анауым болса, ертең мынауым болса деген ашкөздік жанды өлтіріп жатыр... Мұның сонау Арабияда тұратын адамдардың даналығы емес екенін түсіндім. Тіпті қандай керемет ақылды жан болса да, ХХ ғасыр адамдарының індетін қайдан біледі?! Құраннан Мұхаммедтен де ұлы күштің үні шығып тұр еді...”.

Лео Вайс осылай көптен іздеген ақиқатын тапты, бірден мұсылман болуға ұмтылды. Берлиннің шағын мешітіне, сондағы мұсылмандардың басшылығына барып, куәлік сөзін айтып, мұсылман болды. Людвиг Вайс есімін Пайғамбарымызға (с.а.у.) деген құрметпен “Мұхаммед” деп ауыстырып, соңына туғанда берілген “Лео” атына, яғни, “арыстан” сөзінің арабшасы “Асадты” жалғады. Солай Ислам әлемі жаңа, күшті, ақылды тағы бір мұсылманмен толықты. Өмірбойы баласының дін қызметкері болуын қалаған әкенің арманы басқа қырынан болса да орындалды. Құдай қай жерде де бір емес пе?! Бірақ мұны түсінбеген әке Мұхаммедпен біржола ат құйрығын кесіседі.

Мұхаммед Асад Исламды сөзбен қабылдай салған жоқ, өмір салтына айналдырды. Оны кей мұсылмандардың мұсылман бола тұра Ислам шарттарын орындамайтыны таңғалдыратын. Асад Ислам діні туралы: “Ислам мен үшін архитектура өнерінің ғажап бір туындысы секілді. Оның барлық негіздері керемет үйлесімділікпен орналасқаны сондай, бірін-бірі толықтырып отырады, кемшілік таппайсың”, - дейді.

Мұхаммед Асад Исламды қабылдай сала, қасиетті мекен – Меккені көруге асықты. Ол 1927 жылдың қаңтар айында жұмысын, үй-жайын тастап, жанына өзімен бірге Исламды қабылдаған суретші әйелі Эльзаны ертіп, қажылыққа аттанады. Бірақ өзінен 15 жас үлкен әйелі Меккеге барған соң аяқ астынан ауырып қайтыс болып, Асад Меккеде тұрақтап қалады. Енді ол Құранды зерттеуге кіріседі. Және тұрмысына қажетті қаржыны неміс газеттеріне Таяу Шығыс туралы жазып, табады.

Бірде, Мұхаммед Асад Меккенің үлкен мешітінің кітапханасында Файсал ханзаданы жолықтырып қалады. Ол Еуропадан келген қонақты әкесі, Сауд Арабиясының негізін қалаушы король Абдуләзиз ибн Саудпен таныстырады. Асадтың тегін адам еместігін бірден байқаған король оны сарайына күнде шақыртып жүреді. Уақыт өте ол корольдің досына әрі кеңесшісіне айналады. Тіпті ең құпия істерін де король Асадқа сеніп тапсырған деседі. Ол туралы өзінің естелігінде Асад: “Ол – король, мен –қарапайым журналист, екеуміздің дәрежеміз тең болмаса да, ол мені дос тұтады, өзінің ең құнды ойларын менімен бөліседі. Соған орай мен де “біз достармыз” деп ашық айта аламын”, – деп жазды.

Асад қасиетті қалалар – Мекке мен Мәдинаны алты жылға жуық мекен етіп, Құран мен хадисті, араб тілі мен Ислам тарихын терең меңгерді. Өз жазбаларында айтқандай, Исламның адамзатқа берілген ең үлкен сый екенін түсінді. Егер кем-кетік тұстары болып жатса, оның адамдардың ықпалынан екенін де байқады.     

Арабияны қатты ұнатып қалғаны сондай, Асад ол туралы: “Бұл махаббат еуропалықтарға тән болмаса да, мен Арабияны қатты жақсы көремін. Араб өмірінің әдемілігі сондай, қай-қайсымызды болса да тартпай тұрмайды. Ал егер ол елде тұрып көрген болсаң, оны жүрегіңнен ешқашан суырып тастай алмайсың. Тіпті адам ол жерден кетсе де өзімен бірге араб жазирасының ғажап атмосферасының бір бөлігін бірге алып кетеді әрі өмірбойы сол өлкені сағынып өтеді”, – деп жазды. Әрине, Асадтың бұл сағынуын – кезіндегі Пайғамбарымыз (с.а.у.) бен сахабалардың ізі қалған топырақты сағынуы деп түсінемін. Қазірдің өзінде Меккеге бір барып қайтқан қажылар сол жаққа қайта барғысы келіп тұратынын айтады. Асад та сол бір арман-мекенді өмірбойы сағынып өткен секілді.

материал «Әлем таныған мұсылмандар» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: