Ислам әлемінің ұлы ғұламаларының бірі, батыс пен шығысты қатар мойындатқан Әбу Насыр әл-Фараби қазақ топырағында, Отырар қаласында 870 жылы дүниеге келген. Ұлы Жібек Жолының бойында орналасқан Отырардың ол кездегі аты Фараб болатын. Бұл шаһар қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысында.
Бізге жеткен деректерде әл-Фараби дүние есігін ашардан 126 жыл бұрын түркілердің мәдени орталығы болған Фараб қаласы бейбіт жолмен ислам дінін қабылдаған делінеді. Солай гүлденіп, ғылым мен білім ерекше дамып жатқан Фарабтан небір мықты ғалымдар шыққан. Ол кезде көкірек көзі ашық әр мұсылман ғылыммен шұғылдануды өзіне парыз еткен.
Осыдан Ислам дінінің қазақ топырағына біз ойлағаннан әлдеқайда ертерек келгенін көреміз. Бұл пікірімізді шығыстанушы Әшірбек Мүминов келтірген мына бір дерек айқындай түседі: “751 жылы Атлах қаласы маңында Әбу Мүслим басқарған мұсылмандар мен Тан империясының әскерлері (қытайлардың) арасында шайқас болды. Бұл шайқаста мұсылмандар жеңіске жетіп, содан кейін қытайлар Орталық Азияға аяқ басқан емес. Шайқаста жергілікті түркі тайпалары мұсылмандар жағына өткен, түркілер ислам мәдениетін таңдаған. Яғни, кеңес ғалымдары айтпақшы, ислам Қазақстанға ХІХ ғасырда келмеген. Қазақстандағы исламның тарихын VІІІ ғасырдың ортасынан бастауымыз керек. Әбу Мүслим ұстанған идеология Фарабта да ықпалды болған”.
Яғни, әл-Фараби дүниеге келерден әлдеқайда бұрын Ислам діні Отырарға әбден орнығып, қанат жайған. Жергілікті халық ғылыми-мәдени салада араб тілін меңгере бастады. Әл-Фарабидің ғылыми еңбектерін араб тілінде жазуы да сондықтан. Ежелгі Отырар, Фараб қаласынан әл-Фарабиден басқа да көптеген ғалымдар шыққан. Бірақ арасындағы атақтысы - әл-Фараби.
материал «Әлем таныған мұсылмандар» кітабынан алынды,
ummet.kz