Қазақтың Абай, Шоқан, Шәкәрім сынды алып тұлғаларының есімдері аталғанда аналары, әжелері қатар айтылып жатады. Өйткені, олардың адам болып қалыптасу жолында осы нәзік жандылардың рөлі ерекше. Абайды Зере әже тәрбиелесе, Шоқан бойына бар жақсылықты Айғаным ханым сіңірген деседі.
1821 жылы Уәли хан дүниеден өткенде Айғаным 38 жаста болатын. Үміт күткен ұлы Шыңғыс әкеден бар болғаны 10 жасында қалыпты. Осы тұста Ресей патшалығы Айғанымды «Орта жүздің ханы» деп таниды. Уәлидің өзге әйелдерінен қаншама ұлдары бола тұра таққа Айғанымның отыруы патша үкіметіне өте қолайлы еді. Осыған орай Айғанымды «хандық дәрежесіне көтерілген тұңғыш қазақ әйелі» деп атаушылар да бар. Бірақ бұл «хандық» ұзаққа созылмай, 1822 жылы М.М.Сперанскийдің «Сібір қазақтарын басқару» атты ережесі шығады да, Орта жүздің хандығы жойылып, қазақтары: Құсмұрын, Көкшетау, Ақмола, Баян, Қарқаралы, Аякөз аталған алты дуанға бөлініп кетеді. Ал Айғаным Көкшетау дуанына біраз жыл аға сұлтан болып тұрады. Бұл туралы ғалым Әлкей Марғұлан: «Айғаным – ақылды, көреген, өз заманына сай білімді болған әйел. Ол шығыстың бірнеше тілдерін білген, орыс мәдениетіне ден қойып, Сыртқы істер министрлігінің Азия департаментімен және Петербордағы Сібір комитетімен хат жазысып, байланысып отырған. Айғаным жергілікті халықтың арасында өте зор беделге ие болды. Мұрағат мәліметтері Айғанымның қоғамдық-саяси мүдделерінің өте ауқымды болғанын көрсетеді. «Сібір қырғыздары жөніндегі жарғы» қабылданғаннан кейін, Орталық және Солтүстік Қазақстандағы қандай да маңызды оқиғалар оның қатысуынсыз өткен емес», – деп жазады Ш.Уәлиханов туралы зерттеулерінде.
Айғаным ханым 1824 жылы Омбыда болып, губернатормен жолығады. Ол 1826 жылы 24 желтоқсандағы жарлығымен Сырымбет тауының өлкесін «Айғанымның меншігі» деп бекітіп береді. Ал 1827 жылы Айғаным өзінің баласы Шыңғысты – Шоқанның әкесін Сібірдің шептік казактарының әскери училищесіне оқуға береді. Шыңғыс орыс тілін жақсы білетін алғашқы қазақтардың бірі болды. Әскери училищені бітірген Шыңғыс 23 жасында сол кезде жаңа құрылған Аманқарағай округіне аға сұлтан болып тағайындалады, оған майор, кейіннен полковник шені беріледі.
материал «Тұлғалар өміріндегі Ислам» кітабынан алынды,
ummet.kz