02
Сенбі,
Қараша

һижри

Мағжан ақын өзін неге «пайғамбар» атады?

Мағжан ақын өзін неге «пайғамбар» атады?

Ислам тарихы

Мағжан Жұмабаев – қазақ поэзиясының дүлдүлі, Алаш үкіметінің көрнекі қайраткері, ұлт мақтанышы. Мағжан өзге замандастарындай емес, Алаш зиялыларымен Кеңес үкіметін мойындауға мәжбүр болып, дін молдалары қудалауға түсіп, құдайшылдыққа тиым салынып жатқанына қарамастан, өлеңдеріне діни ұғымдарды қосуын қоймайды. Мағжан – атақты “Ғалия” медресесінің шәкірті.

Кезінде Мағжанның “Пайғамбар” атты өлеңі жарық көргенде оның поэзиясы сынға алынып, ақындық тұлғасына күдік келтірілді. Өлеңдегі:

Қайғыланба, соқыр сорлы, шекпе зар,

Мен – Күн ұлы, көз Күн нұры бар.

Мен келемін, мен келемін, мен келем,

Күннен туған, Гуннен туған пайғамбар, - деген жолдар жаппай қарсылыққа ұшырап, дін адамдарын шошытты. Тіпті күні бүгінге дейін кей зерттеушілер осы өлеңді немесе:

Күннен туған баламын,

Жарқыраймын, жанамын. 

Күнге ғана бағынам.

Өзім – күнмін, өзім – от,

Сөзім, қысық көзімде – от, 

Өзіме-өзім табынам, - деген жолдарды алға тартып, Мағжанды дінге қарсы қойғысы келеді. Бірақ ақиқат расымен солай ма? Егер бұл өлеңдерде айтылған сөздер рас болса, ақынның “Жаратушым”, “Аллам” деп жалбарынған өлеңдері қайда қалады? Осы тұсқа келгенде мағжантанушылардың да пікірлері екіге жарылады. Филология ғылымдарының кандидаты, “Мағжан – символист” кітабының авторы Бақыткамал Қанарбаева дәл осы мәселе туралы: “Олар ақынның бұл сөзі «Құдайдың құдіретіне күпіршілік жасау, пайғамбардың күшін өзімен теңестіру» деп, Мағжанды «ақыл-есі дұрыс емес, санасы шатасқан ауру» деп кінәлауға дейін барды. «Пайғамбар» сөзі көркем шығармадағы көркем ойдың образы екендігі ескерілмеді. Бұл образды ойының төңірегіне түсінбеушілік әкелгенін кейін ақын өзі де мойындайды. «Ж...-ға арнау» деп аталатын өлеңінде, о дүниелік болған кезінде:

Күнәсі көп жаны үшін ағаңның,

Сол уақытта, қарашығым, дұға қыл! – деп, кешірім сұрайтыны содан. Негізі, Мағжан шығармашылығының бастапқы кезеңінде ислам дініне деген құрметі айқын байқалады”, - деп жазды. Яғни, Мағжанның “Пайғамбармын”, “Отпын”  деуі поэзиядағы көркемдеу әдістері анықтап оқыған жанға бірден белгілі дүние. Өйткені Мағжан күпірлікке баратын ақын емес. Түрмеде отырғанында қарындасы Ғазизаға жазған хатында:

Тәңірі жазса, сарғаймаспын, шығармын,

Күнәм жоқ қой, қасіретте күйгендей, – немесе:

Жолықтырып дұшпанның бір жауызын,

Ағаң сорлы көрді бейнет ауырын.

Тәңіріден ерте-кеш те тілей көр,

Жан жүрегім, қарашығым, бауырым! – деп өзінің бостандығын Құдайдан сұрауды бұйыруы да:

Жастық өтіп, қартайып,

Қан сары су боп сарғайып,

Сүмбіл шашым қуарып,

Алма жүзім суалып,

Мен де сорлы бір күні,

Қоштасармын өмірмен

Өлмей, мәңгі кім қалар?! – деп тағдырына бойсұна сөйлеуі де Мағжанның дініне деген беріктігі деп түсінеміз.

материал «Тұлғалар өміріндегі Ислам» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: