24
Сейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Киімге балшық тисе, онымен намаз оқуға бола ма?

Киімге балшық тисе, онымен намаз оқуға бола ма?

Намаз

Қыс мезгілінде күн жылыса, қар ерігеннен көшелерде балшық, лай сынды киімді ластайтын нәрселер көбейеді.

Әрі бұның үкімі кейбір кісілерді алаңдатуы мүмкін. Ендеше айтып өтейік. Негізінде намаз оқу үшін балшық тиген киімді жуу шарт емес. Себебі балшықтың негізгі үкімі – таза. Абдулла ибн Зубаирдан (Алла оған разы болсын) бір кісі жаңбырдан кейінгі балшық туралы сұрағанда, ол былай жауап берген: «Менен екі таза нәрсе туралы сұрадың. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Аспаннан берекелі жаңбыр жаудырдық», – десе, Алла Елшісі: «Маған бүкіл жердің беті мешіт, ал топырағы тазартушы қылынды», – деген».

Бұдан байқайтынымыз балшық – су мен топырақтың араласуынан пайда болады, ал ол екеуі де таза нәрселер болғандықтан оны кетіруге қажеттілік жоқ. Сонымен қатар Алқама және әл-Әсуадтың (Алла оларға разы болсын) жаңбырлы күні су мен балшық арқылы өтіп, мешітке кіргендігі, сөйтіп бірден намаз оқығандығы риуаят етіледі. Демек адамның денесіне не киіміне лай су яки топырақ тиетін болса, әрі оның нәжіс екендігі анық білінбесе, оны тазалау міндет емес. Бірақ егер оған нәжіс араласқандығына анық көзі жететін болса, оны жуып кетіру қажет болады. Анығын Алла Тағала білуші!

материал «Мұсылманның көктемі» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: