25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) ізінен жаңылмағандар қандай бақытты...

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) ізінен жаңылмағандар қандай бақытты...

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Алланың ең сүйікті құлы, соңғы әрі ең ұлы пайғамбар – Хазірет Мұхаммед (с.а.у.) дүниеге бақыт ала келді. Құрғақ жер сумен қалай жанданса, Алла Тағала пайғамбарымыз арқылы дүниеге солай жаңа жан салды. Исламның арқасында жалған сенімдер жойылды. Надандықтың орынын ілім, зұлымдықтың орнын адамға деген сүйіспеншілік басты.

Шынайы мағынада Ислам бауырластығы орнады. Отбасында да, қоғамда да әйел лайықты орнын тапты. Сүйікті пайғамбарымыз адамдарға дүниеде және ақыретте бақытты болудың жолдарын көрсетті. Үйреткен адамгершілік ұстанымдарын ең әуелі өзі орындап, үлгі көрсетті. Жүрегі адамға деген сүйіспеншілікке толы еді. Мейірімділігі сондай, қолындағысын кедейлерге беріп, өзі аш қалатын кезі де болатын. Тек адамдарға ғана емес, жан-жануарларға да мейірімді еді. Шөлдеген мысыққа өз қолымен су беріп, жан-жануарларға жақсы қарауға әмір еткен. Балаларды өте жақсы көретін, оларды құшақтап, еркелететін. Бір кісі пайғамбарымыздың бір баланы сүйіп тұрғанын көріп: “Менің он балам бар, солардың біреуін де сүйген емеспін” деді. Сонда Пайғамбарымыз оған: “Мейірімді болмағанға мейірім көрсетілмейді”, – деді.

Тіпті намаз оқып жатқанда ойнап, иықтарына шығып кететін немерелері Хасан мен Хүсейінге кешіріммен қарап, ойындарының бітуін күтетін. Өте кішіпейіл еді. Бай-кедей деп бөлмейтін. Қызметші шақырса да баратын. Кедей, ешкімі жоқ, ештеңесі жоқтармен де бірге отырып, тамақ жеп, сіңірі шыққан кедейдің үйіне барып қал сұрайтын. Аурулардың жағдайын сұрап, олардың жазылып кетуі үшін дұға ететін. Жиынға барған кезде табылған бос орынға отырып, аяғын ешкімге қарата созбай жинап отыратын.

Бір күні бір кісі пайғамбарымыздың үйіне келіп, алдында отырғанда дірілдей бастады. Сол кезде пайғамбарымыз оған: “Достым, бұның не? Мен билеуші емеспін. Қатқан нан жеген құрайыштық бір әйелдің баласымын”, – деді. Киімін өзі жамап, аяқ киімін өзі жөндеп, базарға өзі барып, қажет заттарын сатып алып, өзі көтеріп әкелетін. Ешкімге ауыртпалық салмайтын. Өнегелі отағасы болатын. Әйелдерге өте сыпайы, жұмсақ еді. Үй шаруасында оларға көмектесетін.

Өзі былай дейтін: “Араларыңдағы ең жақсыларың – әйеліне жақсы қарағаның”. Қонақжай еді. Қонақтарға өзі қызмет етіп, өзі күтетін. Мұсылман болмаса да өзіне келгендерді де солай күтетін. Ешкімге жаман сөз айтпайтын, ренжітпейтін, өмірінде ешкімге ұрыспаған. Он жыл қызметінде болған Әнас былай дейді: “Пайғамбарымыз маған ешқашан кейімеді. Бір нәрсе істеп қойсам, неге мұны істедің деп, бір нәрсені істемей қойсам, неге істемедің деп ұрыспайтын”.

Жылы жүзді, жұмсақ тілді болатын. Басқамен сөйлесіп жатқанда олардың сөзін болмей тыңдайтын. Біреудің кемшілігін көрсе, бетіне баспайтын. Тұрмысы өте қарапайым, таза еді. Тәнін үнемі таза ұстайтын, киімдерінің таза болуына баса назар аударатын. Тісін тазарту үшін мисуак қолданатын. Кірді жаны сүймейтін. Сахабаларына мешітке таза болып келуді бұйыратын. Бір жолы үсті-басы лас кейіпте мешітке келгендерге: “Жуынып келгендерің жақсырақ болар еді”, – деген.

Сөзге шыншыл еді. Айтқан сөзінен қайтпайтын, берген сөзінде тұратын. Өтірікшіні жаны сүймейтін. Өзі жұртқа шыншыл әрі сенімді болғандықтан “Мұхаммәдүл-әмин”, яғни “Сенімді Мұхаммед” деп аталған болатын. Жұрттың арасындағы ең жомарты еді. Бір нәрсе сұраған адамды бос қайтармайтын. “Мен тек таратушымын, беріп тұрған Алла” дейтін. Бірақ қайыр сұрағанды жек көретін. Одан құтылу үшін адамдарға еңбектеніп, табыс табудың жолдарын көрсететін.

Ешкімнен өш алмайтын, кешіргенді жақсы көретін. Өзіне жамандық жасағандарды да кешіріп, оларға жақсылық жасайтын. Өзіне жасалған жақсылықтарды еш ұмытпайтын, оларды үнемі еске алып отыратын. Қарт адамдарға көмек көрсетіп, кішіге қамқор болатын. Сүт бауырларын көргенде орнынан тұрып, сыртындағы кеудешесін төсеп, орын беретін.

Жалқаулықты, қолы бос отырғанды ұнатпайтын. Мешіт салынған кезде өз қолымен тас тасып, ел қатарлы еңбектенетін. Сахабалар тынығып, дем алуын өтінсе де, ол жұмыс жасауын тоқтатпаған. Бір сапарда дем алу үшін сахабаларымен бір жерге түнемекші болады. Сахабалар тамақ әзірлеу үшін жұмыстарды бөлісе бастайды.

Сонда пайғамбарымыз: “Онда мен барып отын жинайын” деп, жолдастары жұмыс жасап жатқанда бос отырғысы келмеген. Сүйікті пайғамбарымыз қарапайым өмір сүріп, қолына не түссе де кедейлерге таратып жіберетін. Осындай іс-әрекеттерімен қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті тек сөзбен емес, ісімен де көрсетіп, адамзатқа өнеге болған. Расулалланың ізінен жаңылмағандар қандай бақытты...

материал «Негізгі діни мағлұматтар» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: