28
Сенбі,
Желтоқсан

һижри

Ең тамаша ахлақ үлгісі – Хазірет Мұхаммед (с.ғ.с)

Ең тамаша ахлақ үлгісі – Хазірет Мұхаммед (с.ғ.с)

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Мәдениетті болу мен көркем мінезді болу арасында жақынырақ байланыс бар. Мәдениет ұғымын жете түсініп, мәдениетті болудың алғашқы шарты кісінің көркем мінезге ұмтылуы және жағымсыз қылықтардан бойын аулақ ұстауында жатыр. Көркем мінезге ие адам ғана мәдениетті бола алады. Сәйкесінше, мінезі нашар пенде мәдениетсіз ретінде саналады.

Ислам діні, әрбір тұлғаның мінез-құлқының көркем болуына үлкен мән берген. Құран кәрімде де, Пайғамбарымыздың (с.а.с) хадистерінде де ахлақ (мінез-құлық) тақырыбына көп тоқталынған. Тіпті көркем мінез-құлық мәселесінде Пайғамбарымыздың (с.а.с.) өмірі бүкіл адамзат баласына ең үздік үлгі-өнеге бола алады. Бұл жайында Құран аяттарында былай делінген: «Алладан және ақырет күнінен жақсылықты үміт еткендер мен Алланы көп еске алған кісілерге Расулаллаға көркем өнегелер бар» («Ахзаб» сүресі, 21). «Шын мәнінде сен ұлы мінезге иесің» («Қалам» сүресі, 4). Расында да Пайғамбар (с.а.с.) дін тарату, үкім жүргізу, ел басқару барысында, т. б. іс-әрекеттерінде керемет үлгіні көрсетіп кеткен. Хадисінің бірінде: «Мен көркем мінезді толықтыру үшін келдім» деген. Бұл хадис Исламның өзінен бұрынғы тәңірлік діндерді толықтырып, көркейткен ең соңғы дін екенін көрсетеді. Әрі бұл міндетті атқаратын да Пайғамбарымыз (с.а.с.) екендігі білдірілген.

Хазірет Мұхаммед (с.ғ.с) – Алланың тәрбиесінде болған, көркем ахлаққа ие пайғамбар. Ол мінез-құлқын Құраннан алып, барша игіліктерді бойына сіңірген. Хазірет Айшадан пайғамбарымыздың адамгершілігі, мінез-құлқы жайында сұрағанда, былай деп жауап берген: “Оның мінез-құлқы – Құран” (Шәрх әш-шифа, Алиул-Қари, І-том, 222-бет).

Бір күні Пайғамбарымыз (с.а.с.) аштықтан терісі сүйегіне жабысып, қарны қабысқан бір түйені көріп: «Сөйлеуге тілі жоқ мына жануарлар үшін Алладан қорқыңдар, оларды көлік етіп мініңдер, етін жұғымды етіп жеңдер» деген. Құрбанға шалынатын малдың да жанын қинамай шалуды, жан-жануарларға да мейіріммен қарауды үмбетіне үйретіп, былай деген: «Біріңіз құрбан шалатын пышағын жақсылап тұрып қайрасын, сөйтіп құрбанын қинамай шалсын». Ислам діні адамзат баласына жақсы мінез-құлық арқылы мәдениетті болудың ең әдемі үлгілерін ұсынған. Пайғамбарымыздың салып кеткен жолы, көрсетіп кеткен үлгі-өнегесі қияметке дейін мінез-құлығымыз бен болмысымыздың таразысы, өмір-тіршілігіміздің өлшемі болып қала бермек.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) ахлақи міндеттерді үйреткен әрі өзі іс жүзінде көрсетіп үлгі болған. Ол ешқашан туралықтан, шындықтан, жақсылықтан бір сәт ажырамаған, тамаша мінезімен, іс-әрекеттерімен басқаларға үлгі еді. Біздің міндетіміз – пайғамбарымыздың (с.ғ.с) парасаттылық пен адамгершілікке толы өмірін біліп, үйреніп, оны өзімізге үлгі тұту. 

материал «Негізгі діни мағлұматтар» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: