Қасиетті кітапты оқу – ең ұлы ғибадаттардың бірі және Аллаға жақындататын төте жол. Әбу Умама риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Құран оқыңдар! Ол қиямет күні иесіне шапағат етеді», – деп басқа пайғамбарларға берілмеген шапағатты Құран иеленетінін білдірген.
Міне, бүгін Алла Елшісінің (с.ғ.с.) осындай өнегесіне амал еткен «Әбу Насыр әл-Фараби» мешітінің әйел жамағаты арасында Құранды мүдірмей оқитын деңгейге жеткен үздік шәкірттеріне лайықты құрмет көрсетілді.
Мешіт жанындағы «Жібек» қыз-келіншектер клубының ұйымдастыруымен жыл сайын жалғасып келе жатқан «Құраным – менің қорғаным» атты дәстүрлі рухани Құран кеші өтті.
Шараның мақсаты – «Әбу Насыр әл-Фараби» мешітінің діни сауат ашу сабақтарына алғаш аяқ басып, Алла Тағаланың мейірімінен үміт етіп, Құран Кәрімді оқып үйренсем, діни білімімді арттырсам деген ниетпен келген шәкірттерге қолдау көрсету.
Рухани кеш әдептен жаңылмай, қасиетті Құран аяттарын оқумен басталды. Шараға арнайы қатысқан «Aq-Meshit» ұстазы Айгүл Ақылханова мен «Әл-Фараби» мешітінің қызметкері Айгүл Сауранқызы періштелер білім жолына түскен адамға қанатын жаятынын, көктер мен жердегілер ол үшін дұға жасайтынын айта келе, алған білімі ақыретіне азық болып, Сырат көпірінен қиындықсыз өтуіне себепші болуын тілеп, ізгі тілектерін айтты.
Шараның негізгі бөлімінде мешіт ұстазы Айгерім Қадылдың атсалысуымен Құранға түскен 100 шәкіртке қасиетті Құран кітабы сыйланып, барлығы арнайы сертификатпен марапатталды.
Рухани кеш соңында шәкірттеріміздің құрметіне ақ дастархан жайылып, игі жақсылардың басын қосып, үлкендер бата берді, келген қонақтарға мешіт тарапынан дайындалған сый-сияпат тарту етілді.
ummet.kz