Үш рәкаттан тұратын үтір намазының оқылу тәртібі төмендегідей:
Алдымен үтір намазына ниет етеді. Содан кейін қолын көтеріп, тәкбір айтып, қол байлап бастайды да, екі рәкаттан кейін отырып, «әт-тахият» оқиды. Осыдан кейін тәкбір айтып, орнынан тұрып, үшінші рәкатқа Бисмиллаһ пен «Фатиха» оқиды да, «әмин» деген соң, осыған жалғастырып аят немесе сүре оқиды. Осыдан кейін түрегеп тұрып, қолдарын құлағының тұсына дейін көтеріп, «Аллаһу әкбар» деп, тәкбір айтады да, қайта қол байлап, түрегеп тұрған бойы «құныт» дұғасын оқиды.
Содан кейін тәкбір айтып, рүкүғ пен сәждеге барып, ақырғы отырыс жасайды. Әдеттегідей «әт-тахият», «салауат» және «раббана әтина» дұғасын оқып, екі жаққа сәлем береді. Мұның дәлелі: Хазіреті Айша былай дейді:
«Алла Елшісі (с.а.у.) үш рәкат үтірді оқитын. Үш рәкаттан кейін сәлем беретін». Басқа бір хадисте Алла Елшісі былай дейді: «Ей, Құран иелері! Үтірді оқыңдар. Өйткені, Алла жалғыз. Тақ санды жақсы көреді»[1]
Үтір намазы Рамазанда ғана жамағатпен оқылады. «Құныт» дұғасын білмейтін адам «Рәббәнә әәтинә...» дұғасын оқи алады.
Құныт дұғасы. Бұл – Хазіреті Омар мен ұлы Абдулладан (р.а.) бізге жеткен:
لهُمَّ اِنَّا نَسْتَعِينُكَ وَ نَسْتَغْفِرُكَ وَ نَسْتَهْديكَ وَ نُؤْمِنُ بِكَ وَ نَتُوبُ اِلَيْكَ وَ نَتَوَكَّلُ عَلَيْكَ وَ نُثْنِى عَلَيْكَ الْخَيْرَ كُلَّهُ نَشْكُرُكَ وَ لاَ نَكْفُرُكَ وَ نَخْلَعُ وَ نَتْرُكُ مَنْ يَفْجُرُكَ. أللهُمَّ ايَّاكَ نَعْبُدُ وَ لَكَ نُصَلِّى وَ نَسْجُدُ وَ اليْكَ نَسْعَى وَ نَحْفِدُ نَرْجُو رَحْمَتِكَ وَ نَخْشَى عَذابَكَ اِنَّ عَذابكَ بِالْكُفَّارِ مُلْحِقٌ
«Аллаһумма инәә наста’иинукә уә настағфирукә уә нәстаһдика уә ну’мину бикә уә нәтуубу иләйкә уә нәтәуәккәлу а’лайкә уә нусни а’лайкәл-хайрә күлләһу нәшкурукә уә ләә нәкфурукә уә нахла’у уә нәтруку мәй йәфжурук. Аллаһумма ииәәкә на’буду уә ләкә нусалли уә нәсжуду уә иләйкә нас’а уә нахфиду наржу рахмәтәкә уә нахшә а’заабәкә иннә азаабәкә бил куффаримулхиқ».
Мағынасы: «Алла, біз күмәнсіз сенен жәрдем және кешірім тілеп, сенен тура жол, һидаят сұраймыз. Саған иман етіп, күнәларымыз үшін саған тәубе етіп, саған сүйенеміз. Сені барлық жақсылықтармен мадақтап, зікір етеміз. Бізге берген ырыс-берекеңе шүкір етеміз. Сені теріске шығармаймыз. Саған қарсы келгендерді теріске шығарып, олармен мүлдем байланысымызды үземіз. Алла! Біз тек саған ғана құлшылық етіп, сен үшін намаз оқып, саған сәжде етеміз. Саған лайық құл болып, сенің ризалығыңды алу үшін жігерленіп, қайраттанып алға ұмтыламыз. Сенің рақымдылығыңнан үміттеніп, азабыңнан қорқамыз. Күмәнсіз, сенің азабың кәпірлерді қамтиды».
«Ислам ғылымхалы» кітабынан.
[1] Бухари, Дәауат, 69