14
Жұма,
Наурыз

һижри

Иғтикәфты Рамазаннан басқа уақытта орындаса бола ма?

Иғтикәфты Рамазаннан басқа уақытта орындаса бола ма?

Намаз

Иғтикәф деген не? Үкімі қандай?

Ж: Иғтикәф дегеніміз арнайы құлшылық ету ниетімен мешітте қалу. Рамазан айының соңғы онкүндігінде орындау бекітілген сүннет. Иғтикәф жалпы жамағат үшін кифая сүннет. Егер бір мешіттің жамағатынан бір кісі орындаса қалғанының мойындарынан түседі. Ал егер ешкім орындамаса барлығы муәккәдә сүннетті орындамаған болып есептеледі.

С: Иғтикәфте не істеледі?

Ж: Иғтикәфте қосымша нәпіл намаздар орындап, Құран оқып, зікір-дұғалар айтады. Рамазаннан басқа кезде жасаса да, ораза тұтады.

С: Рамазан айынан басқа уақытта орындаса бола ма?

Ж: Иә, басқа уақытта иғтикәф мұстахаб әрі уәжіп іс. Ең азы бір сағат, яғни мешітке намаз оқуға кіргенде иғтикәфке ниет етсе, мешіттен шыққанша иғтикәф жасаушы болып есептелінеді.

С: Иғтикәф қашан уәжіп болады?

Ж: Иғтикәф етуге нәзір еткен адамға қашан сол нәзірін (сертін) орындағанша иғтикәф ету уәжіп болады.

С: Бірнеше күн иғтикәф жасау ниетіне сол күндердің түндері кіре ме?

Ж: Иә, түндерімен қоса иғтикәф жасау керек. Аралары үздіксіз, бірінен соң бірі болуы шарт.

С: Нәзір қылынған иғтикәфте ораза тұту да шарт па?

Ж: Иә, ораза тұту шарт.

С: Иғтикәф жасаушыға не істеуге болмайды?

Ж: Иғтикәф жасаушыға төсек қатынасын жасауға, сүйісуге, жанасауға болмайды. Түнде немесе күндіз ұмытып, не біліп тұрып төсек қатынасын жасаса немесе сүйісіп, не денесі тиіп, денесінен ұрық шықса иғтикәфі бұзылады. Қазасын өтеу керек.

С: Иғтикәф етушіге мешіттен шығуына бола ма?

Ж: Мешіттен әжетханаға бару сияқты зәру қажет-тіліктерден басқа нәрселер үшін шықпайды. Үзірсіз бір сағатқа шықса Әбу Ханифаның пікірінше бұзылады. Ал Әбу Юсуф пен Мұхаммед шыққан уақытты жарты күннен аз болса бұзылмайды деген.

С: Иғтикәфін жұма намазы оқылмайтын кішкентай мешітте жасаса жұма намазын қалай оқиды?

Ж: Жұма оқылатын мешітке барып оқып,иғтикәфіне қайта оралады.

С: Иғтикәф жасаушыға не істеуге болады?

Ж: Оған мешітте ішуіне, жеуіне, ұйықтауына болады. Мешіттің ішінде отырып, тауарды әкелмей сауда істерін басқаруына болады.

С: Кейбір иғтикәф жасаушылардың сөйлемей жүргендерін көреміз. Сөйлеу иғтикәфке керағар нәрсе деп ойлайтындар да бар. Бұл жөнінде ғұламалар не дейді?

Ж: Иғтикәф кезінде сөйлеуге, жақсы сөз айтуға болады. Ал жаман сөз сөйлеуге қай уақытта да тыйым салынғаны белгілі. Иғтикәфтың шарты екен деп ойлап үндемей отыру мәкруһ.

материал «Ораза энциклопедиясы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: