14
Жұма,
Наурыз

һижри

«Алла Тағаламен тілдескің келсе, намаз оқы»

«Алла Тағаламен тілдескің келсе, намаз оқы»

Намаз

Құран кәрімнің бірнеше аяттарында намаз оқудың парыз екені айтылады.

Мысалы: «(Уа, Мұхаммед!) Саған уахи етілген кітапты оқып, намазды орында. Күдіксіз намаз арсыздық пен жамандықтан тыяды» ("Анкабут", 45);«Үй-ішіңді намазға шақыр және өзің де оған көңіл бөл» ("Таха", 132). Соңғы аятта әр отағасының намаз оқып, бала-шаға, туған-туыстарды намаз оқуға уағыздау керектігі міндеттелген.

Сонымен қатар Алланың мейіріміне бөлену үшін де намаз оқу керектігін: «Намазды толық орындаңдар да, зекет беріңдер. Әрі Пайғамбарға бойсұныңдар. Әрине (Алланың) мейіріміне бөленесіңдер» ("Нұр", 56) – деп білдірген. Бұл намаздардың оқылатын уақыттарын белгілеп: «Расында намаз мүминдерге белгiлі уақыттарда парыз қылынды» ("Ниса", 103) – деп бұйырған. Демек, намаздың парыз екендігіне ешкімнің де зәредей шүбә келтіре алмасы анық.

Бұл дүниедегі ең бірінші міндетіміз құлшылық болса, ең бірінші орында тұратын құлшылық – намаз. «Мен жындар мен адамзаы тек қана Мені танысын һәм Маған құлшылық етсін деп жараттым» («Зарият» сүресі, 56). «Пайғамбарымыздан (с.ғ.с): Алла Тағаланың ең жақсы көретін ісі қайсы?» – деп сұрағанда: «Уақытында оқылған намаз», – деп жауап берген» . Намаз – құлдың Құдайға мінәжаты.

«Табиғин ғұлама Хасан әл-Басри (Алла рақым етсін): «Алла Тағаламен тілдескің келсе, намаз оқы», – деп айтқан». «Пендеден Қиямет күні ең бірінші есебін сұрайтын ісі – намазы. Егер намазы дұрыс болса, құтылады, мұратына жетеді. Егер дұрыс болмаса, құриды, құр қалады. Егер парыздарынан кемшілік табылса, Алла Тағала: «Пендемнің нәпілдері бар ма екен Қараңдар!» – деп бұйырады. Сөйтіп, парыздағы кем-кетіктерді нәпілдермен толтырады…»

Мұндағы «дұрыс болмаса» дегенді ғалымдар «оқылмаса немесе дұрыс оқылмаса, яғни қабыл болмайтындай деңгейде қате оқылса» деп түсіндірген. Сондай-ақ «құриды» дегенді «азапқа душар болады» деп, ал «құр қалады» дегенді «сауаптан құр қалады» деп түсіндірген.

материал «Нәпіл намаз» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: