Пəтуаның қатері үлкен, жүгі ауыр. Пəтуа бере алатын білікті мамандар аз болғандықтан ертедегі ғұламалар пəтуа беруден барынша сақтандырған.
Осы тақырып төңірегінде имам Науауидің (Алла оны рақымына бөлесін) сөзін келтірейік. Ол кісі былай дейді: «Пəтуа берудің жауапкершілігі ауыр əрі алатын орны, игілігі өте маңызды екенін біл! Өйткені мүфти Пайғамбарлардың (оларға Алланың сəлемі болсын) мұрагері, парыз кифаяны орындаушы, бірақ, қателікке бой алдыру қаупіде жоқ емес.
Сол себепті ғұламалар: «Мүфти Алла Тағаланың атынан сөйлеуші» деген. Ибн əл-Мункадирдың (Алла оны рақымына бөлесін) былай дегені риуаят етіледі: «Ғалым – Алла Тағала мен жаратылыстарының арасындағы дəнекер. Сондықтан, ол осы дəнекерліктің жолын іздеуі керек».
Сəлəф салихтар мен халəфтардың көрнекті тұлғалары пəтуа беруден сақтанып, өздерін бұдан алыс ұстағандығы туралы бізге көптеген деректер жеткен. Соның бірі Абдуррахман бин Əбу Лəйладан (Алла оны рақымына бөлесін) жеткен риуаят: «Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сəлемі болсын) сахабаларының ішіндегі ансарды көрдім, олардың кез-келгенінен бір мəселе жайында сұрай қалсаң бірінші екінші бір ансарға нұсқайды, екіншісі басқабіреуін көрсетеді, ақыры мəселенің мəнісін түсіндіру бірінші сұралған адамға қайта оралады. Бір риуаятта: «Олар сөз сөйлесе, өзінен бұрын бауырласы сөйлегенін, бір нəрсеге қатысты пəтуа сұралса өзінен гөрі жанындағы бауырласы пəтуа бергенін ұнататын» – делінген.
Ибн Масғуд пен Ибн Аббастың (Алла оларға разы болсын) былай деген сөздері бар: «Алдына келген сауалдың бəріне пəтуа берген адамның есі ауысқан». Əш-Шағби, əл Хасан, Əбу Хасин (Алла оларды рақымына бөлесін) сынды табиғиндар былай деген: «Расында сендердің араларыңда адамдар белгілі бір мəселеге пəтуа береді. Егер Омар бин Хаттабтан (Алла оған разы болсын) осы мəселе сұралса, ол исламға алғаш кірген Бəдір жорығын көрген сахабаларды жинар еді».
Табиғин Ата бин əс-Саиб (Алла оны рақымына бөлесін) былай деп айтқан: «Бір мəселеге қатысты сұрақ қойылып, оған жауап бергенде бойын үрей билеген адамдарды көрдім. Суфян бин Ғуйайна, Сахнун (Алла оларды рақымына бөлесін) былай деп айтқан: «Пəтуа беруге батылы барып кірісетіндер – ілімі аздар », – деген. Əл-Əсрам (Алла оны рақымына бөлесін) Ахмад бин Ханбалдың «білмеймін» деп көп айтататынын еске алады.
Əл-Һайсам бин Жамил: «Имам Маликке (Алла оларды рақымына бөлесін) сауал қойылып, соның мəселесіне білмеймін деп жауап бергеніне куə болдым», – дейді.
Тағы бір деректе Имам Мəликке сұрақ қойылғанда біріне де жауап бермегендігі туралы айтылады. Ол: «Кім бір мəселеге жауап беруге кіріссе, жауап беруден бұрын өзін жəннат пен тозақ арасында тұрғандай көрсін, əрі содан шығар жолды қалай табарын ойласын. Содан кейін барып жауап берсін» – дейтін.
Бірде имам Мəликке сұрақ қойылғанда Ол: «Білмеймін», – деп жауап береді. «Бұл жеңіл мəселе емес пе?» дегендерге Имам Мəлик ашуланып: «Ілімде жеңіл нəрсе жоқ», – деп қатулана жауап берген екен. Имам Шафиғи (Алла оны рақымына бөлесін) бір сөзінде: «Ибн Ғуйайна (Алла оларды рақымына бөлесін) сияқты бойында пəтуа беруге қаблеті бар ешкімді көрмедім», – десе, Имам Əбу Ханифа (Алла оны рақымына бөлесін) былай дейді: «Ілім жоғалады деген Алла алдындағы қорқынышым болмағанда пəтуа бермес едім», – деген. Олардың пəтуа туралы айтқан сөздері көп. Əс-Саймари əл-Хатиб (Алла оларды рақымына бөлесін) былай деп айтқан: «Айт, кім пəтуа беруге құштар болса, оған ұмтылса, туралығы аз болмақ, істерінде жаңылмақ.
Егер пəтуа беруді қаламай бас тартып, басқа біреуді ұсынса, Алла тарапынан оған көмек беріледі. Ондай адамның көп жағдайда жауабы тура болады». Аталған екі имам бұл сөздерді Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сəлемі болсын) мына сахих хадисіне сүйеніп айтса керек: «Билікті сұрама, егер сен билікті сұрап өз қалауыңмен келсең, биліктің ықпалында қаласың. Ал егер сұрамбай келсең, билікте игілік көресің» (Имам Науауи «Мажмуғ» кітабы, 1 том, 72-73 беттер).
материал «Дінде шектен шыққандар» кітабынан алынды,
ummet.kz