Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханада «MUFTIYAT» баспасынан жарық көрген «Ислам энциклопедиясы» кітабының таныстырылымында белгілі жазушы Смағұл Елубай осылай деді.
Басқосуда сөз алған жазушы: «Мүфтият оқырман үшін керемет кітап шығарған екен. Құтты болсын! Шын мәнінде «Ислам энциклопедиясын» оқып бітіру – университетті тәмамдағанмен тең. Сондықтан жастарды осы кітапты оқуға шақырамын.
Өздеріңіз көріп отырсыздар, қазір қоғам қатігезденіп барады. Өкінішке қарай, теледидардан денеңді тітіркендіретін түрлі жаңалықтарды көріп, оған көзіміз де, етіміз де үйреніп кетті. Алла сақтасын! Халықтың көкірек көзін ашуда кітаптың орны айрықша. «Ислам энциклопедиясы» кітабы халықтың рухани дамуына оң әсер ете бергей» деді.
Айта кетейік, «Ислам энциклопедиясы» діни сала қызметкерлері мен ізденуші шәкірттер, ғалымдар және жалпы оқырман қауымға арналған.