09
Сенбі,
Қараша

һижри

Халифалардың Алладан қорқуы

Халифалардың Алладан қорқуы

Иман келтіру

Әбу Бәкірдің Алла алдындағы жауапкершілікті сезінуі

Даххак айтады: «Әбу Бәкір (р.а.) ағаш бұтағына қонған бір құсқа назары түседі: «Ей, құсым, сен қандай бақыттысың! Мен сен сияқты құс болсам ғой, шіркін! Жеміңді теріп жеп, қамсыз ұшасың. Есеп беремін, азапқа тартыламын деп қорықпайсың. Әттең, адам емес, жол бойында өсіп тұрған ағаш болғанымда ғой!...»

Омардың Алла алдындағы жауапкершілікті сезінуі

Даххактың риуаяты бойынша, Омар (р.а.) былай деген: «Бүйткенше, қорада бордақыланып тұрған қошқар болсамшы. Мал иесі достары келгенде, мені сойып, бір бөлігінен кәуап жасап, бір бөлігін ыстап жесе... Басқа не болсам да, әйтеуір адам болмағанымда ғой...»

Омар мен Әбу Мұса әл-Әшғари арасында болған әңгіме

Ибн Омар (р.а.) айтады: Бір күні әкем Омар Әбу Мұса әл-Әшғаримен кездесіп қалады. Оған: «Ей, Әбу Мұса, Алла расулының көзі тірі кезіндегі амалдарыңның обал–сауабын өзіңде қалдырып, одан кейінгі әрекеттеріңнің жақсысы мен жаманы тең түссе, бұған қуанар ма едің?» – деп сұрайды. Әбу Мұса (р.а.): «Жоқ, қуанбас едім. Уаллаһи, Басраға барғанымда, ол жерде зұлымдық пен надандық меңдеген кез болатын. Ол жердің халқына Құранды және Алла расулының сүннетін үйреттім. Солармен бірге Алла жолында соғыстым. Сол себептен осы жасағандарым үшін Алланың жақсылығынан үміт етемін», – дейді. Омар былай дейді: «Мен Алла расулынан кейінгі әрекеттерімнің жақсысы мен жаманы тең түскенін қатты қалаймын. Тіпті, Расулалламен бірге жасаған амалдарым да маған жетер еді деп ойлаймын!» Омардың ажал жастығына бас қояр кездегі жауапкершілік сезімі Ибн Аббас (р.а.) айтады: «Омар (р.а.) жараланған кезде, қасына барып: «Ей, мүміндердің әміршісі, Алла сен арқылы жаңа Ислам қалаларын тұрғызды, сен арқылы алауыздық пен араздықты жойып, дәулетімізді асырды», – дедім. Омар: «Ей, Ибн Аббас, мені жақсы басшы деп мақтап тұрсың ба?» – деп сұрады. «Жоқ, басшылығыңнан басқа мәселелерді де айтып тұрмын», – дедім. Омар: «Аллаға ант етемін, дүниеге қалай күнәсіз болып келсем, сол күйінде күнәсіз қайтсам деймін. Сауабымның да, күнәмнің де болғанын қаламас едім!» – деді.
Басқа бір риуаят бойынша, Омар (р.а.) Ибн Аббасқа: «Маған жұмақты сүйіншілеуіңе келетін болсақ, өзінен басқа ғибадат етуге лайық илаһ болмаған Аллаға ант етемін, күллі дүние уысымда тұрса да, алдымдағы тозақтан құтылу үшін барлығынан ойланбай бас тартар едім. Мүміндерді басқаруды жауапкершілігіме алуыма қатысты сөздеріңе келсек, менің пайдама да, зияныма да шешілмесін, маған сол жетеді», – деп жауап береді.
Тағы бір риуаят бойынша, Омар (р.а.) қасындағыларға: «Мені отырғызыңдар», – дейді. Оны сүйемелдеп отырғызғаннан кейін Ибн Аббасқа: «Жаңа айтқандарыңды қайталашы», – дейді. Ол Омардың бұл тілегін орындайды. Омар: «Ибн Аббас, махшарда Алланың алдына барғанда, осылайша мені жақтап куәгер боласың ба?» – деп сұрайды. Ибн Аббас: «Иә», – дейді. Омар Ибн Аббастың бұл жауабына балаша қуанады.

Мүміндердің әмірінің сыналудан қорқуы керек пе?

Саид ибн Йәзид айтады: «Біреу Омардан (р.а.): «Ел басқарып, менің атыма айтылған сындарға Алла үшін төзуді таңдайын ба, әлде халықтан аулақ болып, ғибадатқа берілуді таңдайын ба?» – деп сұрайды. Омар: «Мұсылмандардың қандайда бір ісін өз мойнына алған адам Алла үшін сынақтан қорықпауы керек, басшылық қызмет атқармаған мұсылман өз ісімен айналысуы керек рек, ел билеген басшыға әрдайым ақиқатты айтуы керек», – дейді.

материал «Сахабалар салған сара жол» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: