25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

«Алланың құлағына шалынсын» деп айтуымыз дұрыс па?

«Алланың құлағына шалынсын» деп айтуымыз дұрыс па?

Иман келтіру

Жиын, тойларда тілек білдірудің соңында «Алланың құлағына шалынсын» деп айтып жатамыз. Осылай айтуымыз қаншалықты дұрыс? Аузымыздан тастамайтынымыз сондай, қонақта отырып, тойларда тұрып тілек айтқанымызда «осы тілегімізді  «Алла қабыл алсын, Құдайдың құлағына шалынсын, Құдайдың құлағы бір күн ашық, бір күн жабық» дейміз.

Шын мәнінде, бұлай айту қате. Алла тағала құлақ, көз деген сипаттардан пәк! «Періштенің құлағына шалынсын» деп те айтып қаламыз. Ең дұрысы, «періштелер әмин десін» деп айту. Жер бетін шарлаған періштелер Аллаға құлшылық жасап жатқан құлдарын көріп Ұлы Жаратушыға былай деп дұға етеді: «Я, Раббым! Дәл қазір сенің құлдарыңның жанындамын. Олар сенің кітабыңды оқуда. Сенің елшіңе салауат айтып Сені ұлықтауда» – дейді. Сонда Ұлы Жаратушы: «Оларды мейіріміме бөлеңдер, олармен бірге болғандар да жаманшылыққа ұшырамайды», – дейді. Періштелер мүміндердің жасаған дұғаларына да «әмин» (дұғаларымызды қабыл ет) деп тұрады.

Халықтың бата бергенде «періштенің құлағына шалынсын» деп жататындығы да бекер болмаса керек. Яғни, бұл халық арасында періштеге деген сенімнің берік болғанын, әрі олардың кісінің жасаған дұғасына «әмин» деп тұратынын жақсы білгендігін аңғартса керек. Бұған қоса «Фатиха» сүресінің аяғын ала «әмин» дегенде қосыла «әмин» дейтін періштелер де бар. Бұл жайында мына хадисте былай делінеді: Әбу Һурайра (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) бір хадисін былай риуаят етеді: «Имам «ғайрил-мағдууби ‘аләйһим уәладаал-лин» деген уақытта сендер де «әмин» деңдер. Себебі, періштелер «әмин» дейді, имам да «әмин» дейді. Кім де кімнің «әмин» деуі періштелердің «әмин» деуіне дәл келсе (періштелердің дауысымен араласып Мәлаи ағлаға көтерілсе) Алла оның жасаған күнәларын кешіреді». «Имам «самиаллаһу лиман һамидаһ» (Алла Тағала Өзіне мақтау айтқан пендесін естиді) деген уақытта «Аллаһумма Раббәна ләка-л һамд» (Я, Раббым! Барлық мақтау Өзіңе тән) деңіз. Кімнің сөзі періштелердің сөзіне дәл келсе, оның жасаған күнәлары кешіріледі», – дейді. Яғни адам баласынан бір сәт ажырамайтын бұл періштелер үнемі Алланы ұлықтаумен қатар пенденің жасаған күнәларының кешірілуіне себепкер болады.

ummet.kz

Бөлісу: