25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Истихараны қандай істерге оқуға болмайды?

Истихараны қандай істерге оқуға болмайды?

Иман келтіру

Истихара – құлдың Раббысына барлық ісін, тіпті, өзін тапсыруы, мақсатының баяндылығын, берекесін бір Алладан сұрауы, Оған сүйенуі. Мұқтаждығын, әлсіздігін ашық білдіріп, бойсұнуы.

Кез келген адам дүниедегі барлық іске қатысты истихара оқи алады. Жәбір ибн Абдуллаһ (оған Алла разы болсын): «Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бізге барлық істерде Құран сүрелерінің бірін мұқият үйреткеніндей, Алла Тағаладан истихара (сол істің жақсылығын) сұрауды үйрететін» деген (Бұхари). Алайда, уәжіп болған (міндетті) амалдарда бұл дұға оқылмайды. Мәселен, үтір намазы уәжіп саналады. Осы жағдайда «үтір намазын оқысам ба, оқымасам ба» деп дұға жасамаған дұрыс. Немесе бір жігітке үйлену уәжіп болды делік. Оның көңілі екі бірдей қызға түсіп тұр. Жігіт «үйленсем бе, үйленбесем бе» деген мәселеге емес, пәлен деген қызбен сөз байлассам ба, байласпасам ба» деген таңдауға истихара оқиды. Сондай-ақ, дініміз қайтарған (харам еткен) істерге де истихараның қатысы жоқ (арақ ішсем бе ішпесем, өтірік-ғайбат айтсам ба, айтпасам ба деген секілді).

Ғалым ибн Хажар әл-Асқалани былай деген: «Жүрекке келіп-кететін нәрселердің 3 тәртібі болады:

1.    Осыны жасасам ба, жасамасам ба деп қатты ойланып кетеді.

2.    Осыдан бір апат (бәле) келіп қала ма екен деп ойға батады.

3.    Осы екеуінің қайсысын атқарсам маған береке келеді, мынаусынан жамандық келіп қала ма екен деп уайымға түседі. Міне, осы үш жағдайда истихара оқылады. Және бұл үш ойдың ешқайсысына күнә жоқ».

Истихара қалай оқылады?

Истихара дұғасын оқымас бұрын, парыздан бөлек екі ракағат намаз оқылады. Кейбір ғалымдар (оның ішінде имам Науаи да бар) арнайы истихара үшін екі ракағат намаз оқымай, уақыты кірген сүннет намаздан кейін истихара дұғасын оқи беруге болады деген. Алайда, әу баста осы бесін намазының сүннетінен кейін истихара дұғасын оқимын деген ниеті болуы тиіс. Егер, бір тауар сатып алу, бір кісіге сыйлық жасау, пәтер жалдау, сапарға шығу секілді шұғыл істер пайда болғанда, намаз оқуға мүмкіндік болмаса, дұғасын ғана оқуға да рұқсат етіледі. Әрине, намаздан кейін оқу – абзалы.

Истихара дұғасын намаздағы сәлемнің алдында немесе кейін оқуға байланысты да бірнеше пікірлер бар. Ибн Хажар әл-Асқалани сынды ғалымдар дұғаны сәлемнен бұрын оқу керек дегенді айтса, басқа топтағы ғалымдар сәлемнен кейін айтудың абзалдығын тұжырымдайды. Қысқасы, екі жағдайда да рұқсат етілген. Алайда, Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) көптеген дұғасы сәлемге дейін, яғни намаздың ішінде болғандығын да қаперіңізге ала отырыңыз. Истихараның алғашқы аятында «Кәфирун», екінші аятында «Ықылас» сүресін оқу құпталады.

ummet.kz

Бөлісу: