25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Тілді жаман сөзден тыю жолдары

Тілді жаман сөзден тыю жолдары

Иман келтіру

Сахабалар да өмір бойы тілден келетін күнәмен алысып өтті. Әбу Бәкір: «Алла разылығы үшін айтылмаған сөзде қайыр жоқ», «Сені тоқтатқанша сөйлегеніңнен гөрі – сені сөйлеткенше үндемей отыруың әлдеқайда артық» деген. Әли (оған Алла разы болсын): «Жүрек таза болғанда ғана тілден оңды сөз шығады», -  деген.

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кім маған екі ұрты мен екі санның арасындағы мүшелеріне ие болуға кепілдік берсе, мен оған жәннатқа баруына кепілдік беремін», - дегенді бекер айтпады.

Дәл қазір сағатыңызға қараңызшы. Осы сәттен бастап 24 сағат бойы өзіңізді тек қана жақсы сөз айтуға икемдей аласыз ба? Біз бүгін сізді ғайбат, өсек, өтірік, қарғыс, мазақ, келеке деген «дұшпандардың» бәріне тосқауыл қойып, тек қана әдепті сөйлеуге талпыныс жасауға шақырамыз.

Егер сіз алдағы 24 сағат ішінде қателессеңіз, яғни, аузыңыздан күнә сөз шығып кетсе, 1000 теңге садақа беріңіз. Екі періштенің жазатындығын естен шығарып алатынымыз жасырын емес, тым болмаса өзіңізді осылай тәрбиелеңіз. «Үндемеген үйдей пәледен құтылады». Тіл – жылан, олай болса, өзіңізді шағуға мұрсат бермеңіз. Дана Абай айтқан өсек, өтірік, мақтаншақтықты тастап, керісінше «Лә иләһа иллалаһ» (Алладан басқа құлшылыққа лайықты Тәңір жоқ),«СубхәналлаҺи уә бихәмдиһи, субхәналлаһил-ъазыйм» (Алла кемшілік атаулыдан пәк және Ол барлық мақтауға лайық) сөздерін айтумен Алла алдында абыройлы болмақсыз. Егер, бұл қолыңыздан келген болса, тілді тыюдың қаншалықты пайдалы екендігін сезінесіз және оны жалғастыруға талпынасыз. Нәтижесінде, тек қана жақсы дүниелерді айтуға дағдыланасыз.

Бар болғаны бір күн тәжірибе, ал ар жағында жәннаттың есігі көрінеді... Сонымен, сағатқа қарадыңыз ба?

ummet.kz

Бөлісу: