25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Ислам шариғатының бес ерекшелігі

Ислам шариғатының бес ерекшелігі

Ақида
Жарнама

Біріншіден, ислам шариғатының бастауы да, асыл мақсаттары да, бағыт-бағдары да – Алла Тағаладан. Ол – ешбір періштенің, ешбір жынның, ешбір адамның ойы араласпаған қасиетті уахи. Уахи ұғымы шариғатта Құран мен сүннетті бірдей қамтиды.

Екіншіден, ислам шариғаты кез келген заманда әрі жердің кез келген аймағында практикаға жарамды кәміл үкімдер мен заңдарға бай. Оның адамзат өмірінің қамтымаған, жүйелемеген қыры жоқ. Исламдағы құлшылық мұсылманның сауапқа деген үмітін намаз, ораза, зекет, қажылық парыздарымен ғана шектемей, өмірдің әр сәтін сауаппен байланыстыруды мақсат етеді. Сол себептен Алла тағала жақсы көріп, риза болатын сөздер мен істердің барлығы исламның көзқарасында құлшылыққа саналады.

Сондай-ақ шариғат адамның жүрегі мен мал-мүлкін ғана емес, денесінің әр мүшесін де құлшылыққа қатыстырады. Мысалы: намаз уақытында адамның бүкіл ішкі және сыртқы дене мүшелері құлшылықта болады. Сондай-ақ, мал-мүлкін Алла тағала бұйырған және ұнатқан мақсаттарда пайдаланады.

Үшіншіден, ислам шариғаты заман ағысы мен талабына сай келеді. Ислам шариғаты қай заманда адамзатпен ажырамас байланыста өмір сүругебейімді. Ол барлық жағдайларды қадағалап, жақсы жақтарын толықтырады және жағымсыз жақтарын жөнге келтіреді. Мысалы, ол адамды ақиретке қатты қызықтыруымен қатар дүниедегі үлесін де ұмыттырмай еңбекке баулып, дүние-ақиреттегі пайдасын бірдей көздейді. Сондай-ақ ислам шариғаты адамның табиғаты мен сезімдерін ескеріп, парыз етілген құлшылықтар адамның күнделікті уақытының аз ғана бөлігін алады.

Төртіншіден, ислам шариғаты негізгі тұрақты үкімдерді адам өмірінде болып тұратын қиын жағдайларда кешірімді себептерге сай жеңілдеткен. Ол үкімді өзгертуге болмайтын жағдайларда қаттылықты, ал жеңілдетуге мәжбүрлеген жағдайларда жұмсақтықты ұстанады. Осы ерекшеліктің Құран

Кәрімдегі кейбір көріністері: «Сендерге өлексе, аққан қан, доңыз еті және Алладан басқаның атымен бауыздалған мал, сондай-ақ буылып, ұрылып, құлап, сүзіліп және жыртқыш жеп өлген малдар арам етілді, әрине, егер бауыздап үлгерсеңдер үкім басқаша...», – деген аяттың басы негізгі тұрақты үкімді бекітсе, аяттың «Кімді күнә әуестегі емес, аштық мәжбүрлесе, онда Алла – тым кешірімді, өте рақымды», – деген соңы шарасыз жағдайда ол үкімнің жеңілдеуін білдіреді.

Құрайыштардың Махзум руынан болған бір әйел ұрлық қылған кезде олар оны жазадан құтқарып қалулары үшін Усама ибн Зайдты қорғаушы етіп пайғамбарға жібереді. Алланың елшісі бұған қатты ашуланып: «Расында, сендерден бұрынғылардың құрып кетулерінің себебі – іштерінде құрметті адам ұрлық жасаса, жаза атқарылмастан қоя берілетін, ал әлсізін ұстаса, жазаны орындайтын. Аллаға серт! Егер Мұхаммедтің қызы Фатима ұрлық істесе, әлбетте, оның қолын кесемін», – деген хадис тұрақты үкімді бейнелесе, «Қылмыс жазаларынан шамаларың келгенін мұсылмандардан қайтарыңдар. Оған жазадан құтылар жол тапсаңдар, қоя беріңдер, өйткені басшының кешірімділікте қате жіберуі жазалауда жіберген қатесінен жақсырақ», – деген хадис шариғаттың жеңілдігін бекітеді.

Сақиф руының адамдары пайғамбарымызға исламды қабылдаулары үшін келгенде одан өздерінің жаһилиятта табынған «Лат» атты пұттарын үш жылдай өздерінде қалдыруын өтінген. Бұл өтінішті Алла елшісі қабылдамайды. Бір жылға қалдыруын өтінсе де қабылдамаған. Тіпті, бір айға қалдыруын өтінгенде де қабылдамаған. Соңында намаздан босатуларын және пұттарын өз қолдарымен сындырмауларын өтінген. Сонда, Алланың елшісі оларға: «Пұттарыңды өз қолдарыңмен сындырудан босатамыз, ал намазға келетін болсақ, намазсыз дінде еш жақсылық жоқ», – деп айтылған хадистетаухид пен намаздың өзгермейтін тұрақты үкім екені бекітіліп, пұттарды өз қолдарымен сындырмауларына жеңілдік жасалғаны байқалады.

Бесіншіден, ислам шариғаты бірте-бірте түзету енгізу ерекшелігіне ие. Бұл ерекшелік Құран Кәрімнің бірден емес, аят аят, сүре сүре болып түсуінен-ақ көрінеді. Алла тағала Құран Кәрімде: «Сондай-ақ Құранды оқиғаларға сай бөліп түсірдік, адамдарға оны кідіріспен оқуың үшін, әрі оны бірте-бірте түсірдік», – деген. Имам әл-Құртуби осы аятқа қатысты: «Адамдарға бүкіл парыздарды бір уақытта қабылдау талабы қойылғанда, әлбетте, олар қашып кетер еді», – деген. Айша анамыз (Алла оған разы болсын) Алла елшісінің: «Құраннан ең әуелгі болып түскені ішінде жәннат пен тозақты еске түсіретін сүрелер еді. Адамдар исламды қабылдауға ағылған кезде халал мен харам түсті. Егер әуелгі болып, «арақ ішпеңдер» бұйрығы түскенде, әлбетте, олар: «арақты мүлде тастамаймыз», – деген болар еді, сондай-ақ әуелгі болып «зина жасамаңдар» бұйрығы түскенде, әлбетте, олар: «зинаны мүлде тастамаймыз» – деген болар еді, – деген. Ислам шариғатының тағы бір ерекшелігі – жеңілдігі мен оңайлығы.

Ислам адам баласының әлсіздігін, міндеттері мен шұғылдарының көптігін ескереді. Сондай-ақ оны түсірген Алла тағала – жұмсақ әрі мейірімді. Ол адам баласына қиындық пен ауырлықты мүлде қаламайды, керісінше, оған барлық жақсылықты қалайды. Ол Құран Кәрімде: «Алла сендерге жеңілдікті қалайды әрі сендерге ауырлықты қаламайды», – деп айтқан. Шариғат науқас пен жолаушыға, етеккірі келген әйел кісіге жағдайларын ескеріп, оларға қатысты құлшылық үкімдеріне арнайы жеңілдіктер жасаған. Алланың елшісі : «Расында, дін – жеңіл. Ешкім оны қатайтып алмасын, әйтпесе, дінді көтере алмай діңкесі құриды. Істі дұрыс атқарыңдар, аз істеріңмен болса да Аллаға жақындаңдар, сауап үміт етіп қуаныңдар», – дегенін жеткізген. Ибн Масғуд Алла елшісінің үш мәрте: «Қатты кетушілер құрыды», – дегенін риуаят еткен.

материал «Фиқһ іліміне кіріспе» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: