26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Әһли сүннет ақидасын жүйеге келтірген имамдар

Әһли сүннет ақидасын жүйеге келтірген имамдар

Ақида
Жарнама

Әһлу сүннетте екі ақида мектебі бар: Матуриди және Әшғари. Ал фиқһта 4 мектептен құралады: Ханафи, Малики, Шафиғи және Ханбали. Жер бетіндегі барша мұсылманның басым көпшілігін 4 мәзһабтан тұратын сунниттер құрайды. 4 мәзһабтан өзге жолды ұстанушылар тарихта адасқан ағым деп аталса, қазіргі таңда да 4 мәзһабтың бірін ұстанбаушы топтар мен бағыттарды адасқан ағым деп атаймыз. Себебі ең дұрыс жол «Әһлу сүннет уәл жамағат» жолы, яғни сунниттік бағыт.

Енді әһлу сүннеттің ақидасын бір ізге түсіріп, жүйелеген имамдарға тоқталар болсақ.

Имам Матуриди

Матуридилік мектептің негізін қалаушы Әбу Мансур Мұхаммед ибн Махмуд әл-Матуриди әс-Самарқанди (шамамен һ. 248/ м. 862 жылы) Самарқандтың Матурид деген ауылында дүниеге келген. Ол кәлам, мәзһабтар тарихы, фиқһ әдістемесі мен тәпсір саласында өзіндік орны бар ірі ғалым. Әһлу сүннеттің сенім негіздерін (ақида) әрі нақылға (Құран аяттары мен хадистерге) сүйеніп, әрі ақли дәлелдер арқылы жүйелеген. Әсіресе, ол кісі муғтазилә мен шииттік түсініктегі мұсылмандарды қатты сынға алған.

Әбу Мансур әл-Матуриди ханафи мәзһабын ұстанатын ортада өскендіктен әрі фиқһта, әрі ақидада (сенімде) имам ағзам Әбу Ханифаның жолымен жүрген. Әбу Ханифа фақиһ болуымен қатар, ақида саласындағы ғалымдардың да алғашқыларының бірі екендігі мәлім. Сондықтан имам Матуриди ханафи мәзһабын ұстанып, ақидада Әбу Ханифаның пікірлерін одан ары дамытады. Бір жағы соны ескергендіктен болар, кәлам ғалымдары «матуридилік» деп аталатын мектептің негізін қалаушы ретінде – Әбу Ханифаны атайды. Ал имам Матуриди болса, Әбу Ханифаның айтып кеткен негіздерін нақл (аят пен хадис) және ақли дәлелдермен қуаттап, талдап, жүйелеп бір ізге түсіруші ретінде танылған.

Ислам әлемінде һижри жыл санауының ІІ ғасырынан бастап бой көрсете бастаған адасқан мәзһабтарға, соның ішінде әсіресе ақылды көбірек қолданатын муғтазилә мәзһабына классикалық әдіспен төтеп беру біршама қиынға соқты. Мұндай әдіспен әһлу сүннет сенімін қорғау жеткіліксіз еді. Классикалық, яки дәстүрлі әдісте ақыл ақида мәселесінде негізгі рөл ойнамайды.  Осыдан келіп, әһлу сүннет сенімін қорғау жолында жаңа бір әдіске мұқтаждық туды. Яғни иман негіздерін түсіндіруде аят пен хадиске қоса, ақылға да орын беру керек болды. Өйткені логикалық талдаулар жасалып, мәселенің мазмұнын ашу, мақсатын түсіндіре білу қажеттілігі туды. Осы бағытта матуриди және әшғари мектептері қалыптасады.

Имам Матуриди ақылға біршама мән бергенімен, мутәшабиһ (ұғымын Алла мен Оның Елшісі білетін) аяттардың тәпсіріне келгенде шариғаттың шеңберінен шықпаған. Мысалы: «Ол Рахман, ғаршыны меңгерді» мағынасындағы «Таһа» сүресі, 5-аятындағы «истауа» сөзі мутәшабиһ аят болғандықтан, бұл сөзді түсіндірген кезде алдымен аят жайында түрлі тәуилдер жасаған кісілердің көзқарасын айта келіп, мынадай тұжырым жасайды: «Бұл мәселедегі біздің ойымыз Алла Тағала «Еш нәрсе Оған ұқсамайды» (42. «Шура» сүресі, 11-аят) деп, айтқан сөзі арқылы Алланың жаратылғандарға ұқсамайтындығын білдіруде. Алла жаратылғандарға ұқсаудан пәк. Біз де жоғарыда Алланың фиилінде және сипатында ұқсастықтан пәк екендігін айтып өттік. Олай болса, біз Рахманның Аршқа истиуасы жайында Құранда айтылған күйінде қабыл етуіміз керек. Бұл аятты мынадай мағынаға келеді деп айта алмаймыз. Өйткені жоғарыда келтірілген тәуилдердің (жорамалдардың) қандай да біреуі сәйкес келіп қалуы мүмкін болса, дәл солай адамның санасы жете бермейтін басқа да бір мағынаға сай келу ықтималдығы да бар».

Имам Матуриди мутәшабиһ аяттарға түсініктеме беруде шариғат рұқсат еткен және араб тілінің шеңберінен шықпайтын әдісті қолданған. Ал беріректегі бірқатар әһлу сүннет ғалымдары ол аяттарға түсініктеме беруге мәжбүр болған.

Имам Матуридидің өмір сүрген кезеңі Ислам әлеміндегі сенімге байланысты арпалыстың ең өршіген уақыты еді. Имам Матуридидің шыққан жері Мауарауннахр өлкесі болғандықтан, ғалым сол аймақтағы ханафилердің ақида мектебінің имамы атанды.

Имам Матуриди 333/944 жылы Самарқандта дүниеден өткен. Имам фиқһта ханафи мәзһабын ұстанушылардың сенім негіздерін жүйеге келтіруші болып саналады.

Әһлу сүннет фиқһта ханафи, мәлики, шафиғи, ханбали болып бөлінсе, сенім мәселесін матуриди және әшғари мектептері қарастырды. Қазіргі кезде әлемдегі сүннит мұсылмандардың жартысынан көбі (шамамен 53%) ханафи мәзһабын ұстанады. Ал ханафилердің басым көпшілігі имам Матуридидің бір жүйеге келтірген сенім негіздерін басшылыққа алады. Матуридилік мектептің ғұламалары бір жүйеге келтірген иман негіздері негізінен,  Орта Азия, Түркия, Балқан түбегіндегі, Қытай, Үндістан, Пәкістан аймағындағы мұсылмандар арасында кеңінен жайылған.

Матуриди мектебінің ғалымдары: әһлу сүннет ақидасын имам Матуриди бір жүйеге келтіргеннен кейін осы жолмен жүруші ғалымдар бұл жүйе мен әдісті одан ары дамытып, шыңына жеткізді. Матуридилік жүйе мен ұстанымды ұстанушы және осы жолда еңбек жазып аты шыққан көптеген ғалымдар болды. Солардан ішінде ең танымалылары мыналар:

Хаким Самарқанди (қ.б. 342/953 ж.); Садрул-Ислам Мұхаммед Пәздауи (қ.б. 493/1000 ж.); Әбул Муин ән-Нәсәфи (қ.б. 508/1111 ж.); Омар Нәсәфи (қ.б. 573/1142 ж.); Әбул Бәракат Хафизуддин Нәсәфи (қ.б. 710/1310 ж.); Ферғаналық Сиражуддин Али ибн Осман әл-Уши (қ.б. 575/1179 ж.);  Бұхаралық Нуруддин әс-Сабуни (қ.б. 580/1184 ж.); «Ибн Һуммам»; Муртаза Зәбиди (қ.б. 1205/1790 ж.); Сарахси, Ибн Абидин, Кәсәни, Мулла Алиюл Қари, Тафтазани.

Имам әл-Әшғари

Әшғарилік мектептің құрушысы Әбул Хасан Әли ибн Әби Бишр Исхақ әл-Әшғари һижраның 260/м.873 жылы Басра қаласында дүниеге келді. Имам Әшғари әйгілі сахаба Әбу Мұса әл-Әшғаридің (қ.б. 44/665 ж.) ұрпағы.

Имам Әшғари 40 жасына дейін муғтазилә мәзһабының сенімін (ақидасын) ұстанады. Сол уақытқа дейін муғтазилә қағидаларын үйрету және оны өзгелерден қорғаумен айналысады. Имам Әшғари 40 жасқа келгенде муғтазилә мәзһабын тастап, Ахмад ибн Ханбалдың жолымен жүрген мухаддистер жағына өтеді. Имамның муғтазилә мәзһабын не үшін тастағандығы жайлы ғалымдар түрлі себептер айтады. 40 жасына дейін муғтазилә түсінігін үйреніп, сол жолда күресіп келген имам түсінде Хазіреті Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарды көреді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түсінде оған дұрыс жолды түсіндірмегенін айтқан екен. Содан бастап муғтазилә жолын тастап, мухаддистердің, яғни әһлу сүннет жолын ұстануға көшеді.

Имам Әшғари өмірінің қалған кезеңін әһлу сүннет жолында өткізеді. Муғтазиләні тастағанымен, ол өзінің Исламға деген қызметіне қаяу түсірмейді. Керісінше, дін жолындағы ізденісін еселей түседі. Ол кісі ең алдымен өзі шыққан муғтазиләға қарсы күреседі. Әһлу сүннет ақидасын қорғау үшін  муғтазиләнің өз тәсілдерін өзіне қарсы қолданады. Имам Әшғари муғтазилә ағымын өте жақсы білгендіктен олардың әлсіз тұстарын пайдаланып, идеологиялық тұрғыдан қатты тойтарыс береді.

Имам Әшғари тек муғтазилә ағымына ғана емес, сонымен қатар адасқан мұсылмандарға, пәлсафашыларға, өзге діндегілерге қарсы Исламның иман негіздерін қорғады. Оның пікірлері мен ұстанымы тез арада Ислам әлемінің түкпір-түкпіріне тарап, мұсылмандардың көпшілігі имам Әшғаридің бір жүйеге келтірген иман негіздерін ұстануға көшеді. Имам Әшғари 324/936 жылы Бағдатта дүние салды.

Қазіргі таңда әлемдегі сүннит мұсылмандардың 13%-ын құрайтын мәликилердің барлығы, 33%-ын құрайтын шафиғилердің төрттен үші, ханафилер мен ханбалилердің азғана бөлігі имам Әшғаридің қалыптастырған иман негіздерін ұстанады. Әшғарилік жолдың кең тараған аймағы Хижаз, Солтүстік Африка, Мысыр, Ирак және Сирия өлкелері болып табылады.

Әшғарилік мектептің өкілдері: Әшғари мектебінің ең танымал ғалымдарын атап айтар болсақ, олар: Ибн Фурақ (қ.б. 400/1009 ж.), Әбу Бәкір Мұхаммед Бақиллани (қ.б. 403/1013 ж.), Имамул Харамәйн әл-Жууайни (қ.б. 478/1085 ж.), Ғаззали (қ.б. 505/1111 ж.), Шәһристани (қ.б. 548/1153 ж.), Амиди (қ.б. 631/1233 ж.), Фахруддин Рази (қ.б. 606/1210 ж.), Қады Бәйдауи (қ.б. 685/1286 ж.), Адудуддин әл-Ижи (қ.б. 657/1355 ж.), Тафтазани (қ.б. 793/1390 ж.), Сайд Шариф әл-Журжани (қ.б. 816/1413 ж.) және Жалаләддин әд-Даууани (қ.б. 908/1502 ж.)[12], ән-Нәуәуи, Ибн Хажар әл-Асқалани, әш-Шатиби, Ибн Дақиқ әл-Ид, әл-Қуртуби сынды ғалымдар.

материал «Мәзһабтар тарихы» кітабынан алынды

ummet.kz

Бөлісу: