26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Ақиданың қамтитын тақырыптары

Ақиданың қамтитын тақырыптары

Ақида
Жарнама

Ислам сенімі бойынша, адамзатқа жіберілген діндердің сенім негіздері уахиға сүйенгендіктен, барлық иләһи діндерде иман негіздері бірдей. Яғни, Хазіреті Адамнан (а.с.) соңғы пайғамбар Мұхаммедке (с.а.у.) дейінгі адамзат үшін жіберілген діндерде иман негіздері өзгерместен бірдей болып келгендігін жоғарыда айтып өткенбіз. Құран Кәрімде барлық пайғамбарлардың түсіндірген, уағыздаған ақидасының негізгі іргетасын таухид сенімі құрайтыны айтылады (Әнбия-25 аятқа қараңыз). Пайғамбарлардың уағыздаған амалдық және ахлақтық үкімдері Аллаһтың әмірімен кейде өзгертіліп отырған.

Өйткені, кейінгі шариғат алдыңғы шариғаттың қандай да бір амалдық үкімін алып тастаған немесе жаңадан үкім қосқан. Ал, ақидада мұндай өзгерістер болмаған. Құранда Хазіреті Пайғамбарымызға (с.а.у.) жіберілген уахидің алдыңғы пайғамбарларға жіберілген уахиға ұқсас болғандығы және оған уахи етілген кітаптың алдыңғы қасиетті кітаптарды растағандығы жайында баян етіледі:«(Мұхаммед с.а.у.) Нұх (а.с.) және одан кейінгі пайғамбарларға уахи еткеніміздей саған да уахи еттік» (4. Ниса-163) және «(Мұхаммед с.а.у) Сондай саған біз уахи еткен Құран, ол хақ. Алдыңғыны қуаттаушы. Әрине Аллаһ құлдарынан анық хабар алушы, тым қырағы» ( 25. Фатыр-31).

Ислам ақидасын құрайтын негіздер Құран Кәрім мен хадистерде ашық түрде білдірілген. Құранда Аллаһқа, пайғамбарларына, кітаптарға, періштелерге, ақыретке, тағдырға иман ету мәселесі айтылған соң, басқа аяттарда оларға қосымша мағлұмат беріледі. Хадис кітаптарында да, иман негізіне байланысты көптеген баптарда да бұл жайында айтылады.

Ислам ақидасының тақырыптарын екі бөлімде қарастыруға болады:

1. Нақты дәлелмен бекітілген сенім негіздерінің бірін қабыл етпеу нәтижесінде күпірлікке апаратын сенім негіздері. Яғни, әмәнтудегі иман негіздеріне қатысты қандай да бір мәселені қабылдамау күпірлік болады. Мәселен, күллі пайғамбарларды қабылдап, соңғы пайғамбар Хз. Мұхаммедті (с.а.у.) қабылдамау күпірлік.

2. Мутауатир (дұрыстығына күмән болмаған) дәрежесіне жеткен сенім негіздерін қабыл етпеген жағдайда күпірлікке апармайтын негіздер. Мысалы, ақырзаманмен байланысты болатын оқиғалардың біреуін қабыл етпеу күпірлік болып есептелмейді. Айталық ақырзаман таянғанда Дажжалдың келіп-келмеуіне қатысты кез-келген бір хабарды терістеу күпірлікке жатпайды.

Ақиданың үкімдері замана ағымына және қоғамның даму ерекшелігіне қарай өзгермейді, жеке дара бөліп алып сенуді де қабылдамайды.

материал «Иман негіздері» кітабынан алынды

ummet.kz

Бөлісу: