26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Қиямет-қайым және оның уақыты

Қиямет-қайым және оның уақыты

Ақида
Жарнама

О дүниелік өмір қарсаңында бұл дүниедегі тіршілік атаулы бүтіндей тоқтайды. Мұны яғни, тіршіліктің тоқтау мерзімін «қиямет қайым» дейді. Қиямет қайымның болатындығын жер бетіндегі күллі діндер қабыл етеді.

Өйткені, әлемнің жаратушысы Алла ерте ме, кеш пе қиямет қайымды болдырады. Құран аяттары да бұл мәселені ап‑айқын растай түседі: «Әй, адам баласы! Раббыларыңнан қорқыңдар. Расында қияметтің сілкінісі үлкен нәрсе. Ол күні әр емізушінің емізгенін ұмытқанын және әрбір буаз жәндіктің іш тастағанын көресің. Адамдарды мас түрде көресің. Негізінде олар мас емес. Бірақ Аллаһтың азабы қатты» (22.Хаж, 1-2).

«Ол күні аспан еріген кен сияқты болады. Таулар түтілген жүндей болады. Дос достың халін сұрамайды» (70.Мағариж, 8-10).

«Көк жарылған сәтте. Жұлдыздар төгілген сәтте. Теңіздер тасыған сәтте. Қабірлер қопарылған сәтте. Әркім алдындағы және артындағы нәрселерді біледі» (82.Инфитар, 1-5).

«Қияметтің күні қашан болады? – деп сұрайды. Қашан көз шағылысқан, ай тұтылған, күн мен ай бір араға келтірілген кезде. Адамдар сол күні: «Қашар жер қайда?» - дейді. Жоқ, әсте пана жоқ. Ол күнгі тұрақ Раббыңның алды» (75.Қиямет, 6-12).

Жоғарыдағы аяттарда қиямет қайымның адам шошитын аса қорқынышты болатындығының бір қырын Алла Тағала алдын ала адамзатқа білдіріп отыр. Егер мұншалықты дәлелге сенбеген адам болса, ондай пендеге Алла жәрдемші болсын деуден басқа айтар сөзіміз жоқ.

Құранда қияметтік кезеңмен байланысты мынадай сөздер бар: әс-Саат (уақыт), әл-Уақия, (нақты түрде болатын), әт-Тамматул кубра (үлкен апат, үлкен азап), әл-Хаққа (ақиқат болған), әл-Ғашия (азабымен бірден елді орап әкететін), әл-Қария (орайтын азап).

Енді қиямет қайымның уақытына келер болсақ, бұл жайында ешбір пенденің, тіпті Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбар мен оған уахи әкелген Жәбірейлдің, Сурға үрлеуші Исрафилдің де мағлұматы жоқ. Қиямет қайымның қашан болатындығын жалғыз Алла ғана біледі. Бұл жайында Құранда Аллаһ былай дейді:«Әрине, қиямет мерзімінің мәліметі Алланың қасында» (31.Лұқман-34).

«Қиямет мезгілінің мәліметін тек Аллаһ біледі» (41.Фуссилат-42).

«(Мұхаммед (с.а.у.)) Олар сенен қияметтің қашан болатындығын сұрайды. Шынында оның мәліметі Раббымның қасында. Оның уақытын Өзі ғана білдіреді. Көктер мен жердегі ауыр жағдай сендерге кенеттен-ақ келеді де. Сен оны зерттеп отырғандай сұрастырады. Шынында оның білімі Алланың қасында, бірақ адамдардың көбі оны түсінбейді деп айт» (7.Ағраф-187).

Жоғарыда Хазіреті Пайғамбарымыздың бір хадисінде Жәбірейіл періштеге қиямет қайымның қашан болатындығын білмейтіндігін айтқаны жайлы сөз қозғалған болатын. Яғни, Жәбірейіл періште бейтаныс бір адам кейпінде Хазіреті Пайғамбарымыздан «Ислам, иман, ихсан және қиямет» хақында сұрайды. Сонда соңғы сұраққа қатысты Хазіреті Пайғамбарымыз: «Сұралушы кісі сұрап отырған кісіден артық білмейді», - деп жауап береді. Мұнан түйетініміз, мұсылман үшін қияметтің қашан болатындығынан гөрі оның мәніне үңілу аса маңызды болмақ. Яғни, «қиямет болып қалса, мен о дүниеге нендей рухани байлығыммен барамын?», «амалдарымның сауабы қаншалықты?», «біліп-білмей істеген үлкенді‑кішілі күнәләріме толықтай тәубе ете алдым ба?» деген секілді иман мәселесіне қатысты сан сұраққа бас ауыртып, соған қарай құлшылығыңызға адал болып, ақыреттің қамын ойлай түскеніңіз абзал. Себебі, қиямет Алланың қалауымен болатындықтан күтпеген уақытта келуі де ғажап емес.

материал «Иман негіздері» кітабынан алынды

ummet.kz

Бөлісу: