26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

«АЖАЛ» мәселесі (АҚИДА)

«АЖАЛ» мәселесі (АҚИДА)

Ақида
Жарнама

Өлім хақ және ол әрбір жаратылған жандының ақыры. Алла тағала Құран Кәрімде ол жайлы: «Өзекті жанда өлмейтін пенде жоқ. Сендердің игілікті істеріңнің бодауы қиямет күнінде толық қайтарылады...» («Әл Имран» сүресі, 185-аят), – дейді.

Асыл дініміз Исламның мызғымас наным-сенімінің бірі өлім мен өмірді беруші бір Алла Тағала деп иман келтіру. Ешбір жан баласы өз өміріне аз да болса мерзім қосып немесе оны қысқартып тастай алмайды. Бұл жайында Алла Тағала Құранда: «Ол (Аллаһ), іс-амалда қайсыларың жақсы екенін сынау үшін өлім мен тіршілікті жаратқан», («Мүлк» сүресі, 2 -аят) десе, сол секілді «Әрбір үмбеттің белгілі мерзімі бар. Олардың мерзімдері келгенде оны бір сағат кешіктіре де, ілгерілете де алмайды» - дейді. («Ағраф» сүресі, 34-аят).Қайсыбір адамның өмірге келуі Жаратушының бол деген сөзімен іске асқаны секілді, өмірден озуы да Алла Тағала белгілеп берген мерзімнің аяқталуымен болатыны ақиқат. Осыған байланысты Әһлі сүннет ғалымдарымыз: «Кісі дүниеден өз уақыты келіп қайтса да немесе кісінің қолынан қайтса да Алла Тағаланың белгілеп қойған мерзімінде қайтады» деген. Абдуллаһ ибн Масғұдтан (р.а.) жеткен риуаятта Алла елшісі (с.а.у.): «Анығында ана құрсағына түскен адам ұрығы қырық күн жиналады. Тағы бір қырық күнде ұйыған қан болады. Сосын тағы бір қырық күнде кесек етке айналады. Содан кейін Алла тағала періштеге ол кісінің рыздығын, ажалын, бақытты және бақытсыздығын жаздырады. Сосын ол періштені төрт істің тағдырымен жібереді...» деп, адам баласының ажалы тағдырында жазылып қойылғанын, кесімді уақытынан өзгермейтінін айтады. (әл-Бухари).

Кейде кісі қолынан немесе жол апатынан қаза тапқан кісіні «Ажалынан  бұрын өліпті» деп жатады. Сонда қайтыс болған кісі тағдырда жазылған уақытынан бұрын қайтыс болып, тағдыры өзгерген бола ма? Осыған байланысты Имам әл-Баздауи: «Өлтірілген адам өз ажалымен өлмеді. Ол ажалынан бұрын өлді» деу дұрыс емес. Өйткені, Қасиетті Құран Кәрімде: «Әркімнің ажал уақыты келгенде бір сәт кешіктірілмейді және ілгері де жылжымайды» («Әғраф» сүресі, 34-аят) деген. 

Сол сияқты Хазіреті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өмірді ұзартатын амалдардың бар екендігі жөнінде айтылатын хадистері бар. Бұған мысал ретінде садақа беруді айтуға болады. Расында да адам садақа беру, не басқа да қайырлы амалдар, дұғалар жасау арқылы ғұмырын ұзарта ала ма? Әлбетте, ұзарта алмайды. Себебі әу баста пенденің ғұмыры белгіленгенде, Алла оның не істейтіндігін, садақа беріп-бермейтіндігін, нендей қайырлы амалдар жасайтындығын, немесе жасамайтындығын білген. Пенденің өлшеулі ғұмыр жасы да соған қарай белгіленген. Осы мәселеге байланысты Имам Әбу Мансур әл-Матуриди (р.а.): «Алла тағала әзали шексіз ілімімен құлының туыстарымен жақсы қарым-қатынас жасайтынын да, жасамайтынын да біледі. Алдын-ала толық білгендіктен құлының тағдырына ұзақ ғұмыр кешуді жазды. Оның өмірі туыстарымен жақсы қарым-қатынаста болғаны үшін ұзармайды. Яғни, құлдың туыстарымен жақсы қарым-қатынаста болуы тағдырдағы жазмышты өзгертті, өмірін ұзартты деу дұрыс емес. Сол сияқты Алла тағала бір адам екінші бір адамды өлтіретінін біледі. Білгендіктен, тағдырын «Лаухуль махфузда» солай жазды. Бұл жазмыштан асып, Алланың қалауынсыз бір адам екінші бір адамның жанын қалай алмақ? Егер бұлай айтар болсақ, Алла тағала бір істің соңғы нәтижесінен хабарсыз, әрі уәделі ісін толық орындай алмады деген боламыз. Бұл Алла тағаланың өлтіріп, тірілту үкімдарлығын құлға беріп, Оған кемшілік сипатын берген боламыз. Ал адам өлтіру Алла тағала тыйым салған күнәлі іс. Қандықол сол қылмысы үшін жазаланады. Оның бұл қылмысы біреуді ажалынан бұрын өлтіру емес, тек ажалына себеп болу ғана» - деп жауап береді.

Демек, адам баласының қашан өлетіні Алла тағаланың шексіз білімімен «Лаухуль махфузда» жазылып, Жаратушының құдіретімен іске асады. Адам өз ажалымен өледі. Оны біреудің өлтіруі – ауру сияқты өлімнің бір себебі ғана.

Бәріміз де пендеміз. Өлім – хақ. Алла тарапынан белгіленген мерзім қашан және қайтіп келері белгісіз. Әр мұсылман қамшының сабындай қысқа өмірде бірін-бірі сыйлап, Алланың әмірін орындауға және  қоршаған ортасына пайдалы болуға бұйырылған. Алла Тағала барша мұсылман бауырларымыздың ғұмырын ұзағынан жазсын.

Төлеген Керумбаев,

«Әлжан ана» мешітінің наиб имамы

Бөлісу: