«Ей, Расулым! Нәпсінің қалауын өзіне тәңір еткен адамды көрдің бе? Енді оған сен өкіл боласың ба?» (Фурқан сүресі 43-аят) - деп ескертсе, Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Үмметім үшін ең көп қорқатын нәрсем – нәпсілерінің әуесіне ұюы,» (Суюти, Жамиус-Сағир І, 12) - дейді.
Осы себептен нәпсінің тәзкиесі – әр мүмин үшін өте өмірлік мәні бар әрі үлкен жауапкершілікті қажет ететін жағдай. Бұл жауапкершілікті Алла Тағала Құран Кәрімде: «Әлбетте, нәпсісін тәзкие еткен (жамандықтардан арылтқан) бостандықта болады. Оны жамандыққа батырған зиянға ұшыраған» (Шәмс сүресі 9-10 аяттар).
Яғни, нәпсісін тәрбиелеп икемге келтірген сәлеметпен жолын табады, керісінше оны қиқарлық пен асаулықта қалдырған мәңгілік қайғы мен зиянға тап болады. Байқағанымыздай, нәпсі өзіне өлшеусіз бағынған иесін мәңгілік пәлекет пен қасіреттің жолаушысы қылса, тәрбиеленіп, бақылауға алынған жағдайда иесін періштеден де жоғары мәртебеге жеткізетін теңдессіз көлік іспеттес болады.
Екінші жағынан қайыр, садақа, қызмет сияқты салих (ізгі) амалдар да сырттай қарағанда басқаға пайда тигізетін секілді көрінгенімен, іс жүзінде өз нәпсісіне туралықты, жақсылық пен қайырды үйретеді. Өйткені, жақсылықтар жүрекке осылайша орнығып, рух осыларға үйренеді. Салих амалдармен қатар, сөздің ең тамашасы, ең дұрысы – Құран Кәрімді оқып, насихаттарын жан құлағымен тыңдау әрі үкімдерімен амал ету де нәпсіні тәрбиелеу ісіндегі ең күшті ықпалдардың бірі болып табылады. Өміріне толықтай Құранмен бағыт берген жан нәпсінің жаманшылығы мен шайтанның азғыруынан құтылып, тек қана
Хақ Тағаланың ризашылығын күтумен өмір сүреді. Мұндай жанның жүрегі иләһи сыйға бөленеді. Осы дәрежеге жеткен құлға енді көз көретін, құлақ еститін сыртқы әлемнен тыс, оның ішіне қарай рухани бір терезе ашылып, әлем – хикметтері керемет бір кітапқа айналады.
Олай болса, күллі мұсылман баласының Құран Кәрімдегі иләһи бұйрықтар мен тиымдардан бейхабар қалып, мәңгілік бақыты мен сәлеметіне қауіп төндірмегені жөн.
материал «Иманнан ихсанға» кітабынан алынды,
ummet.kz